08
Сәрсенбі,
Мамыр

һижри

Сауапты әрі игі істерде өзара жарысу

Сауапты әрі игі істерде өзара жарысу

Иман келтіру

«Жақсылық жасауда өзара жарысыңдар» («Бақара» сүресі, 148-аят).

«Раббыларыңның жарылқауына және шынайы тақуалар үшін әзірленген кеңдігі жеті қат аспан мен жердей болған ұжмаққа асығыңдар» («Әли Имран» сүресі, 133-аят).

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Игі һәм сауапты іс жасауға асығыңдар, өйткені жақын келешекте жер бетінде қараңғы түндей түнерген көптеген бүліктер белең алады. Сол кезде адам таңертең мүмін болса, кешке қарай кәпір, кешке кәпір, таңертең мүмін болып тұрақсыз күй кешеді. Ойланбастан болмашы дүниелік нәрсеге бола дінін сатады», – деп айтты» – деген (Муслим,иман 186).

Жәбир (р.а.): «Ұхұд шайқасы болған күні бір сахаба: «Уа, Алланың елшісі! Егер ерлікпен қаза тапсам (о дүниеде) қайда боламын?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оған: «Жаннатта боласың», – деді. Сонда ол бірден қолындағы әлі жеп тауыспаған құрмаларын тастай салып, ұрысқа кірісіп кетті де, қаза тапқанша аянбай шайқасты», – деп айтты (Бұхари, мағази 17; Муслим, имара 143).

Әбу Һурайра (р.а.): «Бір кісі Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) келіп: «Уа, Алланың елшісі! Қандай садақаның сауабы көп?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оған: «Денсаулығың мықты кезіңде, әрі бойыңды сараңдық билеп, байыған үстіне баюды көздегеніңде берген садақаның сауабы мол болады. Ал зекет пен садақаны жан алқымға келіп, «мынаншасын пәленшеге берем, мынаншасы да түгеншенікі» дейтін өлім аузындағы сәтке дейін кешіктіруші болма, өйткені өлген соң жиған-терген дүниең онсыз да түгеншенікі болады», – деп жауап берді», – деген (Бұхари, зәкәт 11/уәсая 17; Муслим, зәкәт 92).

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Жеті түрлі бәле бастарыңа келмей тұрып ізгі амал жасауға асығыңдар! Әлде сендер естен тандырар кедейлікті, азғындыққа бас-тайтын байлықты, берекені қашырар ауру-сырқауды, алжытатын кәрілікті, аяқастынан алқымнан алатын ажалды, ғайыптан келетіндердің ең жаманы – Тажалды, не болмаса қиямет күнінің келуін күтудесіңдер ме? Расында, осылардың ең қорқынышты да тым ащы болғаны – қиямет-қайым», – деп айтты» – делінген (Тирмизи, зуһд 3).

материал «Хадистер жинағы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: