21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Пайғамбарымыздың ﷺ екінші анасы

Пайғамбарымыздың ﷺ екінші анасы

Ислам жұлдыздары

Адамзаттың ардақтысы  ﷺ Алланың хикметті жазмышы бойынша, туылмастан бұрын әкесінен айырылса, алты жасында анасынан айырылып жетім қалды. Пайғамбарымыздың анасын жоқтатпауға тырысқан бірнеше әйелдің бірі – Үмму Айман.

Ол Пайғамбарымыздың анасының қызметшісі болатын. Әмина босанбастан бұрын да, кейін де оның нұр жүзді нәрестесін күтісетін. Әмина анамыздың Пайғамбарымызбен соңғы сапарында олармен қызметші Үмму Айман да бірге болды. Әке-шешесіз қалған Алланың сүйікті Елшісі ﷺ Үмму Айманның қарауында өсті. Оның мейірімінен қуат алып өскен Пайғамбарымыз ﷺ: «Үмму Айман – анамнан кейінгі анам»,– дейтін.

Пайғамбарымыз туған анасындай болған Үмму Айманның жақсылықтарын бір сәт ұмытпады. Хадиша анамызбен отау құрғаннан кейін де оған үнемі қол ұшын беріп тұратын. Кейіннен Пайғамбарымыз ﷺ оның бақытты шаңырақ көтеруіне себепкер болды. Екінші анасын Зәйд ибн Харисаға үйлендірді. Олар бақытты ғұмыр кешті. Алайда Хунәйн соғысында Зәйд шейіт болды. Күйеуінің шейіт болғанын естігенде Үмму Айман мүмин адамға жарасарлық сабыр көрсетті. Бетін тырнап жыламай, Алланың жазмышына мойынсұнған-ды.

Үмму Айман – хазірет Мұхаммедке ﷺ пайғамбарлық келген кезде алғаш оған иман келтіріп ергендердің, Алла жолында қиындықтарға көнуге разы болып, басына өлім қаупі төніп тұрса да, иманынан жаңылмаған алғашқы сахабалардың бірі. Ол Алла ризалығы үшін Эфиопияға, одан кейін Мәдинаға һижрет етіп, екі һижрет сауабын алды[1].

Хазірет Үмму Айман Ислам шуағы шартарапқа шұғыла шашуы жолында жанын беруге әрдайым дайын тұратын жанқияр сахабалардан. Ұхұт шайқасында мұсылман әскерлерге көмек көрсетті. Жаралылардың жарақаттарын таңып, ауыз суларын тасып беріп тұрды[2]. Басқа сахабалар сияқты Үмму Айман да Алла Расулы ﷺ  үшін құрбандыққа барар сахаба еді. Ол Пайғамбарымыз қуанса қуанып, мұңайса бірге мұңаятын.

Күндердің бір күнінде Мейірім пайғамбары ﷺ сырқаттанып жылаған кішкентай баланы құшағына алып, көз жасын төкті. Оның жылағанын көріп қалған Үмму Айман да қосылып жылайды. Пайғамбарымыз одан: «Алланың Расулы қасыңда емес пе, неге жылайсың?», – деп сұрағанда, ол: «Расулулла жылап тұрғанда, мен қалайша жыламайын?!» – деп, оған деген сүйіспеншілігін көрсетті[3]. Ардақты елші ﷺ Үмму Айманды (р.а.) жалғыз тастамады. Күндердің бір күнінде сахабаларына: «Жәннаттық әйелге үйленгісі келген адам Үмму Айманға үйленсін»,– деді. Осылайша оның жәннаттық екенінен алдын ала хабар берген еді.

Алла Елшісінің бұл ұсынысын Зәйд ибн Хариса құп алады. Ол тұста Зәйд қылшылдап тұрған жас жігіт еді. Өзінен жасы әлдеқайда үлкен әйелмен үйленуді Алла Расулын разы ету үшін қабыл етті. Пайғамбарымыздың (ﷺ) разышылығын алу дүниелік ләззаттардың бәрінен ол үшін қымбат еді. Бұл қасиетті некеден ұлы сахабалардың бірі, Ислам әскерінің қолбасшысы Усама дүниеге келді[4].

Үмму Айманды Пайғамбарымыз ерекше ыстық ықыласпен жақсы көріп, анасындай құрмет көрсетіп, әрқашан жағдайын сұрап тұратын. Пайғамбарымыз (ﷺ) қайтыс болғаннан кейін хазірет Омар Әбу Бәкір Сыддыққа: «Алла Расулы тірі кезінде Үмму Айманның жағдайын үнемі сұрап тұратын. Біз де оның жағдайын сұрап қайтайық», – деп екеуі оның үйіне барады. Алла Расулының (ﷺ) достарын көрген Үмму Айман еріксіз лықсып келген көз жасына ие бола алмайды. Одан: «Неге жылайсың? Расулалланың Алладан алатын сауабының қайырлы екенін білмеймісің?», – деп сұрағанда, ол: «Әрине, білемін. Әлбетте, Расулалла үшін Алланың беретіні қайырлы. Бірақ мен уахидің тоқтағанына жылаймын», – дейді. Бұл сөз Пайғамбарымыздың жан серіктеріне де қатты әсер етіп, олар да қосылып егіле жылады[5].

Пайғамбарымыз қайтыс болғаннан кейін Әбу Бәкір, Омар және басқа сахабалар да ерекше құрмет көрсеткен хазірет Үмму Айман (р.а.) Осман ибн Аффанның халифалығы тұсында бақиға аттанды.


[1] Усдул-ғаба, 5:408.

[2] Табақат, 8:224.

[3] Табақат, 8:225.

[4] Бабанзаде А. Наим, Сахих-ы Бухари мухтасары тәжриди сарих тержумеси, Анкара, 1982, 4:381.

[5] Муслим, фадаилус-сахаба, 103, (2453).

Бөлісу: