23
Сенбі,
Қараша

һижри

Бала тәрбиесі: Алғашқы қорек, алғашқы тілек

Бала тәрбиесі: Алғашқы қорек, алғашқы тілек

Исламдағы отбасы
Жарнама

Айша анамыздың (р.а.) айтуынша, сахабалар жаңа туылған нәрестелерді алдымен Пайғамбарымызға (с.ғ.с) алып келетін. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ондайда нәрестені құшағына алып, игі дұға тілеген, сосын құрманың сөлін таңдайына жағып, дәм таттыратын болған.

Яғни дүниеге келген сәбидің тәрбиесі үшін алғашқы қадамдар осылай басталатын. Жаңа туған нәрестенің таңдайына құрма жағу мәселесін ғалымдар әртүрлі жорамалдайды. Бірқатары бұл нәрестені тамақтануға үйрету десе, енді біреулері құрманың адам ағзасына деген пайдасын алға тартқан. Қалай десек те, жаңа туған сәбиге құрманың дәмін алдыру сүннет амалдардың бірі болып табылады.

Алғашқы тілек

Хадистен жас нәресте үшін жасалған келесі бір игі істің − дұға оқу екенін көреміз. Айша анамыз: «Пайғамбарымыз өзіне әкелінген нәрестелердің әрбіріне береке тілеп, дұға оқитын», – дейді. Бұған қоса, нәрестелі болған сахабалар Пайғамбарымызды немесе басқа мұсылмандарды қонаққа шақырып ақ тілегін алған. Мысалы, Мұғауия ибн Қурра ұлды болған кезде кейбір сахабаларды қонаққа шақырып, астан кейін оларға дұға жасатып, артынан өзі де ұлының діндар әрі ақылды болуы үшін тілек тілегенін, қонақтардың бұл тілекке «әмин» деп қосылғанын баяндайды.

Балаларды жақсы көріп, оларды жүректің жемісіне, көздің нұрына теңеген мейірім жаршысы ардақты Елшісі (с.ғ.с) әртүрлі жағдайда пайдаланып, оларға дұға жасап отырған. Мысалы, немерелері Хасан мен Хұсейінге мынандай дұға жасаған: «Аузу кумә бикәлимәтиллаһит-тәммәти мин кулли шайтанин уә һәммәтин уа мин кулли айнин ләммәтин». (Сендерді әр түрлі шайтаннан, зиянды жәндіктен, әр түрлі сұқ көзден сақтасын деп Алланың толық сөздеріне (Құранға) сиынамын).

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қасына жүгіріп келген балалармен амандасып, жақсылық тілеп, оларға дұға жасайтын. Абдуллаһ ибн Аббас бала кезінде Пайғамбарымыздың оған: «Иә, Алла тағалам, бұған хикмет үйрете гөр!» деп дұға жасағанын айтады. Ал хазірет Әнәсқа байлығы мен бала-шағасының көп болуын, ұзақ өмір сүруін, берген садақаларының қайырлы болуын тілеген. Бала тәрбиесінде ең күшті қарудың Алладан тілек тілеп, дұға жасау екенін осылай көрсеткен. «Ата-ананың баласы үшін жасаған дұғасы қабыл болады» деп мәлімдеген Пайғамбарымыз (с.ғ.с) тәрбие барысында бала үшін дұға жасап, тәуекел етуді естен шығармау керектігін өзінің сүннет жолымен үйреткен. Себебі, дұға – тәрбиенің тірегі. Дұғасыз берген тәрбиенің жемісті болуы екіталай.

материал «Исламдағы бала тәрбесі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: