22
Жұма,
Қараша

һижри

Хадистегі «әл-ғажәбу», «ад-дохику» сөзінің мағынасы

Ақида
Жарнама

Аталған сөздің сыртқы мағынасы «таңырқау, таң қалу» ұғымын білдіреді. Имам Муслим мен Бухаридің Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят еткен сахих хадисте, бір пақыр адамның Алла Елшісінен (с.ғ.с.) көмек сұрап келеді. Сонда, ансарлық сахаба өзінің жанұясы бала-шағасының аузынан жырып, соңғы азығын әлгі пақырды қонақ етіп береді. Имам Муслимнің риуаятында: «Таң атып әлгі қонақжай ансар Пайғамбарға (с.ғ.с.) жолыққанда ол (с.ғ.с.) оған:

قَدْ عَجِبَ اللَّهُ مِنْ صَنِيعِكُمَا بِضَيْفِكُمَا اللَّيْلَةَ

«Алла өткен түнде (әйелің) екеуің қонақтарыңа жасаған игі істен таңырқады», - деді[1]. Ал, имам Бухаридің риуаятында:

ضَحِكَ اللَّهُ اللَّيْلَةَ، أَوْ عَجِبَ، مِنْ فَعَالِكُمَا

«Алла өткен түнде күлді, немесе екеуіңнің істеріңнен таң қалды», - делінген[2].

Ибн Хажәр «фатху әл-Бари» кітабында бұл аяттағы «таңырқау» сөзін «Аллаға қатысты күлу мен таңырқау ауыспалы мағынада. Мұндағы мақсат: ол екеуінің істерінен разы болу» деп түсіндірген [3].

Әһли сүннет пен адасқан топ арасында Алланың сипаттарын түсінудегі айырмашылығы

Алла Тағаланың сипатына қатысты әһли сүннет пен адасқан топтың айырмашылығы төмендегі кесте бойынша баяндалады:

Әһли сүннет

Адасқан топ

Аят-хадистердің мәтінінде келген Алланың сипаттарына жалпылай иман келтіре отырып, Аллаға дене мен ағза телуден, ұқсатудан, кейіп беруден аулақ болу, барлық кемшіліктен пәктеу, мағынасын Алла Тағалаға тапсыру.

Немесе сыртқы мағынасы мұрат етілмейтіндіктен тілдік мағыналары арасында Алланың затына лайық болған сөзді жорамал негізінде таңдау. Сондай-ақ  Аллаға телінген сипатты жоққа шығарудан сақтану.

Яғни, әуелі күллі кемшіліктен «тәнзиһ» етіп لَيْسَ كَمِثْلِهِ شَيْءٌ  «Оған ұқсайтын ештеңе жоқ»[4] аятқа сай  пәктеу, сосын исбәт қылып бекіту.

Аллаға қатысты муташабиһ аят-хадистегі сөздерді тура мағынасында қабылдап, тіпті Аллаға мекенді, белгілі бір тарапты, физикалық мағынада іс-қимыл мен ағза-мүшелерді білдіретін сөздерді тура мағынасында исбәт қылып бекіту. Одан кейін барып тәнзиһ етіп, пәктеу.

Яғни, әуелі исбәт қылып бекіту, сосын тәнзиһ етіп пәктеу.

Мысалы: Алла Тағала аятта былай дейді:

كُلُّ شَيْءٍ هَالِكٌ إِلاَّ وَجْهَهُ

«Оның «уәжһі»-нен басқа әр нәрсе жоқ болады» [5].

Әһли сүннет ұстанымы бойынша, аяттағы «уәжһ» сипатына иман келтіре отырып, Алланы ағза-мүшеден, ұқсатудан пәктеп, мағынасын Өзіне тапсырады.  Немесе Алланың затына лайық болған «Алладан басқа»,  «Оның разылығы көзделген істен басқа» сөздерін жорамал негізінде таңдайды. Сондай-ақ Алланың сипатын жоққа шығарудан аулақ болады.

كُلُّ شَيْءٍ هَالِكٌ إِلاَّ وَجْهَهُ

«Оның «уәжһі»-нен басқа әр нәрсе жоқ болады».

«Уәжһ» сөзін тура мағынасында қабылдап, Аллаға «бет, жүз» сөзін тікелей ұғымда исбәт қылып бекітеді. Содан соң, танзиһ етіп пәктеуге көшеді. Яғни, Алланың Өзіне лайықты шынайы беті, жүзі  бар, бірақ оның қандай екендігі бізге белгісіз, Оның жүзі ешқандай жаратылыстың жүздеріне ұқсамайды.

 

Адасқан топтағылар «бет, жүз» ден басқада: «оң-сол қол», «саусақтар», «алақан», «көз», «аяқ»  секілді сөздерді тура, шынайы мағынасында Алла Тағалаға қолданады. Әлбетте тікелей аудармасы ағза-мүшені білдіретін сөздерді тура мағынасында Аллаға қолдану –  исламның алғашқы буын ғалымдарының сенім ұстанымына қайшы келеді.

«Нұр Астана» мешітінің Бас имамы

Нұрлан Рамазанов


[1] «Сахих Муслим», 3/1624.

[2] «Сахих бухари», 3/1382.

[3] «Фатху әл-Бари», 7/120.

[4] «Шура» сүресі, 11-аят.

[5] «Қасас» сүресі, 88-аят..

Бөлісу: