08
Сәрсенбі,
Мамыр

һижри

Сыр сақтау және сертке берік болу

Сыр сақтау және сертке берік болу

Иман келтіру

«Сертке берік болыңдар! Өйткені серт беру жауапкершілікті талап етеді» («Исра» сүресі, 34-аят).

«Уа, иман еткендер! Неліктен өздерің істемейтін істі сөз қыласыңдар (Немесе неліктен істейміз деп айтып алып, кейін істемейсіңдер). Өздерің істемейтін істі сөз қылу – Алланың алдында ең жеккөрінішті қылық» («Саф» сүресі, 2-3-аяттар).

«Келісім жасасқаннан кейін Алланың сертіне (яғни, Алланы кепіл қылып берген сертке) берік болыңдар» («Нахыл» сүресі, 91-аят).

«Уа, иман еткендер! Өзара байласқан серттеріңе берік болыңдар» («Мәида» сүресі, 1-аят).

Әбу Сайыд (р.а.): «Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Қиямет күні Алла Тағаланың құзырындағы ең жаман адам – әйелімен төсек қатынасында болғаннан кейін, өздеріне ғана тән бар сырды басқаларға жайған адам», – деп айтты», – деген (Муслим, никах 123).

Айша анамыз (р.а.): «Бірде Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) барлық жұбайлары бас қосып, төрт көзіміз түгел болып Пайғамбарымызбен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бірге отырғанымызда, жүрісі Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жүрісінен айнымайтын сүйікті қызы Фатима (р.анһа) да келді. Ол қызын көргенде: «Қош келдің, қызым!» – деп қошеметтеп оң (немесе сол) жағына отырғызып, Фатиманың (р.а.) құлағына ақырын сыбырлады. Сол кезде сүйікті қызының көңілі босап, қатты жылады. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қызының қатты мұңайғанын көргенде, құлағына тағы бір мәрте сыбырлады. Бұл кез Фатима қуанғаннан езу тартты. Сонда мен оған: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әйелдері төрт көзі түгел болып, қасында отырса да, саған ғана сыбырлап, сенімен ғана сыр бөлісті. Ал, сен болсаң жылайсың», – дедім. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) кетіп қалғаннан кейін Фатимадан: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) саған не айтты?» – деп сұрадым. Ол: «Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сырын ешкімге де ашпаймын», – деп тіс жармай қойды. Кейін Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дүние салған соң оған: «Өтінемін, мен де сенің анаңмын ғой, Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) саған ашқан сырын маған да айтшы», – дедім. Сонда ол: «Жарайды, енді айтсам, айтайын. Әкем құлағыма алғаш сыбырлағанда маған Жәбірейіл періштемен Құранды жылына бір (немесе екі) рет басынан аяғына дейін оқитынын, ал бұл жолы осыған дейін екі рет оқығандарын айтып: «Мұны ажал жастығына бас қояр сәтімнің жақындағаны деп ойлаймын, сондықтан Алладан қорқып, сабырлы бол (мен қайтыс болғанда, өз-өзіңді ұстай біл). Өйткені мен сен үшін жақсы ізашар боламын», – деді. Өзіңіз куә болғандай сондағы егіліп жылағанымның мәнісі осы болатын. Кейін әкем менің қатты мұңайғанымды көргенде, екінші рет құлағыма сыбырлап: «Әй, Фатима! Барша мүмін әйелдердің (немесе осы үмбеттің барша әйел затының) ханшайымы болуды қаламайсың ба?» – деді. Өзіңіз көргендей сол кездегі күлгенімнің мәнісі осы еді», – деді», – деген (Бұхари, мәнақиб 25/истизан 43; Муслим, фадайлус-сахаба 97-99).

Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) жеткізген хадисте: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Мына төрт түрлі қылық кімнің бойынан түгел табылса, сол нағыз екіжүзді адам. Ал, кімнің бойында осы төрт қылықтың бірі болса, одан арылмайынша бойында екіжүзділікке тән бір белгінің болғаны. Нағыз екіжүзді адам – аманат табысталса, қиянат жасайды; сөйлесе, өтірік айтады; уәде берсе, сөзінде тұрмайды; сондай-ақ, дауласқанда (немесе жауласқанда), қарсыласына қиянат жасауда шектен шығады», – деп айтты» – делінген (Бұхари, иман 24/мазалим 17; Муслим, иман 106).

Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.): «Бірде Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) маған: «Әй, Абдуллаһ! Сен пәленше секілді болма. Ол түнгі намазды үзбей оқып жүріп, ақырында оқымай қойған еді», – деп айтты», – деген (Бұхари, тәһәжжуд 19; Муслим, сиям 185).

материал «Хадистер жинағы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: