23
Сейсенбі,
Сәуір

һижри

Дүниенің құлы болғандармен араласуды азайт!

Дүниенің құлы болғандармен араласуды азайт!

Иман келтіру

Дүниенің құлы болғандармен араласуды азайт! Себебі олар сені дүниені талап қылуға, дүниені көбейтуге һәм дүниемен шұғылданып, Алла Тағаладан алыстауға итермелейді.

Ал Алла Тағала бұған тыйым салып, дүниенің шынайы келбетін мына бір аятымен танытқан: «Біліп қойыңдар! Дүниенің тіршілігі ойын-күлкі, сауық-сайран, сән-салтанат және өзара мақтан ғана. Сондай-ақ көбірек дүние жию және үрім-бұтақты көбейту жолындағы бәсеке ғана» («Хадид» сүресі, 20-аят).

Дүниеге қызықпаған заһидтермен дос бол! Ізгілермен, ақыреттің жайын ойлағандармен аралас! Алланың разылығымен мына пәни дүниенің қызықшылықтарынан бас тартып, ақыреттің қамын жегендерге жанас! Өйткені Алла Тағала Құран Кәрімде бұл екі топтың ақыры жайлы былай деп хабар берген: «Кімде-кім ақыретті керек қылмай, тек осы дүниенің қызығын көруді қаласа, Біз бұл жалғанда қалаған құлымызға дүниенің қызығын қалағанымызша көрсетеміз. Алайда содан кейін жаһаннамды оның ақыреттегі тұрағы қыламыз. Сөйтіп, ол айыбы бетіне басылып, жазғырылған һәм аласталған күйде жан төзгісіз азап тарту үшін тозаққа тасталады. Ал кімде-кім ақыретті қалап, мүмин ретінде сол үшін құлшына еңбек етсе, міне, осындай жандардың еңбегі міндетті түрде ақталады» («Исра» сүресі, 18-19-аяттар).

(Мән беріп қарасаң) Алла Тағала дүниені талап қылғанғандардың соңын қалай болғанда да жақсы көргені болсын, соңына түскені болсын, мәңгі-бақилық қалып қоятын тозақ еткен. Ал ақыретті талап қылып, қамын жегендердің еңбегін лайықты түрде ақталатын еткен. (Ақыреттің қамын жеп, ақталған) еңбек – Аллаға лайықты түрде бет алу, Оның құзырында тұрғандығын сезініп құлшылық ету және Оның құзырында (берілер сыйға) қызығу. Міне, осылай еңбек қылғандардың Алла Тағала лайықты сыйын береді. Һәм олардың ең асыл мұраттары мен талаптарына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ол – Онымен көрші болу және Оның дидарына назар салу. Алла Тағала бұл жөнінде былай деген: «Ал тақуа жандар болса, жәннат бақшаларында және өзен жағаларында болады. Құдіреті күшті Патшаның құзырындағы шындық мәжілісінен орын алады» («Қамар» сүресі, 54-55-аяттар).

«Кейбір жүздер ол (қиямет) күні қуаныштан бал-бұл жайнайды. Раббыларына назар салып, көз алмайды» («Қиямет» сүресі, 22-23-аяттар). Қажет мөлшерде ғана болмаса, шамаң жеткенше дүниені азайт. Себебі (қажет мөлшерінен) артығы Раббыңа (лайықты түрде) құлшылық жасауыңа кедергі келтіреді. Пайғамбар Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с): «(Дүниеден) әуретіңді жауып, аштығыңды басқаны саған жеткілікті. Паналайтын үйің болса, саған нанның жартысы мен құманның суы жетеді. Изардан артық киімнің есебі сенен сұралады», – деген (Табарани).

материал «Нәпсі дертінің дауасы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: