02
Бейсенбі,
Мамыр

һижри

Харам ас – жаман мінез-құлықтың қалыптасуына себепші

Харам ас – жаман мінез-құлықтың қалыптасуына себепші

Ислам тарихы

Үнемі адал аспен қоректенетін пенденің жүрегі жұмсақ, Хаққа жақын, айналасына зиян шектірмейтін, ойы тұнық, санасы сергек болады. Ал ұдайы хараммен қоректенетін, киінетін адам болмысы жамандыққа бейім, жан дүниесі қара тастай қатайған, дөрекі, нәпсіқұмар һәм зұлымдықтың дәнін егуші, қысқасы күллі залымдық атаулыға жаны құмар болып келеді. 

Мәулана Руми: «Ілім де, хикмет те, Аллаға деген ғашықтық та, шынайы мейірімділік те ішіп-жемнің адал болуына байланысты. Асқазанға түскен бір түйір ас бойда қызғаныш пен арамзалықты оятса, надандық пен ғапылдыққа берілуге сеп болса, онда мұндай ас – харам. Бидай егіп, арпа жиды дегенді естідің бе?»,-деген екен. Сондықтан  Мәулана тақуалық тамыры тереңге жайылған, ізгі адам болудың жолдарын адал аспен тығыз байланысты екенін дәйектейді.

Әли ибн Әбу Талиб (р.а.): «Көркем мінез үш қасиетпен келеді: харамнан аулақ болу, халалды талап қылу және отбасына кеңпейілді болу»,-деп айтқан.

Суфиан Сәури  былай дейді: «Харам ақшамен садақа берген, мешіт салдырған, жақсылық істеген адам, кірлеген киімді зәрмен жуған адамға ұқсайды. Киімі одан сайын кірлейді».
Сәһл бин Абдуллаһ Тустәри: «Харам жегендердің жеті ағзасы ол адам қаласа да, қаламаса да күнә істейді. Халал жегендердің ағзасы ғибадат етеді. Ол адамға жақсылық жасау оңай әрі ләззатты болады» дейді.

Жалпы руханият шыңына жеткен сергек саналы, салиқалы адамдардың өзі тіпті күмәнді нәрселердің өзінен сақтанған.

ummet.kz

Бөлісу: