22
Жұма,
Қараша

һижри

Күң әйелдің хадисін қалай түсінеміз?

Ақида
Жарнама

Имам Муслим жеткізген хадисте Сахаба Муауия ибн әл-Хакам әс-Суләми (р.а.) өзінің бір күңіне қол көтеріп, бетінен ұрған. Бұл ағаттығының өтемі ретінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған құл азат етуге бұйырады. Сонымен сахаба әлгі күңін алып келеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған: «Алла қайда?», деп сұрақ қойды. Әлгі күң: «Аспанда», – деп жауап берді. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Мен кіммін?» – деді. Ол: «Сен Алланың елшісісің», – деді. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с.): «Оны азат ет, ол иманды екен», деді.

Осы хадисті Имам ән-Науауи былай түсіндірген: «Бұл хадис сипат хадистеріне жатады. Мұны түсінуде екі түрлі ұстаным бар. Бұл иман кітабында көп қайталанды. Біріншісі: Оның мағынасына терең бойламай, иман келтіру. Әрі бұл жағдайда ешнәрсе Алла тағаланың мысалындай еместігіне сеніп, Алланы жаратылғандардың ерекшеліктерінен пәктеу. Екіншісі: Бұның мағынасын Аллаға жараса жорамалдау (тәуил жасау). ... Адам баласы намаз оқығанда қыблаға жүзін бұрғанындай.  Аллаға дұға жасағанда аспанға жүзін бұрады. Бұл Алланың қағба жақта екенін білдірмегені сияқты, Алла аспанда, деген мағынаға да келмейді. Өйткені, намаз оқушылардың қыбласы қағба болғаны сияқты, аспан – дұға жасаушылардың қыбласы. ...».[13]

5. Матуриди ақидасы бойынша Алла барлық жерде ме?

Соңғы кездері матуриди ақидасына «матуридилер Алланы барлық жерде» деп есептейді деген негізсіз жалалар жабылып жүр. Бұлар матуриди ақидасы бойынша жазылған кітаптарды оқымайды. Матуридилерді адасқан ағым – жаһмиямен білместікпен не әдейі шатастырады. Сол жаһмия ағымы Алла барлық жерде, деп сенеді. Ал енді матуридилердің сенімі бойынша бұл мәселе қалай? Оны бірге қарастыралық.

Матуриди ақидасының негізін қалаушы Имам әл-Матуриди «Китабут-таухид» атты еңбегінің 172-бетінде: «... Бұл Алла тағаланың мекенмен сипатталудан пәк екенінің дәлелі. Өйткені, мекен болмай тұрып та, Алланың бар болғандығы анықталған. «Рахман аршыға истиуа етті» (Тоһа сүресі, 5-аят) деген сөйлемде Аллаға мекен белгілеуге негіз жоқ. Қалайша, Алланың «Біз адам баласына күре тамырынан да жақынбыз» (Қоф сүресі, 16-аят), «Үш адам өзара сыбырласса, төртіншісі Алла болады» (Мүжәдәлә сүресі, 7-аят), «Біз сендерге қарағанда оған әлде қайда жақынырақпыз» (Уақиға сүресі, 84-аят), деген сөздерінде Аллаға мекен белгілеуге негіз болмағаны сияқты» - десе, кітаптың келесі бетінде: «Міне осыған орай Алла барлық жерде дегеннің сөзі негізсіз болып қалады. Себебі, Алланы белгілі бір мекенге қатысты ету мен барлық мекенге қатысты етудің арасында ешқандай айырмашылық жоқ»,[14]- деп, Алланы барлық жерде деумен келіспейді.

Расында да Аллаға аспан, аршы сияқты белгілі бір мекен бер не, Алла барлық жерде деп айт не, екеуі де Аллаға мекен беру емес пе? Тап осы мәселені матуриди ғалым Нуруддин әс-Сабуни міне былайша түсіндіреді: «Сондай-ақ, «Алла барлық жерде» деген сөз мүлдем дұрыс емес. Себебі, бір мекенде мекендейтіннің өзі бір мезгілде екі жерде болуы мүмкін емес. Ал енді мекендеуі мүмкін болмаған Алланың барлық мекенде болуы қалайша мүмкін болсын?! Мұнымен қатар, Алла тағала затымен (өз болмысымен) емес, бірақ білімімен барлық жерде, деп айту да дұрыс сөз емес. Өйткені, бір мекенді білетін біреу туралы, ол өзінің білімімен сонда, деп айтылмайды».[15]

Демек, матуриди сенімінде Алланы затымен де, білімімен де, белгілі бір жерде деп те, барлық жерде деп те, айтуға болмайды.

Қорыта айтқанда, әһлу сунна жолындағы сәләф пен халаф ғұламаларының сенімінде Алла мекен мен уақытқа тәуелді емес. Алла өз затымен аспанда деп сену Зұхруф сүресінің 84-аятына қайшы: «Ол сондай Алла, көкте де Тәңір, сондай-ақ жерде де Тәңір. Әрі Ол, аса дана толық білуші».

Алланың заты мен сипаттарына қатысты аят-хадистерді осылай түсіну әһлу суннаның, соның ішінде матуриди сенімі екенін ұққан болсақ, бабаларымыз дәл сол матуриди ақидасын ұстанғанын ұмытпайық. Мысалға Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Бар Құдай көкте де емес, жерде де емес», - десе, Абай атамыз: «Мекен берген, халық қылған ол ләмәкән», - деп, Алланы мекенсіз деп сипаттаған.

Қанат ЖҰМАҒҰЛ,

дінтанушы

[13] ән-Науауи, Мухиддин Әбу Зәкәрия Яхия ибн Шараф ибн Мурри, «әл-Минһәж фи шархи Сахихи Муслим ибн әл-Хажжаж» (Шархун-Науауи алә Муслим), 411-бет. Байтул-афкарид-даулия баспасы, Үлкен бір томды басылым. Басылған жері мен жылын көре алмадық.

[14] Әл-Матуриди, Әбу Мансур Мухаммад ибн Мухаммад ибн Махмуд, «Китабут-таухид», 172-173 бб. Тахқиқ (кітаптың қолжазба нұсқаларын зерделеу) жұмысын жасағандар – профессор, ғылым докторы Бекір Топалоғлу мен доцент, ғылым докторы  Мухаммад Арутши. Дәру Содир баспасы, Бейрут, 2007 жыл

[15] Әс-Сабуни, Нуруддин, «Китаб әл-Бидая мин әл-кифаяти фил-һидаяти фи усулид-дин», 46-47 бб. Дәрул-мағариф баспасы, Александрия, 1969 жыл.

Бөлісу: