04
Сенбі,
Мамыр

һижри

Пайғамбар (с.ғ.с) Зұлхижжа айын қалай өткізген?

Пайғамбар (с.ғ.с) Зұлхижжа айын қалай өткізген?

Құрбан Айт
Жарнама

Алла Тағала «Тәубә» сүресiнде: «Расында, Алла көктер мен жерді жаратқалы Оның Кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардан төртеуі құрметті айлар. Міне, осы берік дін. Онда бұл айларда өздеріңе зұлымдық етпеңдер» деді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) аталған қасиеттi айлар Зүл-қада, Зүл-хиджа, Мұхаррам және Рәджәб деп бұл аятты тәпсірлеген. Зүл Хиджа айының алғашқы он күні ең қасиетті деп есептеледі. Оның дәлелі Құранда айқын көрініс табады:

«Он түнімен (ант етемін), жұбымен де, тағымен де». (Фәжр» сүресі, 2-3-аяттар).

Ибн Аббас, Ибн аз-Зубейр, Муджахид және т.б. тәпсір ғалымдары (Алла оларға разы болсын) осы он түнді Зүл-хиджа айының алғашқы он түні деп түсіндірген. (Ибн Кәсир, т.4. 3030-б)

Сондай-ақ, Жәбiр (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыздың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) былай дегенiн жеткiзедi:

«Фаджр сүресiнде айтылған он күн — Зүл Хиджа айының алғашқы он күнi, тақ күніне Арафа күнi, жұп күнiне деп Айт күнiн жатқызамыз»

Зүл-хиджа айының алғашқы он күнi – Имам Бұхари жеткiзгендей жылдың ең қайырлы күндерi: Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) жеткізген бір хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Алла алдында Зүл-хиджа айының алғашқы он күнінде жасалған ізгі амалдардан асқан сүйікті амал жоқ», – деген. Сахабалар: «Ей Расулаллаһ, бұл айдың алғашқы күндері жасалатын амалдар Алла жолындағы жиһадтан да құнды ма?» – дегенде, Пайғамбарымыз: «Иә, жиһадтан да құнды. Бірақ, жанын, малын аямай соғысқа барып, кейін дымсыз қайтқан адамның жиһады өте құнды болады», – деп жауап берген.

Басқа хадисте былай делінген: «Ибн Умар (Алла оларға разы болсын) Пайғамбарымыздың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) былай дегенін жеткізді: «Алланың алдында зүл-хиджаның алғашқы 10 күнінде жасалған ғибадаттардан асатын ізгілік жоқ және ізгі амалдың сауабы молырақ болған басқа күндер жоқ. Бұл күндері таһлилді (Лә иләһә илләллаһ), тәсбихті (Субханаллаһ), тахмидті (әлхамдулиллаһ), және тәкбірді (Аллаһу әкбар) көп айтыңдар!»

Сонымен қатар, Жәбир Ибн Абдулла да (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыздың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) былай дегенiн жеткiзедi:

«Ең қайырлы күн – Арафа күні. Алла алдында Зүл-хиджа айының алғашқы он күнінде жасалған ізгі амалдардан асқан сүйікті амал жоқ және ізгі амалдың сауабы молырақ болған басқа күндер жоқ. Сондықтан көбiрек тәсбих (Субханаллаһ), тахмид (әлхамдулиллаһ), таһлил (Лә иләһә илләллаһ) және тәкбір (Аллаһу әкбар) жасаңдар». Арафа күні ауыз бекіту – сүннет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осы күні ораза тұтқан. Әбу Қатада (р.а.): «Арафа күні оразасымен Алла Тағала алдыңғы жылдың және келер жылдың күнәларын кешіреді деп үміт етемін», – деген. Арафа күні ораза тұту – қажылыққа бармаған адамдарға ғана сүннет. Арафа – Зулхиджа айының 9-күні. Бұл ораза екі жылдың: өткен және келер жылдардың қателіктерін жуып-шаяды.

Сонымен, адамзаттың асылы, сүйікті Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) үйретіп кеткендей, Зүл-хиджа айы мол сауапқа кенеліп, күнәлардан тазаруға үлкен мүмкіншілік беретін ай.

ummet.kz

Бөлісу: