25
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

Исламда тәубесімен үлгі болған ізгі жандар

Исламда тәубесімен үлгі болған ізгі жандар

Иман келтіру

Тәубе – құлдың нәпсі мен шайтанға, барлық жамандық атаулыға шақыратын бақытсыздықтарға қарсы тұра білу қасиеті. Тәубе – ерік-жігердің жеңісі. Тәубе – Жаратқанның ерекше сыйы, адам бойындағы қаһармандық қасиет. Тәубеге бетін бұрған адамның ешқашан қолы бос қайтпайды.

Бұл жайында Алла елшісі былай деген: «Мына бес нәрсеге қол жеткізген адам бес нәрседен құр қалмайды. Дұға жасаған адам оның қабыл болуынан мақұрым қалмайды. Себебі Алла тағала «Маған дұға қылыңдар, қабыл алайын...» («Ғафир», 60) деп бұйырған. Тәубе жасаған құл оның қабыл болуынан мақұрым болмайды. Себебі Алла тағала «Сонымен қатар, Ол құлдарының шынайы тәубесін қабыл алады» («Шура», 25) деген. Шүкір еткен құл нығметінің артуынан мақұрым қалмайды. Себебі Алла Тағала «Сондай-ақ Раббыларың: Егер шүкір етсеңдер, нығметімді сөзсіз арттырамын» («Ибраһим», 7) деп бұйырады. Истиғфар жасаған құл кешірімнен мақұрым қалмайды. Себебі Алла Тағала «Раббыларыңнан күнәларың үшін кешірім тілеңдер. Өйткені Ол (құлдары қанша жерден күнәға батса да, тәубелеріне келген жағдайда) өте кешірімді» («Нух», 10) дейді. Мал-мүлкін Алла жолында жұмсаған құлдар болса, оның орнына өзге нығметтерге бөленуден мақұрым қалмасы анық. Себебі «Сендер игілік жолында не сарп етсеңдер де, Алла оның орнын толтырады» деген («Сәбә», 39) деген» (Суюти, әд-Дуррул-мәнсур, 5/9).

 

Кағб ибн Әмірдің тәубесі

Тарихқа үңілсек, шынайы тәубе еткендер жайлы көптеген оқиғаларды кездестіреміз. Тәубе дегенде алғашқылардың бірі болып ойымызға оралатын жан – Кағб ибн Әмір. Ол бір күні үлкен күнә жасайды. Бұл жайында Кағб ибн Әмірдің өзі былайша баяндайды:

«Базарда құрма сатумен айналысып, күнелтетінмін. Әдеттегідей таңертең тұрып, базарға келдім. Саудамен айналысып тұрған сәтте жаныма ері соғысқа кеткен әйелдердің бірі келіп, бір дирхамға құрма сатып алатынын айтты. Басымды көтеріп, әлгі әйелдің жүзіне қарауым мұң екен, сұлулығына тәнті болып қалдым. Бойымды билеген құмарлыққа қарсы тұра алмай, әп-сәтте әрі-сәрі күйге түстім. Ол аз десеңіз, бір жағымнан шайтан да азғырып барады. Әлгі әйелге:

– Үйде бұдан да дәмді құрмалар бар, қаласаңыз содан берейін? – дедім.

– Жарайды, – деп, менімен еріп, үйіме келді.

Маған сенгендігі сонша – сыртта қалмай, үйге кіріп, босағада күтіп тұрды. Мұндай оңаша сәтті қалт жібергім келмей, әлгі әйелді өзіме ыңғайлап, құшағыма қарай тарта бастадым. Осылайша әп-сәтте үлкен күнәға баттым. Одан да сорақы әрекетке бара жаздап, соңғы сәтте есімді жиып, күнәмнің парқына бардым. Нәпсім мен шайтанның азғыруынан құтылып, одан әрісіне батылым бармай, айылымды жиып үлгердім. Істеген ісім үшін қатты өкіндім. Көз жасыма ерік беріп, егіліп жылай бастадым.

Қанша жыласам да, ішімді өртеген өкініш азабы саябыр таппай, жан дүнием әлем тапырақ күй кешті. Алладан қорыққаным соншалық – жүрегім өкініштің өртіне шалдыққандай еді. Бұл азапқа бұдан әрі шыдау мүмкін емес-ті. Ақыл сұрау үшін әзірет Әбу Бәкірге барып, болған жайттың бәрін бүкпесіз баяндап бердім. Әзірет Әбу Бәкір болса,

– Сені Құдай аясын! Азаматы Алла жолында шайқасқа кеткен әйелге бұл не қылғаның?! – деп, қатты ашуланды. Артынша! – Дереу тәубе қыл! Мына қылығың туралы жан баласына тіс жарушы болма! – деп ескертті.

Бірақ мен жасаған күнәмнің ауыртпалығын көтере алмайтындай халге түстім. Ар азабынан мың өліп, мың тіріліп, жанымды қоярға жер таппадым. Жүрегімді сәт сайын шарпып жатқан өкініштің оты өрши түскен сайын, ештеңеге қарайламай, тура Алла елшісінің құзырына келдім.

– Уа, Расулалла! Нәпсімді тізгіндемей, Мәдинаның жоғарғы жағында тұратын бір әйелдің арына сұғанақтық жасадым. Істеген ісіме қатты өкінемін. Маған қалаған жазаңызды беріңіз! – дедім. Әзірет Омар да сол жерде болатын. Ол:

– Алланың жасырғанындай сен де күнәңді жасырмадың ба? – деп зекіді. Оған қарсы жауап айта алмай, көзіммен жер шұқып, тұрып қалдым. Алла расулы:

– Алла жолында жиһадқа кеткен азаматтың отбасына көзіңді сүзгенің қалай?! – деп қатты ашуланды да, сәлден соң:

– Түнде тұрып, жақсылап дәрет алып, намаз оқы. Содан соң, Аллаға жалбарынып, кешірім сұра, – деді. Бұдан басқа ештеңе айтпады.

Өкініш пен ұяттан өртеніп, өліп кете жаздадым. Сол сәтте іштей «ең болмағанда, мұсылмандықты бұрыннан емес, енді ғана таныған адам болғанымда ғой» деп ойладым. Жан дүнием алай-дүлей күй кешіп, көз 

алдым қарауытып, өзімді тозақтықтардың қатарынан көре бастадым. Қайғыдан құр сүлдерім ғана қалған еді. Үн-түнсіз бұрылдым да, Расулалланың қасынан меңіреу адамдай тәлтіректеп, кері қайттым. Үйіме жеткенше егіліп жылаумен болдым. Жан дүниемді өкініштің өксігі кернеп, Алланың ризалығынан алыс қалудың қорқынышы тынысымды тарылтты. Түн баласы көз ілмей, күні-түні тәубе жасап, жүзімді жаспен жудым.

Біраз уақыт өткен соң, мен жайлы «Күндіздің екі (бесін және екінті) уақытында, сондай-ақ түннің күндізге таяу (таңсәрі, ақшам және құтпан) уақыттарында намаз оқы. Шынында, жақсылықтар жамандықтарды (яғни, кішігірім күнәларды) жояды. Бұл ойланып, ғибрат алатындар үшін айтылған бірер насихат» («Һуд», 114) деген аят түскенде, Алла расулы мені шақырып, аятта айтылғандарды түсіндірді. Сол жерде бірге болған Муаз ибн Жәбал: Уа, Расулалла! Бұл тек Әмірге ғана қатысты ма, әлде барлық адамдарға ма? – деп сұрады. Алла елшісі: – Бәріңе бірдей, – деп жауап қайтарды (Мүслим, Тәубе, 42; Нәсаи, Тәфсир, 268; Тирмизи, Тәфсир-и Һуд, 3115; Табарани, әл-Муғжәмул-Кәбир, 19/165; Әсбабун-Нузул, 205).

 

Уахши ибн Харбтің тәубесі

Ухуд шайқасында әзірет Хамзаны шейіт қылған Уахши ибн Харб Алла расулы мен сахабаларды қатты қайғыға душар қылғанын сезінген еді. Сол себепті Мекке азат етілген сәтте қорқып, қаланы тастай қашқандардың бірі болатын. Ол кездерді есіне алған сәтте қатты толқыған әзірет Уахши өзінің мұсылмандықты қабылдауын былайша баяндайды:

«Ухуд соғысынан соң, Құрайыш әскерлерімен бірге Меккеге қайттым. Қожайыным сөзінде тұрып, мені азат етті. Хинд бинт Утба болса, барлық әшекейлерін маған берді. Сол күннен бастап Мекке менің тұрғылықты мекеніме айналды. Ешкімге зиянымды тигізбей, өзіммен-өзім өмір сүріп жаттым. Мекке азат етілген тұста Тайфқа қаштым. Сакифтердің өкілдері мұсылмандықты қабылдау үшін Алланың расулына барғанын естіген сәтте, жер жүзі қанша кең болса да, мына дүние маған тар келді. Қасымдағыларға: «Мен бұл жерде тұра алмаймын, жаным жай табар емес. Йеменге немесе Шамға кетемін», – дедім.

Достарымның бірі: «Өзіңді өзің қинап, обал жасама! Одан да Мұхаммедке бар! Өз басым оның мұсылмандықты қабылдаған ешбір жанды өлтіргенін көрген емеспін», – деді.

Жора-жолдастары оны қанша жігерлендіріп бақса да, Уахши өзінің Ухудтағы әрекеті арқылы Алла елшісі мен мұсылмандарды қаншалықты қайғыға душар еткенін өте жақсы ұғынған болатын. Алла елшісінің құзырына барып, «Мені кешір» деп айтуға дәті бармайтын. Уахшидің мұндай мазасыз жағдайынан хабардар болған Алла елшісі кешірімнің еш теңдессіз үлгісін көрсетті. Ол әзірет Хамзаны шейіт қылған Уахшиге хабар жіберіп, Оны Исламға мойынсұнуға шақырды.

Уахши ибн Харб болса:

– Уа, Мұхаммед! Мені қалайша дініңе шақырасың? Сен біреудің қанын жүктеген, Аллаға серік қосқан және зина жасағандар туралы: «Олар Алламен қатар, басқаны да құдай тұтып жалбарынбайды. Алланың Өзі ардақтаған әрі (жөн-жосықсыз) өлтірілуін харам қылған тірі жанды нақақтан-нақақ өлтірмейді, зина жасамайды. Кімде-кім осы айтылғандардың бірін істесе, ауыр жазаға ұшырайды» («Фурқан», 68) деп айтқансың. Мен бұлардың бәрін жасадым. Күпірліктен бас алмай өмір сүрдім. Зина да жасадым. Көзіңнің нұры болған туысқан ағаңды (Хамзаны) өлтірдім. Мен мұсылман болатындай, осыншалықты күнә кешіріле ме? – деді.

Дәл осы жайтқа байланысты мынадай аятты жібереді: «Ал кімде-кім өкініш білдіріп, тәубеге келсе әрі иман етіп, (өзін һәм қоғамды түзетуге бағытталған) игі істер істесе, оның жөні бөлек. Алла ондай жандардың жамандықтарын жақсылыққа (күнәларын сауапқа) айналдырады. Алла өте кешірімді (әсіресе, тәубе етіп, Өзіне біржола бет бұрған құлдарына) ерекше мейірімді» («Фурқан», 70).

Уахши ибн Харб хабаршысы арқылы мынадай жауап жібереді:

– Уа, Мұхаммед! Бұл шарт өте ауыр! Тәубе жасап, салих амал қылуға менің күшім жетпеуі мүмкін.

Уахшидің бұл сөздерінен соң, мына аятты жібереді: «Алла өзіне серік қосқанды әсте кешірмейді. Ал одан өзге күнәларды істеген құлдарынан қалағанын кешіреді. Кімде-кім Аллаға өзгелерді серік етіп қосса, сұмдық жала жапқан әрі өте ауыр күнәға батқан болады» («Ниса», 48, 116)

Бұл аяттан соң, Уахши ибн Харб қайта былай деп сұрайды: 

– Уа, Мұхаммед! Мен әлі де болса, кешірілетініме күмәнім бар. Бұдан басқа тағы қандай аят бар?

Бұдан соң кезекті мынадай аятты жібереді: «(Уа, Мұхаммед! Оларға Менің мына сөзімді жеткіз): Уа, күнәға батып, өз-өздеріне жамандық жасауда шектен шыққан һәм өздеріне берілген түрлі нығметтер, сезімдер мен қабілеттерді орынды пайдаланбай, зая қылған құлдарым! Алланың рақымынан үміттеріңді үзбеңдер! Өйткені Алла тағала күнәларды кешіреді. Шүбәсіз, Ол Ғафур (құлдарының күнәлары қаншалықты ауыр болса да, тәубелеріне келген жағдайда өте кешірімді), Рахим (ерекше мейірімді)!» («Зүмәр», 53)

Уахши осы үшінші хаттан соң ғана Алла елшісіне биат (серт) етеді. Ол енді сахаба қатарынан саналып, соңына «радиаллаһу анһу» қосылмай есімі еске алынбайтын болады. Бірақ ол Хамзаны өлтірген адам еді. Өзінің де, басқалардың да мұны ұмытуы мүмкін емес. Уахши ақыретте осы бір күнәның есебін бермейтіні анық еді. Өйткені ол қылмыс жасаған күні мұсылман емес-тін. Әрі Исламға кірген соң, барлық күнәлары кешірілген еді. Бұл жағынан алғанда бақытты. Бірақ қалай болғанда да, өлтірген адамы Хамзаның өзі болатын!..

Хамза орманда арыстандардың үрейін ұшырып, батылдығы ел аузында аңызға айналып, атағы дүрілдеп, жер жарып тұрған шағында, Алла елшісінің алдына келіп, тізерлеп отырып, мұсылман болған адам еді. Тіпті екі әлем Сардарымен бір ананың сүтін тел емгендіктен, ол Алла елшісіне сүт бауыр ағайын еді. Ол Исламға кіргенге дейін мұсылмандарда қорқыныш басым болатын. Хамза мұсылман болған соң, олардың күркіреген зор даусы Араб түбегін жаңғыртып жіберді. Тағылықтың аты ойнақтаған осындай заманда Уахши Хамзаның қанын төкті. Ухудта кесірлі найзасын толғап, Хамзаға қадайды. Ғұмырында «Алладан басқа құдай жоқ» дегеннен басқаға жоқ деп көрмеген Хамза өзіне қадалған найзадан екі бүктетіліп барып «Лә» тәрізді сұлқ ете құлайды. Біраздан соң Алла елшісі оның сау тамтығы қалмай парша-паршасы шыққанын көріп, басында отырып, балаша еңіреп жылайды. Шейіттер жуылмайтын. Бірақ Алла елшісі Хамзаны жуды. Су орнына кәусардан да қымбат көз жастарымен шайғандай еді... Алла елшісі оның басында көз жасын тыя алмай көп жылады. Қылмысты жасаған Уахши Алла елшісіне қанды қолын ұсынып, серт беріп жатты. Хақ пайғамбардың қалай тәблиғ еткеніне көз салып қараңызшы. Ол осы қолды қысып тұрып, Уахшиды Исламға кіруімен құттықтады. Негізінде, Уахшиді тікелей өзі шақырған болатын.

Уахши иман еткен соң, Алла елшісі оның құлағына: «Мүмкін болса маған көп көрінбеуге тырыс! Сонда, маған да, өзіңе де жеңіл. Өйткені сені көрген сайын Хамза есіме түсіп, саған жылы жүзбен қарай алмаймын. Бұлай етсек, маған да, өзіңе де жеңіл. Әйтпесе, сен өзіңді бақытсыз сезінесің. Мен де өз міндетімді толық орындай алмай қалармын», – деп сыбырлайды.

Уахши сахабаға тән парасатталық танытып, Алла елшісінің осы өтініші мен әміріне қарсы келмеді. Оның көзіне көрінбеуге тырысты. Бірақ сағат санап, сәт санап, Алла елшісі қасына шақырса екен деп күтті. Ол бір тіреудің артында тұрып, Алла елшісінің жанарымен жанарын түйістіруге тырысып, өз-өзіне «шіркін-ай, бір күні маған: «енді көріне берсең болады» – дер ме екен?» Уахши сол күнді күтіп жүргенде, Алла елшісі дүниеден озып кетеді. Қайғылы хабарды естіген кезде Уахши төбесінен жай түскендей есеңгіреп қалады. Алла елшісімен бір тілдессем деген оның үміті де сөнді.

Уахши осыдан кейін күнәсынан арылудың жолын жатпай-тұрмай іздейді. Ақырында, іздегенге сұраған, Ямама соғысы бұрқ ете қалды. Бұл – қайта айналып келмейтін мүмкіндік еді. Өйткені Исламның ең үлкен қаһарманын өлтіріп, күнәға кірген-ді. Қаншалықты кешірілсе де, Уахшидың ар-ожданы тыныш таппай, іштей оттай күйіп-жанумен болды. Бұл отты сөндіретін мүмкіндік те туды. Ол – өзін пайғамбармын деп жариялаған Исламның ең үлкен дұшпаны – Мусәйләмәні жайрату. Уахши бір кездері Хамзаны түйреген, тот басқан найзасын алып, сахабалармен бірге Ямама соғысына аттанады. Соғыс бірнеше күнге созылды. Мүсәйләмә мен әскері өліспей беріспей жанталасып жатты. Бір уақытта қамалдан шыға қашқан Мусәйләмәні күзетте тұрған бір сахаба көріп қалады. Ол дереу Уахшиға қарап: «Әне, Алланың дұшпаны кетіп барады», – деп айқай салды. Мұны естіген Уахши дереу тот басқан найзасын қолына алып, оның қыр соңынан қалмай, өкшелей қуып жетіп, Хамзаның бауырына қадағандай Мусәйләмәнің бауырына шаншиды. Ол аттан мұрттай ұшқанда, Уахши дереу сәждеге барады (Бұхари, Мәғази, 24; Ибн Һишам, Сирә, 3/76-77).

материал «Күнәдан арылудың жолы – тәубе» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: