22
Жұма,
Қараша

һижри

Неліктен Матуриди жайлы деректер аз?

Неліктен Матуриди жайлы деректер аз?

Ақида
Жарнама

Әл-Матуриди мәзһабы Мауараннаһр сияқты жабықтау аймақта, Басра мен Бағдат сияқты ғылым орталықтарынан алшақта белең алғандықтан, Әшғарилік сияқты кең танымал бола алмады. Әрі əйгілі Бақиллани (ө.403/1013), әл-Жуəйни (ө.478/1085), әл-Ғазали (ө.505/1111), Шахристани (ө.548/1153) сынды ғалымдардың әшғари мектебінен шыққаны да бұған белгілі бір дәрежеде әсерін тигізді.

Мауараннаһр кәлам ілімінен гөрі, фиқһ және усулу-фиқһ саласындағы пікірталастардың көбірек орын алған аймағы болатын. Кәлам ілімі көбінесе, Мауараннаһр аймағындағы түркілердің арасында кең тарады.

Көптеген деректерде кәлам ғылымы мен ғұламалары туралы сөз қозғалғанда Матуриди жайлы айтылмайды. Мысалы, ибн Надим (955ж.) Матуридидің замандасы Тахауи (933ж.) жазбаларынан Матуриди жайлы дерек кездестірмейсіз. Ибн Халдунның (1360ж.) «Муқаддимасында» кәлам ғылымы жайлы сөз қозғалғанымен, Матуриди туралы айтылмайды.

«Китабу-т – Таухид», «Тәуилату әһли сунна» атты бірегей шығармалардың авторы әрі әһли сүннет бойынша, екі ғұламаның бірі болғанына қарамастан, мәзһабтар тарихы жөнінде кітаптар жазған ғалымдардың еңбектерінде Матуридидің есімінің аталмауы − түрлі жорамалдардың тууына сеп болды. Мәселен, бұл тұрғысында Мұхаммед ат-Танжи: «Имам Әшғариді нағыз ислам ғұламасы етіп көрсетпек болғандар − Матуриди беделін әдейі төмендеткен» деген пікір айтады.

Негізі бұның себебі, сол кездегі тарихи және географиялық жағдайлармен тікелей байланысты. Өйткені, әл-Матуриди ислам әлемінің орталығында емес, Ойкуменаның ең шығысындағы Самарқанда өмір сүрген. Еңбектерін де сонда жазған. Батыс аймағындағыларды, әсіресе, бағдаттықтарды аса қызықтырмағандықтан, әл-Матуриди алғашында тек қана Мауараннаһрде танымал болған. Сондай-ақ, ұстазы Әбу Ханифа сол кезеңнің ең беделді тұлғасы ретінде саналды. Оған қоса, әл-Матуридидің ұстазын ұлықтауы оның көлеңкесінде қалып қоюына жағдай туғызды.

Ал Салжұқ мемлекетінің уәзірі Низамул-Мулк (1092ж.) Нишапур мен Бағдат медреселерінде Әшғари ақидасына орын берген еді. Осылайша, Салжұқтар дәуірінде Фарста, Мәмлуктер дәуірінде Мысырда, Әйюбилер дəуірінде Шам аймақтарында бұл ақида кеңінен тарау мүмкіндігіне ие болды.

Бұған қоса, Мауараннаһр аймағында моңғол шапқыншылығы кезінде көптеген дерек көздерінің жоғалып кетуі де, Матуридиліктің кеңінен жайылуына кедергі болған. Себебі, бұл кезде көптеген кітапханалар, қолжазбалар мен қалалар отқа оранған еді.

материал «Матуриди ақидасы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: