22
Жұма,
Қараша

һижри

Інжіл кітабы туралы

Ақида
Жарнама

Алла тарапынан адамзатқа түсірілген қасиетті кітаптың бірі ‑ Інжіл. «Інжіл» сөзі - «сүйінші», «ізгі хабар» деген ұғымды білдіреді.

Құранда Інжілдің Хазіреті Иса пайғамбарға түсірілгендігі жайында былай делінген: «Және пайғамбарлардың ізінше өзінің алдындағы Тауратты растаушы етіп, Мариямұлы Исаны жалғастырдық. Әрі оған ішінде туралық, нұр болған алдындағы Тауратты растаушы етіп, сондай-ақ сақтанушылар үшін тура жол, үгіт түрінде Інжілді бердік» (5.Майда-46). Христиандықтың алғашқы кезеңдерінде бір-біріне ұқсамайтын көптеген Інжіл кітаптары болды. Осыдан келіп, әрбір қауым тек өзінің Інжілін ғана дұрыс деп, өзгенікін мүлдем теріс деп санады. Мұның соңы әр қандай ұрыс-керіске жетеледі. Сенім қақтығыстарындағы «отқа май құйғандай» әсер ететін мұндай қарама‑қайшылықтардың пайда болуының бірден‑бір себебі: «Хазіреті Иса құдайдың елшісі ме, әлде Құдай мен адамдар арасындағы делдал ма?», «Құдайдың елшісі ме, әлде әкесіз туылғандықтан Құдайдың ұлы ма?» деген секілді сұрақтар.

Император Константин Рим империясын нығайту үшін барлық халықтарды өз билігінің астында топтағысы келді. Сондықтан христиан дініне теңдік пен бостандық беріп, сол дінді қабылдатуды ұйғарады. Сол мақсатпен христиандық сенімнің негіздерімен жақынырақ таныса келе, ондағы көптеген қарама-қайшылықтарды көріп, 325 жылы қазіргі Түркия еліндегі көне Изник шахарында «Никей саборын» өткізді. Бұл саборға бас аяғы 2048 епископтар мен патриархтар келді. Әлбетте, олардың Хазіреті Исаға деген көзқарастары да әр түрлі еді.

Император түрлі ағым өкілдерінің ойын тыңдап, олардың әр түрлі, тіпті кейбір мәселелерде бір‑біріне мүлде кереғар келіп жататын түсінік‑пайымдарына қайран қалады. Соңынан ол Полстың (Павел) ағымын қолдап (Исаны құдайландыруды қолдайтындар), арнайы мәжіліс ұйымдастырып, 318 епископтың ұйғарымымен 4 Інжілден өзгелерін құрту туралы шешім қабылдайды. Осы шешімге сай патшаның көмегімен өзге ағымдар қудаланып, кітаптары жағылып қуғын‑сүргінге ұшырады. 325 жылдан 1869 жылға дейін христиан әлемі осы мәселе төңірегінде 20 рет әлемдік деңгейде бас қосу (сабор) өткізген екен.

Міне, осы Никей бас қосуынан соң христиан әлеміне Інжілдің төрт нұсқасы белгілі болды. Олар «Жаңа Өсиет» деп аталады. «Жаңа Өсиетте» әлемге танымал 4 Інжіл кітабы мен әр түрлі тақырыпта жазылған 21 хат пен «Аян» тақырыбы қамтылған. Христиандардың түсінігі бойынша, «Жаңа Өсиетке» топталған бұл кітаптар мен хаттарды хауарилер жеткізген және олардың сенімділігінде ешбір күмән жоқ. Алайда, оларды Інжілдің Хазіреті Исаға түскен түпнұсқасы емес, кейінірек тіршілік қажеттіліктеріне орай жазылған деуші пікірдегі христиандар да бар.

а) Әлемге танымал Інжілдер

1а) Матфейдің Інжілі: Матфей – Иса пайғамбардың 12 шәкіртінің бірі. Ол Иса пайғамбармен кездескенге дейін Палестинаның Галилей ауданында тұрып, салық жинаушы қызметін атқарады. Ал, Иса пайғамбардың өлімінен кейін христиандықты жаю үшін Эфиопияға кетеді. Жанжақта Иса пайғамбардың жүрген жолымен жүрушілерді қуғындау, азаптау, өлтіру әрекеттері аяусыз жүріп жатқан сәтте Матфей де Эфиопия патшасының жендеттерінің қолынан 70 жылдары азаппен өлтіріледі.

Матфей өзінің Інжілін иврит тілінде жазған. Ал кейбір тарихшылар болса, оның көне Сирия тілінде жазылған деген тұжырым жасайды. Дегенмен, негізгі нұсқа уақыт өте келе жоғалып кетеді де, Грек тіліне аударылып жазылған Інжіл пайда болады. Матфей Інжілінің нақты қай жылы жазылғандығы жайлы дерек жоқ, тек жорамал ғана бар. Сол жорамал бойынша оны 37, 38, 43, 48 немесе 64 жылдары жазылған дейді. Бас‑аяғы 28 тараудан тұратын Матфей Інжілінде, Хазіреті Исаның мәсихтігі мен оның шежіресі сөз болады.

2а) Марктің Інжілі: Тарихшылардың айтуынша, оның аты Иоанн, лауазымы Марк және ол хауарилердің көсемі Петрдің шәкірті. Ал тегі еврей, Иса пайғамбар кезінде Ирусалимде тұрған. Оның отбасы Иса әкелген жаңа дінді алғашқы қабылдағандардың бірі болып саналады. Марк Інжілінің қай уақытта, кім жазғандығы нақты белгілі емес. Кейбір деректер бұл Інжілді хауарилердің көсемі Петр жазған дейді. Алайда, Марк жазған деген де дерек кездеседі. Марк Інжілі 16 тараудан тұрады, онда Хазіреті Исаның өмірбаяны қарапайым, ұғынықты тілмен жазылған. Сонымен қатар, мұнда яһудилердің салт-дәстүрлеріне қатысты да мәселелер айтылады. Бұл Інжіл шамамен 56, 63 немесе 65 жылдарға дейін жазылған.

3а) Луканың Інжілі: Бұл Інжілдің авторы хауарилердің санатынан емес. Тіпті, Інжілде Лука жайында көптеген күмәндар, жорамалдар айтылған. Яғни Луканың кім болғандығы, қашан жазғандығы, кімге арнағандығы жайында әр қандай пікірлер кездеседі. Інжіл Шарифтегі деректерге сүйенсек, Лука Хазіреті Исаның алғашқы шәкірттерінің қатарында болмағанымен Масихтің тура жолымен жүруші, әрі Павел және оның қызметкерлерімен сапарлас болған жан. Негізгі мамандығы дәрігер болған Лука, бұл Інжілді 60-85 жылдары жаза бастайды. Бұл Інжілдің құрылымы 24 тараудан тұрса, мазмұны Хазіреті Иса пайғамбардың өмір тарихы мен ғибратты кеңестеріне құрылған.

4а) Иоанның Інжілі: Иоан Інжілі жайында көптеген тұманды деректер бар. Себебі, Хазіреті Исаның шәкірті Апостол Иоанның жазған еңбегінің орнына, екінші ғасырда басқа Иоанның жазған нұсқасы Інжіл кітабына еніп кеткендігі туралы айтылады. Мәселе осылай болғандықтан, Иоан Інжілі сөз болып отырған нұсқасы алғашқы үш Інжілге қарсы пікірде жазылған болып шығады. Деректергесүйенсек, Азия шіркеуінің басқармасы сол кезеңдегі танымал философ Иоанға Исаны Құдай етіп, Інжіл жазуын тапсырады. Бұл тапсырма 96‑жылы берілген болса, араға төрт жыл салып, шамамен 100‑жылы Иоан оны тәмәмдайды. Сөйтіп кейінірек шіркеулер бұл кітапты «Апостол Иоанның Інжілі» деп атауға шешім қабылдайды.

Апостол Иоанның Поликарп деген шәкірті болған. Ал Поликарптың Аринус есімді шәкірті Иса пайғамбардың дінін уағыздаушылардың бірі еді. Міне, сол Аринусқа Иоанның Інжілін көрсеткен кезде ол кітапты қабыл етпейді. Өйткені оның ішінде Исаны (а.с.) құдайландырумен байланысты жайттар жазылғандықтан бұл деректердің Апостол Иоанның Інжіліне ешқандай қатысы жоқ болатын.

Иоан Інжілі (Жохан Інжілі) 21 тараудан тұрады, мазмұны негізінен Иса пайғамбардың Құдайдың ұлы екендігі туралы болып келеді.

5а) Варнава Інжілі: Христиан монахтары жоғарыда айтылған 4 Інжілден өзге Інжілдерді отқа жағып, сол Інжілдерді қолдаушыларды үнемі қуғынға ұшыратып отырды. Онымен қоймастан кейбір Інжілдердің оқылуына қатаң түрде тыйым салынды. Міне, сол тыйым салынған Інжілдің бірі Апостол Варнаваның Інжілі болатын. Хауарилердің санатындағы Варнава Хазіреті Исаның шәкірті әрі Марктің ағасының баласы еді.

Христиандықтың негізін қалаушы тегі яһуди Павел бастапқыда Хазіреті Исаның дініне мойынсұнбай, тек 40-жылдары ғана иман келтіреді. Сөйтіп, Хазіреті Исаның шәкірттерімен қарым-қатынас құруға ниеттенеді. Бірақ, хауарилер оның иманының кәмілдігіне сене қоймайды. Алайда ақкөңіл, қайырымды Варнава Павелді өзіне тартып, өзге Апостолдарға жолықтырып, Хазіреті Иса пайғамбардың айтқандарын үйрете береді. Павелді өзі қайда барып үгіт-насихат жасаса, сонда бірге алып барып жүреді. Бірде, Кипр аралына жаңа дінді уағыздау үшін Варнава өзінің достарымен бірге барғанда, Павел де солардың арасында болады. Олар көп құдайлық сенімнің өкілдері болып табылатын Кипрліктерге уағыз-насихат жасау барысында бірқатар тосын жайттар не кереметтер көрсетеді. Мұндайды көрмеген жергілікті жұртшылық оларды тәңірі деп таңдай қағады. Апостолдар болса, оларға өздерінің ешқандай да Құдай емес, керісінше Құдайдың жаратқан құлдары екендіктерін айтып әбігерге түседі.

Осы сапардан кейін Ирусалимге оралған Варнава Павелдің халықты жаңа бір сенімге шақырып жүргенін сезе бастайды. Бірте‑бірте екеуінің арасындағы пікір қайшылықтары ұлғайып, қатты ұрысуға дейін барады. Себебі, Павел Исаны (а.с.) Құдайдың баласы, адамдарды күнәдан құтқару үшін жер бетіне келген, яғни адамзаттың күнәсі үшін өзін құрбандыққа шалды деп уағыз-насихат жүргізген еді. Ол тіпті мұнысымен шектелмей көпшілікке: «Христиандықта сүннеттеу жоқ және шошқа етін жеуге де рұқсат»,- деп пәтуа береді. Мұншалықты озбырлыққа шыдамаған Варнава Павелмен мүлде келісе алмай ат құйрығын біржола кесіседі де өзге христиандарды да одан аулақ болуға шақырды.

Павел өзінің идеяларын уағыздау үшін кітаптар жазып, жан‑жаққа жолдамалар жіберді. Өз тұжырымдарын жинақтап 15 кітап жазып таратып, бір жағынан шәкірт тәрбиелеу арқылы тамыр жая бастайды. Сонымен уақыт өте келе Павел өз дегеніне жетіп, оның Хазіреті Исаны Алланың баласы деген идеясы 325 жылғы Никей басқосуында қабыл болып, ресми түрде әлемге жария етіледі.

492 жылы І-Папалық құзіретке Гласиос келген соң, ол өзіне ұнамаған Інжілдерді өртеуге бұйрық береді. Олардың арасында Варнава Інжілі де болды. Тіпті, оны өртеткендері аздай, оқуға да қатаң тыйым салды. Олардың мұншама қатты қорқуларының себебі де жоқ емес, өйткені Варнава Інжілінде Хазіреті Иса Алланың ұлы емес, тек Алланың елшілерінің бірі ғана екендігі мен халал, харам тағамдардың пайда‑зияндығы тұрғысындағы діни үкімдер тайға таңба басқандай анық жазылған еді. Ең бастысы, мұнда Павелдің іс-әрекеті қатаң сынға ұшырайды. Кейбір деректер Варнава Інжілінің жалғыз ғана нұсқасы папаның кітап қоймасында құпия түрде сақталып қалған деген болжам айтады.

Аталмыш болжамды негізсіз деуге де келмейді. Себебі, 1585 жылы Папа Сиктис (Секстус) V-тің жақын қызметшісі болған монах Фрамерио бұл кітапты құпия түрде кітапханадан алып шығатыны бар. Монах Фрамерио бірде папамен бірге сол кітапханаға кіргенде екеуі едәуір уақыт сонда кідірістеп, папа кітап оқып отырып, ұйықтап кетеді. Фрамерио жақындап келіп бұл не кітап болды екен деп қараса, папа Варнава Інжілін оқып отырған болып шығады. Сөйтіп көптен бері қолға түсіре алмай жүрген Варнава Інжілін монах киіміне жасырып алып шығады. Кітап итальян тілінде жазылған екен. Кейінірек ағылшын, неміс, араб және түрік тілдеріне аударылады. Қазір ол Інжіл кітабы Австрия мемлекетінің астанасы Вена қаласындағы Корольдік кітапханада сақтаулы. Бұл кітапты кейінірек 1907 жылы Оксфордта Бай мен Байан Раг атты ерлі-зайыптылар ағылшын тіліне аударады. Кітаптың аталмыш аударма нұсқасы бірнеше рет жасырын түрде жоғалып кетеді. Алайда, соңғы зерттеушілердің мәліметтеріне сүйенсек, кітаптың бір данасы Бритиш (Ұлыбритания) мұражайында, бір данасы Вашингтонда Америка Конгресі кітапханасында сақтаулы. Ал 1973 жылы Пакистан мемлекетінің Құранды зерттеу орталығы ағылшын тіліндегі бұл кітапты қайта бастырып шығарыпты.

ә) Інжілдегі өзге де хаттар

Інжіл кітабында жұртшылыққа белгілі 4 Інжілмен бірге 23 хат жазылған. Міне, сол 23 хаттың тақырыптарының жүйесі төмендегідей болып келеді:

  1. Елшілердің істері – 28 тарау
  2. Жақыптың хаты – 5 тарау
  3. Петрдің 1- хаты – 4 тарау
  4. Петрдің 2- хаты – 3 тарау
  5. Жоханның 1-хаты – 5 тарау
  6. Жоханның 2-хаты
  7. Жоханның 3-хаты
  8. Яһуданың хаты
  9. Римдіктерге арналған 1-хат – 16 тарау
  10. Қорынттықтарға арналған 1-хат – 16 тарау
  11. Қорынттықтарға арналған 2-хат – 13 тарау
  12. Ғалаттықтарға арналған хат – 6 тарау
  13. Ефестіктерге арналған хат – 6 тарау
  14. Філіпіліктерге арналған хат – 4 тарау
  15. Қолостықтарға арналған хат – 4 тарау
  16. Салоникалықтарға арналған 1-хат – 5 тарау
  17. Салоникалықтарға арналған 2-хат – 3 тарау
  18. Тімотеге арналған хат 1-хат – 6 тарау
  19. Тімотеге арналған 2-хат – 4 тарау
  20. Титке арналған хат – 3 тарау
  21. Філимонға арналған хат
  22. Еврейлерге арналған хат – 13 тарау
  23. Аян – 22 тарау

(Материал «Иман негіздері» кітабынан алынды»)

Ummet.kz

Бөлісу: