16
Бейсенбі,
Мамыр

һижри

Құранды тек қазақша оқысақ не болады?

Құранды тек қазақша оқысақ не болады?

Ислам тарихы

Құранның қазақша аудармасы дегеніміз – «Қазақша Құран» деген сөз емес. Ол жай ғана Құранның қазақша мағынасы болады, яғни аудармасы.

Адамдар жазып жүрген кітаптардың өзінде аударма дәл түпнұсқадағыдай әсерлі болмайды. Сол себептен адамдар «Әттең, пәленше деген тілді білгенімде ғой. Түгеншенің кітабын сол қалпында түпнұсқасынан оқитын едім...» Тіпті Виктор Гюгоны оқу үшін француз тілін, Гете үшін неміс тілін үйренгендер бар.

Тақырыбымыз Алланың кәламы Құран болғандықтан, біз де оның мағынасы мен түпнұсқасы арасындағы жер мен көктей айырмашылықтарға тоқталып көрсек. Өйткені бірінде Алланың қалауымен түскен тіл, ал екіншісі – әлдебір тілдегі сол сөздердің баламасы. Осы себептен Құранның мағынасы – оның тек аудармасы ғана болып қалады. Бірақ бұл – «мағынаны» жоққа шығарғаным емес!

Құранның мағынасын білу өте маңызды. Дүниенің қай бұрыбұрышында, қандай тілде сөйлейтін мұсылман болсын Құранның мағынасын оқуға, онымен амал етуге ұмтылуы керек. Өйткені Раббымыз Құранда: «Бұл Құран – адамдарға алдын-ала ескертілсін әрі Оның жалғыз Құдай екенін білсін деген мақсатта (жолданған иләһи) үндеу. Сондай-ақ саналы, зерделі жандар да ойланып, ғибрат алсын деп жолданған ұлы үндеу» («Ибраһим» сүресі, 52-аят) деген болатын.

Құран араб тілінде түсті екен деп оны тек арабтар оқысын деуіміз мүлде қате болады. Ардақты Пайғамбарымыздың адамзатқа ортақ тұлға болғаны секілді, Құран да адамзатқа ортақ кітап. Олай болса, жер бетіндегі барлық адам Құранды үйренуге, түсінуге ұмтылуы керек. Бұл үшін барлық адам араб тілін үйренуі керек, болмаса Құран барлық тілге аударылуы керек. Біріншінің мүмкін емес екенін ескерсек, Құран жер бетіндегі барлық тілге аударылса дұрыс болады. Құран жер жүзіндегі көптеген тілдерге осы себептен аударылды. Оны мұсылман кісі де, мұсылман емес адам да оқи алады. Тіпті Құранның мағынасын аудармадан оқып, мұсылман болып жатқандар қаншама!

Мәселен, поп-музыка жұлдызы Кэт Стивэнс Ислам дінін қабылдап, өзіне Юсуф деген атты таңдап алды. Әрине оның бұлай жасауына ағылшынша Құранның аудармасы мен «Юсуф» сүресінің әсері болғаны анық.

Құран осындай мұғжиза кітап. Оның аудармасының өзі санаға әсер етіп, рухты қуаттандырып, адамдардың өмірін өзгертуге қауқарлы. Мәңгі сөнбейтін асыл Құран қияметке дейін Исламның нұры, адамдардың жолбасшысы болып қалары анық.

материал «Құран туралы білгім келеді» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: