20
Дс, Қар
10 Жаңа

Күнә амал дептерге қанша сағат жазылмайды?

Сұрақ-Жауап
Шрифт

"Күнә амал дәптерге бірден жазылмайды, түзелу үшін адамға уақыт беріледі" дегенді естіп жатамыз. Күнәміз таңбаланбайтындай тәубе етуге үлгеру үшін қанша уақытымыз бар? Осы жөнінде тарқатсақ.

Әр адамға екі періштені өкіл еткен: оң жақ иығындағысы – Ракиб (барлық ізгі амалдар мен сөздерді жазып алады), сол жақтағысы -  ‘Атид (жасаған жамандығы мен ұнамсыз сөздерін жазып отырады).

Бүл жөнінде Жаратушы Алла Құранда:

«Оның оңынан да, солынан да екі байқаушы отырады. Аузынан бір сөз шығарса-ақ болды, алдында аңдушы дайын» («Қаф» сүресінің 17-18 аяты).

Ал, күнәлі ісімізді жазу үшін періште қанша уақыт күтетіні жайында имам ат-Табарани жеткізген хасан хадис баяндайды:  

صاحب اليمين أمير على صاحب الشمال، فإذا عمل عبد حسنة كتبها بعشر أمثالها، فإذا عمل سيئة فأراد صاحب الشمال أن يكتبها قال له صاحب اليمين: أمسك، فيمسك ست ساعات، فإن استغفر الله منها لم يكتب عليه شيئا، وإن لم يستغفر الله كتبت عليه سيئة واحدة.

«Оң жақтағы періште – солдағы періштенің әмірі. Пенде бір жақсылық жасағанда періште оған он сауап жазады. Ал сол жақтағы періште адамның істеген жамандығын жазып алғысы келгенде,  оң жақтағы періште оған «Күте тұр» дейді. Сөйтіп ол 6 сағат күтеді. Егер құл осы уақыт ішінде истиғфар етсе, ешқандай күнә жазылмайды. Тәубеге келмесе, тек бір күнә жазады».

Яғни, күнәміз үшін тәубе етеді деп періште 6 сағат бойы күтеді. Шын өкініп, кешірім тілеумізге 6 сағат қана берілген.  Бұл жердегі 6 сағат туралы Ислам ғалымдары түрлі ой білдіреді.

Пайғамбарымыздың  (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) заманында «1 сағат – 60 минутқа тең» деген өлшем болмаған. Сағат деген сөзді арабтар «мерзім, уақыт» мағынасында қолданған. Сондықтан осы хадистегі 6 сағат – біздің түсінігіміздегі 360 минут емес, парыз намаздардың аралығын көрсететін шама болуы мүмкін. Мәселен, пенде таң намазы кезінде күнә жасаса, оның амалын жазуға бесінге дейін күтеді, ары қарай тәубе етпесе, екінтіге дейін, оған да өкініп үлгермесе шамға дейін, кейін құптанға дейін күтеді. Сөйтіп белгілі алты мерзім ішінде пенде шынайы қайғырып, кешірім тілемесе оған бір күнә жазылады. Ал егер сол арылықта тәубеге келіп үлгерсе жамандығы жазылмайды.  

Сол себепті тәубе етудің маңызы зор. Шынайы тәубеден кейін күнә жайлы еш із қалмай, қиямет күні ол ісімізден есепке тартылмайтын боламыз.

Алла әрқайсымызды жақсы көреді, Оның рақымы мол, мейірімі шексіз! Сондықтан күнәсі қашан жасалса да, жан дүниесімен өкінетін пендеге тәубе есігі әрдайым ашық. Демек, әрдайым тәубеге келуге ұмтылу керек.  Алла тағала Құранда айтады:

وَمَن يَعْمَلْ سُوءاً أَوْ يَظْلِمْ نَفْسَهُ ثُمَّ يَسْتَغْفِرِ اللّهَ يَجِدِ اللّهَ غَفُوراً رَّحِيماً.

«Біреу бір жамандық істесе немесе өзіне зұлымдық қылса, сонсоң өкініп Алладан кешірім тілесе, Алладан аса жарылқау, ерекше мейірім табар еді» («Ниса» сүресі, 110-аят).

Алла елшісі Мұхаммед ﷺ:

 

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ عَنْ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ لَوْ أَخْطَأْتُمْ حَتَّى تَبْلُغَ خَطَايَاكُمْ السَّمَاءَ ثُمَّ تُبْتُمْ لَتَابَ عَلَيْكُمْ.

«Жасаған күнәлардың көлемі аспанға жетерліктей болса да тәубе етсеңдер, Алла тәубелеріңді қабыл етеді» (Ибну Маджа).

Сондай-ақ, Алла елшісі (с.ғ.с): «Өз күнәлері үшін шынайы өкінген адам күнәні жасамаған адаммен пара-пар» (Әл-Бухари, Муслим).

Күнә – Жаратушының қаһарын келтіретін іс. Сондықтан күнә атаулыдан аулақ болуға барынша тырысу қажет.  Алайда шалыс басып, жазғырылатын қадамға барсаңыз, кейінге қалдырмай тәубе етуге асыққан жөн. Өйткені өлім сәті қашан туары бізге беймәлім. Ал, Алланың мейірімі шексіз, рақымға қауышуға ұмтылайық!

Мәдина ЖАҚЫП, ummet.kz

e-max.it: your social media marketing partner