22
Жұма,
Қараша

һижри

Дүниеқоңыздық кемел ихсанға кедергі

Дүниеқоңыздық кемел ихсанға кедергі

Ақида
Жарнама

Алла Тағалланың қасиетті ескертуі жүрегіне бойлап енген, тақуа кісілердің бірі Сануси өзін сәт сайын Алла Тағаланың бақылап тұрғанын сезінгенде, жанын қоярға жер таппай кететін. Өйткені, Жаратушы Иеден қатты қорқатын. Күнара ораза ұстайтын. Қолындағыны қанағат тұтатын, өзі бермесе, ешкімнен көз сүзіп ештеңе сұрамайтын.

Ораза ұстаған кей күндері: «Аузың берік пе?», - деп сұрағандарға:

«Шынымды айтсам… ораза ұстадым деп те, ұстамадым деп те айта алмаймын», - деп күмілжи жауап беретін. Ораза ұстағандықтан «ұстамадым» дей алмайтын. Алайда, менікі қабыл болатын кәміл оразаға жата ма, жатпай ма деген іштейгі күдікпен «ұстадым» деуге де ауызы бармайтын. Оның рухани тереңдігін білмейтіндер: «Өзіңнің ауыз бекітіп, бекітпегеніңді білмейсің бе?», – дегенде, ләм-мим деп жауап берместен, ол жай ғана күлімсірейтін де қоятын.

Бір ғалымнан, «Алланы жақсы көру жүрекке қалай орнайды?», - деп сұрағанда, «Жүректен дүниеқұмарлық кетсе, Алланы жақсы көру сезімі өзінен – өзі орнайды», - деп жауап беріпті.

Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала:

«Біліп қойыңдар! Шын мәнінде, дүние тіршілігі бір ойын, ермек, сән ғана. Өзара мақтанысу, сондай-ақ мал-дүние мен балаларды көбейтудің жарысы. Бейне бір өсірген өсімдігімен егіншілерді таңқалдыратын жаңбыр сияқты. Сосын құрап, сап-сары болғанын көресің. Содан кейін үгінді болады. Дүние тіршілігі де сол сияқты. Ал ақиретте ( кәпірлер үшін) қатты азап (мүминдер үшін) Алладан жарылқау, ризалық бар. Негізінде, дүние тіршілігі алданыштан басқа ештеңе де емес», - («Хадид» сүресі, 20-аят) деп дүние тірлігінің нағыз бет пердесін ашып берді.

Құлдарын тәрбиелеу мақсатына Алла Тағала белгілі бір амалдарды орындауға немесе олардан бойымызды аулақ ұстауға шақырады. Жаппар Иеміз сүймейтін және мұсылмандардың бойында болуын да қаламайтын ұнамсыз қасиеттердің бірі – дүниеқұмарлық.

Бір күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с)  Әбу Һурайраға:

 «Әй, Әбу һурайра,саған дүниенің шын бет – бейнесімен көрсетейін бе?», - деп сұрады.

 –Иә, көрсетіңіз, - деп дегенде, Алла Елшісі (с.ғ.с)  оны Мәдинаның қоқыстары төгілетін жерге ертіп барды. Онда жыртық киімдер, адамның түрлі лас қоқыстары, сүйектер шашылып жатыр еді. Соларды нұсқады да, «Сен көріп тұрған мына сүйектер де бір кезде олар мініп алып жер – жерді шарлап, шапқылап жүрген көліктерінің сүйектері! Міне, қазір еттерінен ажырап, саудырап сүйектері ғана қалды. Бірте – бірте бітіп әбден шіріп, топыраққа айналады. Ал мына нәжістер адамдар бұрын жеген жылы – жұмсақ тағамдар еді. Қайдан болса, әйтеуір тауып, ауызға тоғытушы еді. Қазір қарашы, жұрттың бәрі бұлардан аулақ қашады. Ал мынау тозығы жеткен маталар бір кездерде әдемі, әсем киімдер еді. Қазір ше? Жел олардың тоз – тозын шығарған. Міне, дүниенің жағдайы мен ақыры осы. Енді дүние тірлігі үшін жылағысы келгендер жыласын»,-депті.

Бұл дүниедегі әрбір пенденің түпкі мақсаты – екі дүниеде де бақытқа қол жеткізу. Алла ол бақыттың кілтін қасиетті Ислам дініне қойған. Ал ғалымдарымыз шариғат талабы екі жағдайда дұрыс болады дейді.

Бірінші ниет (амалдағы ихсан)  дұрыс болуы керек,

Екінші іс-әрекетің сүннетке сай болу қажет дейді.

Әділ халифа хазірет Омар: «Бір адамның жаннатқа, қалғандарының тозаққа кететінін білсем, жаннаттық адам мен емес пе екем деп үміттенемін. Бір адамның тозаққа, қалғандарының тегіс жұмаққа баратынын білсем, тозақтық сол адам тағы да мен емес пе екем деп қорқамын»,- деген сыры терең, сыны биік сөздері барлығымызға ой салса керек.

Өмірдегі адамдық басты парызымыз – өзімізді жоқтан бар етіп жаратып, рызық-несібелі еткен Алланы тану, Оның бұйырғанын орындап, тыйғандарынан алыс болып, Оның бәрін көріп тұрғанына ешбір шүбәсіз сену болмақ. Тілін кәлимаға келтірген кез келген иманды жан «Алла бір, пайғамбар хақ, Құран шын» деген қағидамен өмір сүреді.

Әлбетте, бұл әлем Алла назарынан ешқашан тыс емес. Бірақ бұл әлем ішінде шайтанның да, нәпсінің де үлесі бар. Шайтан болса да адам баласына жау. Ал нәпсі – біздің қалауымыз. Ол қалауға тапсырыс ниеттен түседі. Сондықтан адамның әуелі ниеті түзуленбей, ісі оңғарылмайды.

Ниеттің басты өлшемі – Алла бәрін де көріп тұр деген сенімді естен шығармау. Бұл сенім жасаған амалдың ықыласты болуына әкеледі.

Амал мен ихсан – дене мен рух секілді бір-бірінен ажырамас дүниелер. Амалсыз ихсан болмайтындықтан, адам ешқандай амал жасамай «мен кәміл ихсанда өмір сүремін» деуі де қисынсыз. Кәміл ихсанмен жасалмаған амал рухсыз өлі дене іспетті. Сондықтан да қандай жоғары деңгейде жасалса да, бірақ онда ихсан ықылас болмаса, бүкіл есіктерді ашу мүмкін, алайда «Алланың разылығы» деген есікті аша алмайды.

Себебі, Құдайын танымаған адам дұрыс әрі ихсанмен  құлшылық жасай алмайды. Сіз анаңыз бен әкеңізді, жарыңызды жақсы көресіз, өйткені, жақсы танисыз. Ақиқатында, Құдайды жақсы көру, Одан қорқу, үміттену де – Оны танумен келетін ихсан  қасиеттері.

Шынында осыншама алып ғаламды жаратып, оған жүйелі тәртіп орнатқан бір ұлы құдіреттің бар екенін әрбір ақыл жүгірткен пенде мойындары хақ. Өйткені, жаратқан Алла ақылымыз арқылы өзін тануға мүмкіншілік берді.  Алланы ақылммен  таныған адамның құлшылығы да ихсан (кәміл) дәрежесінде болады.

Шәкәрім Құдайбердіұлы:

«Бір Аллаға сыйынған адам өлмес,

Құдайсыз қу қолынан іс те келмес», - деп жырлайды.

«Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен» деген.

 

Ақын Мұқағали Мақатаев:

«Жаратушы, жалғыз Ием, қуат бер,

 Азабымды-тозағымды жеңейін.

Жаратушы, жалғыз Ием шуақ бер,

Өзіме де, өзгеге де төгейін», - деп өз заманында бір Алладан медет тілеген кемел ихсанның иелері болды.  

Алла баршамыздың Өзі сүйген құлдарының арасындағы шынайы ықыласты, ихсанды  пенделерден болуымызды нәсіп етсін!

Нариман Исенов,

«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы

 

 

Бөлісу: