21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Пендеге ең қайырлы істі жаратып беру Аллаға міндет емес

Пендеге ең қайырлы істі жаратып беру Аллаға міндет емес

Ақида
Жарнама

Пенделерге ең қайырлы істі жаратып беру Аллаға міндет емес. Сондай-ақ, жаман емес істі жаратуы да уәжіп емес. Мұғтазила бұған қайшы көзқарас білдірген. Оның ішінде Бишр ибн Мұғтамир мен оның жақтастары: «Пендеге зияны тимейтін нәрсені жаратып, соған мән беру Аллаға міндет» деген.

Олардың бұлай деуі – дұрыс емес. Себебі:

1) Құдайға ешқандай міндеттілік жүктелмейді. Керісінше, ұлы Алла пенденің ісін өз қалауы бойынша жаратады. Ол мұсылмандарды иман беру арқылы ерекшелеген. Егер осы жақсылықты кәпірлерге нәсіп етсе, бәрі иман келтірер еді. Бұл ‒ Алланың мейірімділік сыйы. Кейбір құлдарын бұл жақсылықтан жұрдай етсе, ол да – Алланың қаһарының әділдігі. Оның мейір-шапағатымен бірге, әділдігі мен қаһары да мадаққа лайықты;

2) «Пенде үшін ең қайырлы істі жаратып беру Аллаға – міндет» деу құлдарына тура жол нәсіп ету арқылы берген мейірімі мен сыйын жоққа шығарумен бірдей. Өйткені, қарыздар адамның алдында мойнындағы міндетін атқарған кісі оған жақсылық жасаған болып саналмайды;

3) «Пендеге ең жақсы істі жаратып беру Аллаға – уәжіп» деу – Алланың құдіретін шектеу. Себебі, бұл көзқарасты негізге алсақ, Алла пенделеріне ең қайырлы істі толықтай беріп, тауысқан. Егер оның құдіреті пендесіне игілік жаратып беруге жете тұра оны орындамаса, ол әділетсіздік жасаған болып қалады. Бұдан «Алла Тағала Пайғамбарымыз Мұхаммедке (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Әбу Жәһилге қарағанда айтарлықтай бір жақсылық бермеген» деген нәтиже шығады. Бұл көзқарас бойынша, Алла Өзінің құдіреті шеңберінде Пайғамбарымыз бен Әбу Жәһил үшін ең тиімді нәрсені берген болып шығады;

4) Мұсылмандардың бәрі күнәлардан сақтауын, көмектесуін, істелген істің Оның разылығына сай келуін Алладан тілеу керек екендігін бір ауыздан мақұлдайды197. Егер осы сұраған нәрселерін Алла онсыз да пенделеріне беріп қойған болса, олардың бұл тілегі әбестік емес пе?! Ал бермеген болса, оларға жамандық жасағаны. Сондай-ақ, Алладан ауруына шипа тілеу, басындағы қиындықтан құтқаруын тілеп, жалбарыну да – дұрыс нәрсе. Тіпті бұл қажетті әрі жағымды істердің қатарынан саналады. Егер пенденің басындағы сол дерт пен қиыншылық қайырлы іске апарудың жолы болса, одан айықтыруды сұрау жамандықты тілегенмен бірдей болады. Ал дерт пен қиындықтың болмауы жақсылыққа себеп болса, Алла пендесіне жамандыққа бастайтын нәрсе берген болады;

Мұғтазилиттердің көбісі пендеге ең қайырлы нәрсені жаратып, құлға жағдай жасау Аллаға міндет деп есептесе, Бишр мен оның жақтастары: «Пендеге ең қайырлы нәрсені жарату Аллаға міндет емес, бірақ, құл үшін қайырлы іске бастайтын себепті жарату уәжіп, жамандыққа бастайтын себепті жаратуы мүмкін емес», деген. 197 Мұсылмандар тіпті сәмауи дін өкілдерінің (июдей, христиан)бәрі (Алла Тағаладан) күнәлардан сақтап, бәлекеттерді алыстатуды тілейді. Бұл туралы риуаяттар аят-хадистерде бар. (әл-Иғтимад, 70-парақ).

5) Қарсыласымыздың көзқарасының дұрыс еместігін көрсететін тағы бір мәселе мынау, олардың ойынша, Алла өзінің құдіреті жеткенінше, барлық мүмкіншілік пен шарттарды әзірлесе де кәпір иманға келмеген болып есептелуі керек. Бұл «пендеге ең қайырлы нәрсені беруге Алланың құдіреті жетпеді» деуді білдіреді. Себебі, пенде үшін ең қайырлы нәрсе – иман келтіруге мүмкіндік бола тұра, иманға келмей мәңгі азапталу емес, өз еркімен иманға бет бұрып, мәңгілік бақытқа қол жеткізу. Олардың көзқарасына салсақ, Алла пендесіне ең қайырлы нәрсені емес, керісінше, ең зиянды нәрсені жаратып берген саналады. Табысқа жеткізуші – бір Алла ғана!

материал «Матуридия ақидасы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: