11
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Забур кітабы

Ақида
Жарнама

Забур – Хазіреті Дәуіт (а.с.) пайғамбарға Алла тарапынан түсірілген қасиетті 4 кітаптың біреуі, әрі ең шағыны. Аятта бұл жайында былай дейді:

«Сондай-ақ Дәуітке Забурды бердік» (17.Исра-55; 4.Ниса-163). Забур сөзі - араб тілінде «кітап», ибрит тілінде «хат» деген ұғымды білдіреді. Ал киелі кітапта Забур сөзінің түпкі мағынасы - «мадақтау жырлары» деген ұғымды білдіретіндігі жайлы жазылған. Құранда 3 жерде кездесетін Забур кітабы жаңа бір шариғат әкелмеген. Ол Таураттан соң түскен және көбіне сол Таураттың заңдылықтарын жалғастырады. Забурда ахлақи насихаттар, жырлар, адамдарды туралыққа, жақсылыққа, Жаратушыға шынайы құл бола білуге шақырады. Қасиетті кітап Забурдың Таураттан кейін түскендігін мына аяттан білеміз: «Расында Таураттан кейінгі Забурда: «Жерге игі құлдарым мұрагер болады» деп жаздық» (21.Әнбия – 105).

Құранда Таурат пен Інжіл жайында көбірек мағлұмат берілгенімен Забур жайлы мәлімет өте аз. Яғни, Дәуіт (а.с.) пайғамбарға Забур атты қасиетті кітаптың берілгендігі ғана айтылады. Алайда, Хазіреті Дәуіт (а.с.) пайғамбардың есімі Құранда 16 жерде аталған. Алла Тағала Құран Кәрімде өзінің сүйікті елшісі Дәуіт (а.с.) пайғамбарды түрлі қабілетімен ұлықтап келтіреді. Сонымен бірге Хазіреті Пайғамбарымыздың да (с.а.у.) Хазіреті Дәуітті (а.с.) үмметіне үлгі етіп көрсететіні белгілі. Хадистерде Дәуіт пайғамбардың қалай ораза ұстағандығы, нәпақасын қалай тапқандығы секілді ғибрат аларлық қасиеттері айтылады. Жалпы Құранда Дәуіт (а.с.) пайғамбардың шешендік қабілетінің жоғарылығы, патша болғандығы, даусының әдемілігі, темірден сауыт жасайтындығы, темірді икемге келтіре білетіндігі, даналық берілгендігі, Жаратушыны көбірек тасбих ететіндігі жөнінде оқиғалар жеткілікті (мына аяттарға қараңыз: 2.Бақара, 249-251; 38.Сад, 17-30; 27.Нәміл-15; 21.Әнбия, 78-80; 34.Сәбә, 10-13).

Бүгінде Забур кітабы деп аталатын жеке бір кітап жоқ. Ол бізге тек «Забур жырлары» деп аталатын Таураттың бір бөлімі ретінде ғана белгілі. Таураттағы «Забур жырларын» христиандар шіркеудегі діни әндерге қосып айтады. Таурат пен Інжіл секілді Забурдың да түпнұсқасы өзгеріске ұшыраған.

(Материал «Иман негіздері» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: