28
Жексенбі,
Сәуір

һижри

Қиямет белгілерінің хадистерде айтылуы

Қиямет белгілерінің хадистерде айтылуы

Ислам тарихы

Қиямет-қайым мен қияметтің белгілері жайында аяттарда айтылған жайттар хадистерде де келтіріліп, тереңірек түсіндірілген. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қиямет-қайым орнайтынын, қияметтің белгілері мен оның жақын қалғандығын айтқан, өзінің қияметтің алдында келген соңғы пайғамбар екеніне баса назар аударған.

Қиямет-қайымның жақындағаны мен өзінен кейін қияметке дейін ешбір пайғамбар келмейтінін білдіру үшін Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сұқ саусағы мен ортаншы саусағын біріктіріп: «Қиямет пен менің арамыз осыншалықты жақын» деген. Басқа бір риуаятта «Мен қиямет-қайым орнайтын уақытта жіберілдім. Тек қана мына саусақтың кейінгісінен бұрын тұрғаны секілді мен қиямет уақытынан біраз ертерек келдім» деп сұқ саусағы мен ортаншы саусағын көрсеткен.

Алла Расулы (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қиямет уақыты жақындағанын білдіргенімен, оның қашан орнайтынын тек Алла білетінін айтқан. Өзінен бұл жөнінде сұрағандарға тек қана қияметтің белгілері туралы білетіндерін және оған білдірілген ақиқаттарды жеткізіп отырған. Танымал «Жәбірейіл хадисінде» Жәбрейіл періштенің (аләйһис-сәлам) «Қиямет қашан болады?» деген сұрағына «Сұралған сұраушыдан артық білмейді» деп жауап берген. Жәбірейіл (аләйһис-сәлам) белгілерін сұрағанда, олардың бірнешеуін атап шыққан. Осылайша Алла Елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сахабаларының қиямет уақыты туралы сұрақтарына қорытынды жауабын бергендей болды. Алайда қиямет-қайым сахабаларды әрдайым алаңдатқан. Қияметтің қорқынышынан Аллаға сиынумен болған. Қияметтің белгілері сол кезеңде көрініс беріп, олардың рухани өміріне залалын тигізуінен қорыққан.

Бір күні сахабалар өз араларында әңгімелесіп отырғанда Алла Елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жандарына келіп, не жайында сөйлесіп отырғандарын сұрады, олар қиямет тақырыбын қозғап отырғандарын айтады. Сонда Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Сендер мына он нәрсені көрмейінше қиямет-қайым болмайды деді: тұман (түтін), Дажжал, Даббатул арз, Күннің батқан жерінен шығуы, әзірет Исаның (аләйһис-сәлам) көктен түсуі, Яжуж-Мәжуждың шығуы, шығыс жақтағы бір жердің шөгуі, батыс жақтағы бір жердің шөгуі, Араб түбегіндегі бір жердің шөгуі және Йеменнің Аден жазығының ең шалғайынан бір от шығып, ол от барлық жерді өртеп отырып, адамдарды махшарға дейін алып баруы» деді. Хадистің базбір риуаятында 

әзірет Исаның (аләйһис-сәлам) түсуінің орнына «адамдарды теңізге итеретін дауыл» айтылған. Бұл хадисте айтылғандар – «қияметтің үлкен белгілері» деп аталып, ең көп еске алынатындары. Хадистерде жоғарыда аталған он белгіден басқа да қияметтің белгілері айтылған.

Хадис ғалымдары хадис кітаптарында қияметтің белгілері жайындағы хадистерді әртүрлі тарауларда жинақтаған. Китабул-Қиямә бөлімі «Кутуб ситтә» жинағында Муслимнің «Сахих» кітабы мен Тирмизидің «Сунән» кітабында орын тепкен. Қияметтің алдында болатын үлкен соғыстарды сипаттаған «Мәләхим» бөлімі Әбу Дәуіттің «Сунән» кітабында жазылған. Әбу Дәуіттің Сунән кітабында қияметтің айтулы белгілерінің бірі саналған Мәһди жайлы арнайы бөлім де бар. Қияметтің белгілеріне байланысты хадистердің бірқатары хадис кітаптарының «Китабур-Риқақ» атты бөлімінде жинақталған.

Хадисші ғалымдар қияметтің белгілеріне байланысты хадистерді көбіне фитналар жайындағы жеке кітаптарда және хадис жинақтарының «Фитналар» бөлімдерінде келтірген. Фитналар тақырыбымен мемлекет басшысы мен араларындағы басқарушыларға қалай қарым-қатынас жасау қажеттігі, мұсылмандардың өзара соғыстары мен тәртіпсіздік жайлаған кездегі әрекет, болашақта орын алатын қиындықтар мен қияметтің белгілері секілді жайттар қолға алынған.

Араб тілінде әртүрлі мағынада қолданылатын фитна сөзінің көбіне келетін мағынасы – қиындыққа ұшырату, сынақ. Ал сөздің тура мағынасы «бір нәрсені жағу, отқа тастау» дегенге саяды. Саф алтын мен қоспаны айыру үшін алтынның отта қыздырылуын сипаттайтын сөз ретінде қолданылады. Фитна діни термин ретінде «адамның жақсы-жаман қасиеттерінің айқындалуына себеп болатын жайттар» түсінігінде қабылданған. Металды отқа қыздыру арқылы қалайша алтын мен қоспаны ажырататын болса, дәл солай фитналар да адамдардың жақсы не жаман екенін айырып, шынайы бейнесін көрсететін қиыншылықтар. Әрі адамның фитнаға тап болу арқылы адасушылыққа түсіп, күнәға белшесінен батып масқара болуы меңзелуімен қатар, талас-тартыстар мен кикілжіңдердің шығуы да фитна (бүлік) ретінде есептелген.

Бүгінгі күні қолымызда бар бүлік тақырыбындағы алғашқы жеке-дара еңбек – Нуайм ибн Хаммадтың «Китабул-Фитән» атты кітабы. Мазмұны, тақырыптардың реті мен құрылымы зерттелген уақытта әділетті халифалар, Әмәуилер мен Аббасилерге қатысты деп танылған риуаяттарды тарихи реті бойынша топтастырып, реттегенін көруге болады. Нуайм ибн Хаммадтың еңбегі он бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім кіріспе ретінде жазылған. Екінші бөлімде сахабалар арасында орын алған соғыстарға қатысты хадистер риуаят етілген. Бұл бөлімнің соңында тілге ие болу, ішкі 

соғыстардан бойын аулақ салу, оңашаланып қандай жағдайлар болып жатқанына қызықпау арқылы фитналардан сақтануға болатынын жеткізеді. Үшінші бөлімде Абдулла ибн Зубәйр, Әмәуилер мен Аббасилердің кезеңдеріне қатысты риуаяттарды келтіре келіп, соңында ол кездегі фитналардан сақтану шараларын көрсетеді. Төртінші бөлімде өзі өмір сүрген кезеңге дейін орын алған бүліктерді атап өткен, бесінші бөлімде Мәһдидің келуіне байланысты айтылғандарды жеткізген, алтыншы бөлімде Стамбулдың азат етілуі жайындағы риуаяттарды, жетінші бөлімде Дажжалдың шығуының алғышарттарын келтірген, сегізінші бөлімде Исаның (аләйһис-сәлам) Дажжалды өлтіруі мен Дажжалдан қорғанудың жолдарын және Яжуж-Мәжуж қауымын сипаттаған, тоғызыншы және оныншы бөлімдерде қияметтің дәл алдында орын алатын белгілері хабарланған хадистер риуаят етілген. Автор кейбір бөлімдердің соңында сол бөлімде сипатталған фитналардан сақтану жолдарына қатысты насихаттар қамтылған хадистерді келтірген. Солайша, адамдардың үмітсіздікке түсуінің алдын алып, фитналардан сақтанудың шараларын дәл сол фитналардың артынша көрсете кетуді мақсат тұтқан. Оның еңбегінің аса маңызды тұстарының бірі – бүліктерді топтастырып жазғанындай, фитналардан сақтану жолдарын да топтауы. Алайда фитналардан сақтану жолдарының арасында сырт көзге бір-біріне қарама-қайшы болып көрінетін насихаттар бар. Мысалы, фитна жайлаған шақта оңашалануға кеңес берген хадистер сахабалардың арасында орын алған бүліктерге қатысты екенін, ал керісінше қоғаммен бірге болуды кеңес еткен хадистердің кейінгі жағдайларға байланысты екендігін айта келіп, бұл тақырыптағы қарама-қайшы секілді көрінген хадистерді ақылға қонымды түрде жорамалдап берген.

Нуайм ибн Хаммад аталған еңбегінде бақыт ғасырынан кейін болып өткен, Ислам үмбетіне қатысты, жағымды-жағымсыз, қоғамдық-саяси оқиғаларды және белгілі-бір адамдарға байланысты риуаяттарды бір жерге жинақтаған. Оның еңбегін саралап қарағанда, Алла Расулының (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) болашаққа қатысты айтқан жағымсыз хабарларын жеткізу үшін фитналар жайлы тақырып алғаны түсінікті болады. Нуайм ибн Хаммадтың бұл еңбегінің кейін жинақталған хадис кітаптарына үлкен әсері болған. Фитна жайлы риуаяттар сол кітаптың мазмұнына қарай реттелген деуге келеді. Нуайм ибн Хаммад хадисші ретінде толық мойындалмаса да, оның жеке тұлғасы мен сүннетке берілгендігі хадисшілерге әсер еткендігі айқын.

Хадистер тарауларға бөлініп, реттестірілген алғашқы еңбектердің бірі Имам Маликтің «әл-Мууатта» атты кітабында фитналар бөлімі бар. Фитналарға байланысты кейбір хадистерді кітабының әртүрлі бөлімдерінде келтіріп өткен.

Зерттеулерге сүйенсек, фитналар тақырыбымен жазылған хадистер ең алғаш Абдураззақ ибн Хаммамның «әл-Мусаннаф» атты еңбегінде жинақталғанын біле аламыз. Абдураззақ «Фитна» тарауы тақырыбымен 33 хадис келтіреді. Оның ішінде мұсылмандар арасындағы ішкі соғыстарға тыйым салынған, болашақта бүліктер жайлайтындығын хабарлаған хадистер риуаят етіледі. Содан кейін «фитна кезеңіндегі адамдардың ең жақсысы» атты тарауда 3 хадис жазылған. Кейінгі тарауларда «Кутуб ситтә» жинағының авторларының фитналар жайлы қозғаған тақырыптары орын алған. «Өткен үмбеттердің жолын қумаңдар» тарауында 6 хадис, Мәһди тарауында 11 хадис, «қияметтің белгілері» тарауында 32 хадис, «гректерді жазғыру» тарауында 5 хадис, Дажжал тарауында 23 хадис, «Әзірет Исаның жерге түсуі» тарауында 7 хадис, қиямет тарауында 5 хадис және Хауыз тарауында 4 хадис келтіріліп, барлығы 129 хадис реті-ретімен келген тарауларда риуаят етілген.

Хадис ғалымдарының бірі Ибн Әбу Шайбаның «әл-Мусаннаф» атты еңбегінде фитналар тарауы «Китабул-Фитән» тақырыбымен алғаш рет жеке бөлім ретінде қолға алынғанын көруге болады. Бұл бөлім «Фитна жайлаған кезеңде сыртқа шығуды айып санағандар және Фитнадан бойды аулақ салу» тақырыбымен жинақталған хадистерден басталады. Бұл тарауда 346 хадис риуаят етілген. «Дажжалдың фитнасы» атты екінші тарауда 199 хадис, «Осман жайлы айтылғандар» тарауында 103 хадис келтіріліп, Китабул-Фитәнда жалпы 648 хадис жинақталған.

Һижри үшінші жүз жылдықта жазылған «Кутуб ситтә» атты танымал алты хадис кітаптарының бесеуінде фитналар жайлы хадистер «Китабул-Фитән» бөлімдерінде жинақталған. Тек «Кутуб ситтә» авторларының арасында ең соңғы дүние салған Имам Нәсәидің «Сунән» кітабында фитналар бөлімі келмейді. Хадис кітаптарындағы фитналар бөлімдері зерттелген уақытта бұл тақырып бойынша риуаят етілген хадистердің арасында сахабалар мен табиғин имамдардың бақыт ғасыры жайлы естеліктері мен сағыныштарын жеткізген сөздері де жазылғанын көруге болады. Сонымен қатар болашақта орын алуы ықтимал сойқандарға назарымызды аударған хадистер де сол бөлімде келтірілген. Хадисшілер фитна жайлы келтірген хадистерде Ислам қоғамының келешекте бетпе-бет келуі мүмкін қауіп-қатерлерді хабарлауға тырысқан. Жазылған хадистерді алғаш оқыған сәтте кей адамдарды үмітсіздікке түсіруі мүмкін мәліметтер болғанымен, бұл хабарларды адамдардың үмітін үзіп, ұнжырғасын түсіру үшін емес, керісінше қауіп-қатердің алдын алып, бауырлар арасындағы соғысқа жол бермей, қоғамда татулық пен бейбітшілікті орнату мақсатында жеткізген.

«Кутуб ситтә» авторларының бірі Имам Бұхари «Жамиус-Сахих» атты еңбегінде қияметке қатысты хадистерді Китабур-

Риқақ (81-кітап) және Китабул-Фитән (92-кітап) бөлімдерінде келтірген. Риқақ бөлімінде Аллаға жақындата түсетін ғибадаттар мен адамды адасушылыққа апаратын істер баяндалған. Бөлімнің соңын қияметтің сипаттамасы мен қияметтің белгілеріне қатысты тарауларға арнаған. Автор қиямет жайлы сөз қозғаудағы басты мақсаты адамдарды ақыретке дайындау мен жүректерін жұмсарту (риқақ) екендігін түсіндірмек болады. Имам Бұхари «Китабул-Фитән» бөлімінде 29 тарауда 88 хадис келтірген. Алғашқы екі тарауда фитна сөзінің қандай мағына беретінін түсіндірген риуаяттарды жинақтаған. Бұл тарауларда Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өлімінен соң бидғаттар мен дінге сай келмейтін әрекеттердің орын алатынын хабарлайтын, асхабына қиямет күні хауыз жанында Алла Елшісімен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жолыққанға дейін мұндай бүліктерге сабыр сақтау қажеттігін насихаттайтын риуаяттар келтіріледі. Аталған хадистер тақырыптың кіріспесі ретінде таңдалған. Екінші тарауда Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мұндай фитналардан сақтану үшін сахабаларына сабыр етуді және желінген ақыларын ақыретке қалдыруды кеңес еткен хадистері жазылған.

Бұхари үшінші тарауда Алла Расулының (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Үмбетімнің жойылуы Құрайыштық бір топ жастардың қолымен болатынын» білдірген хадисін тақырып ретінде алған. Төртінші тарауда арабтарды өздеріне төніп келе жатқан фитналардан сақтандырған және Мәдина көшелерінің бүліктерден қаншалықты зардап шегетінін білдірген хадистер жазылған. Бұл екі тарауда сахабалар бетпе-бет келетін фитналар баяндалған. Бесінші тарауда қияметтің алдында орын алатын кикілжіңдер мен адам өлтіру оқиғаларының артуын хабарлайтын риуаяттар келтірілген. Алтыншы тараудың тақырыбы – уақыт өте келе жағдай ушыға түсетінін баяндаған хадистер. Имам Бұхари фитналар жайлаған оқиғаларды, осылай тарихи реттілікпен жинақтап жазған.

Кейінгі тарауларда (7-10) мұсылмандардың өзара соғысатыны және бұл соғыстардан аулақ болу қажеттігі жайлы риуаяттар орын алған. Он бір, он екі және он үшінші тарауларда жамағаттың маңызы туралы баяндайды. Он бірінші тарауда Ислам жамағатынан бір елі айырылмау қажеттігін ескерткен әзірет Хузәйфә (радиаллаһу анһ) риуаят еткен хадис жазылған. Он екінші тарауда фитнаның қолдаушысы болып кетпеу жайлы Ибн Аббастан шәкірті Иқриманың жеткізген «Өлім періштелері (мүміндермен бірге һижрет етуге шамалары жете тұра мүшріктердің арасында қалып, Аллаға серік қосып) өз-өздеріне қиянат жасағандардың жанын аларда: «Қандай іспен шұғылдандыңдар?» – деп сұрағанда» аятының Меккеде қалып, хажрет жасамай, мүшріктердің арасында болған адамдар жайлы түскендігін» білдіретін хадисі келтіріледі. Он үшінші тарау «мұсылманның қайырсыз адамдардың ортасында қалғандығы» 

тақырыбында жазылған. Жиырмасыншы тарау да қоғамдық қарым-қатынастарда кездесетін бүліктерге қатысты. Ол тарауда автор «Алла бір қауымға азап жібергенде ол қауымның ішіндегі жақсы-жаман әрбір мүшесі зардап шегетінін» білдірген хадис жазылған.

Он төртінші және он бесінші тарауларда фитналардан сақтану жолдары жазылған. «Фитна жайлаған кезеңде шөлде өмір сүру» (14-тарау) мен «Фитналардан Аллаға сиыну» (15-тарау) тарауларында фитналардан сақтану жолдары көрсетілген хадистер келтірілген.

Жиырма бірінші тарауда бақыт ғасырынан кейін орын алған фитналарға себеп болды деген ой қалыптаспауы үшін әзірет Хасанның (радиаллаһу анһ) ерекшеліктері мен жақсылықтарын баяндайтын хадистерді келтірген.

Он бесінші тараудан кейін Ислам үмбеті бетпе-бет келетін фитналардың түрлері мен реттілігі көрсетіліп, жеке-жеке түсіндірілген. Ол тарауларда шығыстан шығатын фитна, адамға теңіз толқындарындай төніп келетін фитналар, Хижаздан шығатын от, Дажжал, Яжуж-Мәжуж фитналары жайлы сөз қозғалған.

Муслим ибн әл-Хажжаж әл-Қурайшидің «Сахих хадистер жинағының «Китабул-фитән уә ашаратус-сағат» атты 52-бөлімінде 143 хадис бар. Сахихтың шархын жазған Имам Науауи бұл бөлімдегі хадистерді 27 тарауға бөліп реттеген. Алғашқы тарауда «Фитналардың таяп қалғандығы мен Яжуж-Мәжуж қорғанының ашылуы» тақырыбындағы хадистер, екінші тарауда «Меккеге шабуыл жасаған әскер қолының жермен жексен етілуі», үшінші тарауда «Фитналардың жаңбырша жаууы» жайлы хабарлар жазылған. Бесінші тарауда екі мұсылманның арасындағы соғыс, алтыншы тарауда Ислам үмбетінің бір-бірінің кесірінен құрдымға кететіндігі баяндалған хадистер жеткізілген. Одан кейінгі тарауларда қияметтің белгілері және Ибн Саяд пен Дажжалдың фитналары суреттелген. Жиырма бесінші тарауда «Кісі өлтіру оқиғасы артқан кезеңдегі ғибадаттың маңызы» тақырыбына қатысты хадистер риуаят етілген. Жиырма алтыншы және жиырма жетінші тарауларда қияметтің жақындай түскендігі мен қияметтің алдында болатын жайттар жайлы айтылған. Бұхаримен салыстырғанда, Муслим бұл бөлімде қияметтің белгілерін көбірек келтіргенін көруге болады. Сол себепті де бұл бөлім «Фитналар және қияметтің белгілері» деп аталған.

Ибн Мәжә әл-Кәзуинидің «Сунән» еңбегінің 36-бөлімі – Китабул-Фитән. Ибн Мәжә бұл бөлімде 36 тарауға бөле отырып, 172 хадис риуаят еткен. «Кутуб ситтә» жинағындағы фитналар тақырыбындағы бөлімдердің арасында ең көп мәлімет қамтылған әрі реттілігі жағынан да жинақы «Китабул-Фитән» Ибн Мәжәнің «Сунән» еңбегіндегі бөлім екендігін айтуға болады. Бұл бөлімде 

жоғарыда атап өткен фитна жайлы тақырыптар жазылғанымен қатар, басқа авторлар қоспаған мал-дүние фитнасы мен әйелдің фитнасы секілді тақырыптар (18, 19-тараулар) да келтіріліп, фитна түсінігінің аумағы кең екендігі көрсетілген. Қияметтің белгілері өз алдына бір тарауда жазылса, соғыстарға басқа бір тарау арналған. Фитналар бөлімінің алғашқы тарауы – «кәлима-шахадат айтқан жанға қол жұмсамау» тақырыбында. Екінші тарау – «мүміннің жаны мен малы харам». Төртінші, бесінші және алтыншы тарауларда да мұсылманның құқығына құрмет көрсету, оларға дөрекі сөйлемеу, зиянын тигізбеу тақырыптарындағы хадистер орын алған. Солайша, автор тақырыпқа аяқ басқаннан-ақ татулыққа үндеп, мұсылмандардың арасындағы ішкі соғыстар мен сойқандарға жол бермей қажеттігін көрсеткен. Одан соң тәртіпті жақтайтын жамағатпен бірге болуды әмір еткен хадистерді (7, 8-тараулар) келтірген. Одан кейін фитналардың түрлерін суреттеп, фитналардан сақтанудың шараларын түсіндірген хадистерді (9, 10-тараулар) риуаят еткен. Фитналарды сипаттаған соң фитналардан сақтанудың жолдары көрсетілген тараулар (12, 13, 14, 20, 21, 23-тараулар) келген. Басқа хадис жинақтарындағы секілді қияметтің белгілері мен ақырзамандағы оқиғаларға қатысты риуаяттар келтірілген тараулармен бөлімді аяқтаған.

Имам Әбу Дәуіт әс-Сижистани «Сунән» кітабында «Китабул-Фитән» бөлімінде фитналар мен олардан сақтану жолдарын көрсеткен риуаяттар келтірген. Алғашқы тарауда фитналар мен фитнаның белгілерін жазған. Одан кейінгі бес тарауда фитналардан сақтану шараларын тақырып ретінде алып, соған қатысты хадистерді риуаят еткен. Жетінші тарауда мүміндердің фитна жайлаған кезеңдерде өлтірілуінің ақыретте күнәларына кәффәрат болатынын білдірген хадистерді келтірген. Әбу Дәуіт Мәһдиге қатысты хадистерді Китабул-Мәһди тарауында, қияметтің белгілері мен үлкен фитналарды сипаттаған хадистерді оның артынша келген «Китабул-мәләхим» тарауында риуаят еткен.

«Кутуб ситтә» ғалымдарының бірі Әбу Иса әт-Тирмизи «Жамиус-Сахих» еңбегінің 35-кітабының тақырыбы – «Китабу сифатул-қиямә». Бұл бөлімде автор қияметті сипаттайтын хадистерді 60 тарауға бөліп риуаят еткен. Осы бөлімде есеп беру, қайта тірілу, Сүр, шапағат пен хауыз секілді қиямет күніне қатысты тақырыптардағы хадистер келтірілген. Тирмизидің «Жамиус-Сахих» еңбегінің 31-кітабы – «Китабул-Фитән». Қияметтің белгілері хабарланған хадистерді осы бөлімде көптеп келтірген. Бұл бөлімде тақырыптарды 79 тарауға бөліп қарастырған. Бұл бөлімдегі тақырыптардың арасында «Желді жазғыруға тыйым салынған хадистер» (65-тарау), «Айдың екіге жарылуына қатысты хабарлар» (20-тарау) секілді фитнамен тікелей байланыс орнату қиын көрінетін риуаяттар да келтірілген.

материал «Ақырзаман және қияметтің белгілері» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: