27
Сенбі,
Сәуір

һижри

Алла Тағаланың бақылауында болу дегеніміз не?

Алла Тағаланың бақылауында болу дегеніміз не?

Иман келтіру

«Ол (Алла Тағала) – қайда болсаңдар да, сендермен бірге. Расында, Алла Тағала не істеп, не қойып жатқандарыңды көріп бақылаушы» («Хадид» сүресі, 4-аят).

«Шын мәнінде, Алла Тағаладан жердегі және көктегі еш нәрсе қалтарыста қала алмайды» («Әли Имран» сүресі, 5-аят).

«Расында, сенің Раббың бәрін де көріп бақылаушы (яғни, Одан еш нәрсе таса бола алмайды)» («Фәжр» сүресі, 14-аят).

«Алла Тағала көздердің ұрлана қарағанын да, (адамдардың) көкірегінде жатқан барлық құпияны да толық біледі» («Мумин» сүресі, 19-аят).

Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.): «Бір күні Алла елшісімен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бірге отырған едік. Кенет киімі сүттей аппақ, шашы көмірдей қап-қара, жолаушыға мүлде ұқсамайтын және (бір қызығы) бәрімізге бейтаныс бір кісі ортамызға келді. Келді де, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қасына барып, екі тізесін оның тізелерімен түйістіре, екі қолын (өзінің) тізелерінің үстіне қойып отырды да: «Уа, Мұхаммед! Маған Ислам туралы айтып бер», – деді. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Ислам – Алладан басқа ешбір тәңірдің жоқ екеніне және Мұхаммедтің Алланың елшісі екеніне куәлік етуің, намазды шарттарына сай толық оқуың, зекет беруің, Рамазан айында ораза ұстауың, шамаң жетсе, Алланың үйін зиярат етіп, қажылық парызын өтеуің», – дегенде, әлгі адам: «Дұрыс айттың», – деді. Біз оның өзі сұрақ қойып, өзі растағанына таңырқадық. Бейтаныс келесі сауалын қойды: «Маған иман жайлы айтып бер», – деді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне, ақырет күніне және тағдырға, оның жақсылығы мен жамандығына иман келтіруің», – дегенде, әлгі кісі бұл жолы да: «Дұрыс айтасың», – деді. Сөйтті де: «Енді маған ихсан деген не, соны баяндап бер», – деді.

Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Ихсан дегеніміз – сенің Алланы көріп тұрғаныңдай құлшылық етуің, өйткені сен Оны көрмесең де, Ол сені әрдайым көріп тұрады», – деп жауап берді. Содан бейтаныс адам сұрағын жалғастырып: «Ал енді маған қияметтің қашан орнайтынын айт», – деді. Сонда Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Қияметтің қашан орнайтынын сұралған адам сұраушыдан артық білмейді», – деді. Сонда ол: «Ендеше, маған қияметтің белгілерін айтып бер», – деді. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Өз анасын күң санайтын ұрпақ дүниеге келеді. Жалаң аяқ, жалаңаш сіңірі шыққан қойшылардың зәулім құрылыстар салып, бірбірімен жаныға жарысып, көкірек кергенін көресің», – деді. Сәлден соң әлгі адам мешіттен шығып кетті. Содан, мен біраз уақыт тапжылмай отырдым. Кейін Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Уа, Омар! Сұрақ қойғанның кім екенін білемісің?» – деді. Мен: «Алла мен елшісі жақсы біледі», – дедім. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Шынында, ол сендерге діндеріңді үйрету үшін келген Жәбірейіл еді», – деп айтты», – деген (Муслим, иман 1).

Әбу Зәрр Жундуб ибн Жунәда және Мұғаз ибн Жәбәл (р.а.) жеткізген хадисте: «Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Қайда жүрсең де, Алладан қорқып, бұйрықтарын орындап, тыйымдарынан сақтан! Әрбір күнәнің артынан уақыт оздырмай оны жуып-шаятын жақсылық жаса!  Адамдармен қарым-қатынаста көркем мінезді бол!» – деп бұйырды», – делінген (Тирмизи, бирр 55).

Ибн Аббас (р.а.): «Бірде Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) соңынан еріп келе жатқанымда: «Әй, бала! Саған біраз ақыл айтайын: Алланың хақысын сақтағын. Сонда Алла Тағала да сені сақтайды. Еш уақытта Алланы жадыңнан шығарма. Сонда Ол да (қиын сәттерде) қасыңда болады. Қалауың болса, тек Алладан тіле. Жәрдем керек болса, оны да жалғыз Алладан сұрағын.

Біліп қой: бүкіл адамзат жиналып, сен үшін қандай да бір пайда келтірмек болса, Алланың маңдайыңа жазғанынан артық пайда келтіре алмайды. Сондай-ақ, күллі адамзат баласы жиналып, саған қандай да бір зиян тигіземіз десе, Алланың жазғанынан артық зәредей де зиян тигізе алмайды, өйткені (адамның тағдырын жазатын) қаламдар әлдеқашан тоқтап, парақтардағы сия да кеуіп қалған», – деп айтты», – деген (Тирмизи, қиямә 59).

Әнәс (р.а.): «Сендер кейбір оғаш істерді істейсіңдер де, оны қыл құрлы да көрмейсіңдер. Ал біз Алла елшісінің кезінде ондай істерді құрдымға құлататын зор күнә деп білуші едік», – деген (Бұхари, риқақ 32).

Әбу Һурайра (р.а.): «Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Расында, Алла Тағала қызғанады. Алланың қызғанышы адам баласы (шайтанға еріп) Раббысының харам еткендерін істегенде оянады», – деп айтты», – деген (Бұхари, никах 107; Муслим, тәубә 36).

Түсініктеме: Яғни, Алла Тағала қызғанады дегенді «Өзінің ұлылығына лайық абыройын ешкімге таптатпайды, әрі өзі жаратқан құлының шайтанның жетегінде кетіп, күнәға батқанын қаламайды» деп түсінеміз, өйткені иләһи бұйрықтарға құлақ аспай шайтанға еріп, күнә жасау Алла Тағаланың қаһарына ұшыратады.

материал «Хадистер жинағы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: