21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Исламда ең алғашқы дін бұзар ағым

Ислам жұлдыздары

Ислам тарихында ең алғашқы ірі бүліктер мен мұсылмандардың жік-жікке бөлінуі үшінші халифа Хазіреті Османның (р.а.) өлтірілуінен кейін басталды. Ел арасында харижиттік пікірлер мен көзқарастардың пайда болғанын байқаған сәтте-ақ көзі ашық ғалымдар мұсылмандарды Алланың тура жолынан аумауға шақырып, харижиттердің адасуын түсіндіруді міндет деп есептеген. Өкінішке орай, бүгінгі күні біраз бауырларымыз білместікпен харижиттік ағымдардың ығына кеткенін байқамай жүр.

Харижіттік ағымның пайда болуының ең негізгі себебі – парасатсыздық, рушылдық. Өйткені харижи ағымының өкілдерінің дерлік көбі Құранды мықтап жаттаған тас қарилар, яғни, қурра еді. Олардың намазда сәждеде жатқандығы соншалықты маңдайлары жара боп жүретін. Бірақ, осыншама құлшылық еткендерімен оларда өкінішке қарай, Абайша айтқанда хикмет, парасаттылық деген болмады. 

Осымен қатар, Хазіреті Османның (р.а.) кезеңінде ағымға бөлінушіліктің негізгі себебінің бірі – рушылдық еді. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) дүниеден өткеннен кейін мұсылман үмбетінде саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан өте маңызды өзгерістер болды. Өмірдің әр саласында ықпалды рөл атқаратын рушылдық, парасатсыздық, ұрдажық мәдениетсіздік көріністері белең ала бастады.  Осымен қатар, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) аяғына жаныштаға рушылдық, әулетшілік бөлінуішіілктер алғы орынға шыға бастады. Мұның алғашқы белгілері Хазірет Әбубәкірдің (р.а.) халифалыққа сайлануы кезінде сахабалар арасындағы дау-дамайлардан анық байқалды. Кейініректе Хазіреті Омар (р.а.) заманында осы сияқты ұстанымдар мен әрекеттер қайтадан қоғамнан аластатылды. Хазіреті Османның (р.а.) халифалыққа сайлануы кезінде Әмәуи-Хашимитер арасындағы текетірестер рушылдық, әулетшілік дертін қайта қоздырды. Әсіресе Хазіреті Осман (р.а) кезеңінің алтыншы жылындағы саяси дамулар Әмәуи-Хашимиттер арасындағы қырқыстарды қоғамның басты проблемаларына айналдырды. Бұл жағдай Құрайыш тайпасының сыртындағы Ислам қоғамына енді бейімделіп келе жатқан ру-тайпаларды дүрліктіріп жіберді. Куфа, Басра және Мысырға көшірілген осы тайпалар Хазіреті Османның (р.а.) саясатына қарсы шығып, көтеріліс жасады, ақырында өлтіріп тынды. Хазіреті Әли (р.а.) билік басына келген соң Хазіреті Әли (р.а.) мен оны танымайтындардың арасында Жәмәл және Сыффин деген атпен әйгілі шайқастар болды. Сыффин шайқасынан кейін халифтікке нағыз лайық адамды анықтау үшін екі төреші белгіленді. Төрешілер арқылы мәселенің түйіні шешілмей, жағдай одан сайын шиеленіскен соң Құрайыш өктемдігіне қарсы шыққан кейбір ру-тайпалардың адамдары Хазірет Әлиді төрешілік ұйғарымын қабыл етті деп айыптап, оны кәпірлікке шығармақ болды. Олар Хазірет Әлиден (р.а.) қол үзіп, өздерінше бөлек шықты да кейінірек харижиттер деп аталған топ құрды. Аталмыш шайқастар біткесін осы оқиғаларға кінәлілерді және осы шайқастарда өлгендер мен өлтірілгендердің діни тұрғыдан жалған дүние мен ақыреттегі жағдайы туралы айтыс-тартыстар басталды. Соның нәтижесінде саяси әрекеттер сенімдік-иғтиқади салаларға тұмсығын сұға бастады да әркім өз ұстанымдары мен әрекеттерін ақтап жатты. Аталмыш талас-тартыстар имамат, иман, күпірлік, пасықтық, зұлымдық, үлкен күнә және иман-амал қатынастары төңірегінде өрбіді. Ақырында, ортаға тасталған пікірлердің нәтижесінде харижиттік, мүржия, шиа және мұғтазила сияқты әр түрлі сенімді және саяси ағымдар пайда болды.

 

Харижит ағымының ортаға шығуы

 

Харижит ағымы Хазірет Әлидің (р.а.) төрешілік ұйғарымды қабылдағаны үшін оған қарсы шығып, көтеріліс жасаған саяси қозғалыс. Әуелі олар Хазірет Әлиді (р.а.) қолдап, Хазіреті Мағауияға (р.а.) қарсы шығып соғысқан кейбір адамдар мәселенің түйінін төрелікпен шешу керек деген ойды қолдады. Төрешілер тағайындалғанымен олар пікірлерін әп-сәтте өзгерте салып, Хазіреті Әлиға (р.а.) қарсы шықты да оның сапынан бөлініп кетті. Осы әрекеттерін діни тұрғыдан дұрыс деп табу үшін «Алладан басқа үкім беруші жоқ немесе үкім беру тек қана Аллаға тән» (Лә хукмә иллә Алла) деген аятты басты ұрандарына айналдырды. Бастапқы кезде төрелік тағайындау оқиғасының басты ойыншылары саналған Хазіреті Әли, Хазіреті Мағауия және төрешілерге наразылығын білдірген осы саяси қозғалыс кейініректе өз көзқарастарымен иғтиқадтық-сенімдік мәнге ие болды.

 

Харижит деп аталуың тарихы

 

«Харижи» сөзі сөздікте – бөлініп шыққан, көшіп кеткен, қарсы шыққан, бағынудан бас тартып, көтеріліс жасаған және сапты өзгерткен деген мағыналарды білдіретін «хуруж» сөзінің түбірінен өрбіген сөз. Әдебиеттерде белгілі бір ағымды ұстаушылардың ортақ аты ретінде, ал жалпы алғанда харижи немесе осы сөздің көпше түрі хауариж деп қолданылып жүр. Шәхристани бұл ұғымды осы ағымды ұстанушылармен ғана шектемей, «мейлі сахаба, мейлі одан кейінгі кезеңдердегі мұсылмандардың басым көпшілігі тарапынан сайланған әділ имамға қарсы шыққан барлық адамды» [1]қамтитындай етіп қолданған. Харижи немесе хауариж «ұялту, кінәлау, жазғыру, намысына тию» мақсатында қарсыластар тарапынан қолданылғандықтан бастапқы кезде жылы қабылданбады. Кейініректе «кәпірлердің арасынан шығып Аллаға және Пайғамбарына хижрет етушілер» (Ниса сүресі, 100-аят) деген аятынан меңзелген топ және «Кәпірлерден әрқандай байланысты үзгендер»[2] болғандықтан осындай атты иеленгендіктерін алға тартып, харижи ұғымына басқаша бір мағына үстеді. Алайда харижиттер өздерін көбіне-көп «Шурат» деп аталғанын ұнататын. «Шурат» - шари сөзінің көпше түрі еді. Ол сөздікте «сатқан/сатушы» деген мағынаны білдіреді. Харижиттер бұл атты Алла жолында соғысып шейіт болып немесе өлтірілуіне байланысты «өздерін Аллаға арнаған немесе Жәннат үшін нәпсілерін Аллаға сатқандар» (Тәубе сүресі, 111-аят) деген мағынада қолданды. Харижиттерді өздерінің қарсыластары басқаша да атайтын болған. Сыффин соғысында төрешілік жолымен мәселенің түйінін тарқату идеясына қарсы шығып, Алладан басқа ешкімнің үкім бере алмайтынын қолдағандары үшін мұхаккима немесе мұхаккима әл улә деп аталды. Сондай-ақ Хазірет Әлидің сапынан бөлініп шыққан соң онымен бірге Куфаға бармай, Куфаға жақын маңдағы Харура деп аталған жерде шатыр құрғандықтан осы жерге байланастырылып харурия деп те аталды; осында Абдулла бин Уәхб әр-Рәсибиді өздеріне басшы етіп сайлап алуларына орай уәхбия немесе рәсбия; «діннен және иманнан безгендер» деген мағынаға келетін марика деп те аталып жүрді.

 

 Харижияның қалыптасу кезеңі

 

Харижияның пайда болуы Сыффин соғысында түйіткілді мәселені төрешілердің көмегі арқылы шешу идеясына қатысты туындаған талас-тартыстармен тығыз байланысты. Харижия ағымы төрешілік идеясын қабыл етпеуіне байланысты Хазірет Әлиден (р.а.) бөлініп кеткендердің құрған саяси ағымы болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда, Сыффин соғысы болған 37/657-8 жыл – ағымның қалыптасуы тұрғысынан өте маңызды кезең деуге болады. Өйткені осы кезеңнен бастап сол бір идеяны қолдайтын кейбіреулер де бастарын біріктіріп, Хазіреті Әли (р.а.) мен Хазіреті Мағауияның (р.а.) жақтастарынан басқа бір саяси одақ құрды. Алайда белгілі бір саяси және иғтиқади-сенімдік көзқарастарды қолдайтын ағым ретінде харижияның пайда болуын және қалыптасу кезеңін тек Сыффиндегі төрелік ету оқиғасымен түсіндіруді концепция ретінде харижияны ұғынып түсіну тұрғысынан алғанда жеткілікті дей алмаймыз. Ешбір діни-саяси қозғалыс бір ғана себептің нәтижесінде пайда болмаған және кенеттен пайда бола салмаған; бірнеше оқиғаның нәтижесінде және көптеген себептің әсерінен ұзақ уақыт бойы қалыптасып отырған. Төрешілік ету оқиғасынан кейін жарық дүниеге өзін паш еткен «харижияның өзгешеленуі» де бірқатар оқиғалар мен белгілі бір кезеңнің нәтижесінде пайда болды. Шын мәнісінде Хазіреті Осман (р.а.) халифа боп тағайындалған соң қайтадан бас көтерген Әмәуи-Хашими қақтығыстарымен, Хазіреті Османның (р.а.) халифалық дәуірінде әсіресе соңғы алты жылындағы саяси оқиғалар, яғни 35/656 жылы оның Мәдинада өлтірілгеніне дейін болып өткен оқиғалар және отырықшы өмірге кейіннен бейімделген бәдәуи арабтардың әлеуметтік өмірге бейімделуіндегі кездескен проблемалар харижия ағымының пайда болуында өте маңызды рөл ойнады.

Харижи ағымының шығу тарихын не үшін келтіріп отырмыз. Ондағы мақсат мұсылман баласы қаншама құлшылықпен айналысқанымен, егер оның бойында парасаттылық, хикмет, бауырға деген сүйіспеншілік, мәмілегерлік, отансүйгіштік және бірлікке бастайтын құндылықтар болмаса күніміздегідей кейбір ағымдардың бойынан харижи ағымының белілері  қайтадан көріне бастайды.

 

Бақытжан ӨТКЕЛБАЕВ,

"Әзірет Сұлтан"  мешітінің наиб имамы



[1]  Шәхристани, 1990, I, 132

[2] Фығлалы, 1997, XVI, 169

Бөлісу: