23
Сенбі,
Қараша

һижри

Ажырасу себептері: Жаман əдеттерге үйірсектік

Ажырасу себептері: Жаман əдеттерге үйірсектік

Исламдағы отбасы
Жарнама

Отбасының шырқын бұзып, ерлі-зайыптыларды бір-бірінен бездіретін себептердің бірі – қайсыбірінің жаман əдеттерге үйірсек болуы. «Ауру қалса да, əдет қалмайды» демекші, бұл жаман əдеттердің қоғамымызда кең жайылған түрі – арақ, нашақорлық, құмар ойнау жəне жеңіл жүріс.

Бұлар дініміз бойынша ең үлкен күнəларға жатады. Себебі олар жеке тұлға, отбасы жəне қоғам үшін өте зиянды. Соның ішінде арақ пен нашақорлық – қоғамымызды қанша жылдар ластап келе жатқан дерт, тіпті күн өткен сайын дендеп бара жатқан кірер ізі бар да, шығар ізі жоқ аурулар. Көптеген ер адамдар, кейде əйелдердің де ішімдікке салынып, отбасынан қуылғандарын немесе отбасының шырқын бұзып жатқанын көреміз. Ішімдікке салынған кісінің отбасының əлеуметтік жағдайы төмендей бастайды. Себебі тапқан табыстың бəрі араққа айырбасталады. Шектен шығып кеткендері үйіндегі барын сатып, отбасын аш-жалаңаш қалдырып, отбасынан гөрі арақты жақын тұтады. Нашақорларды да осы қатарға қосуға болады. Мас адам ақылынан айрылып, шайтанның да азғыруымен жұбайы мен бала-шағасын дұшпан көреді. Үйіндегілерді қырып-жойып, пышақтауға дейін барады. Осындай жайды басынан кешкен бір бойжеткен өткен күндерін былай деп есіне алады:

«Мен əкесіз өстім. Бірақ, оған еш өкінбеймін. Бала кезімізде əкеміз үйге келмей қалса, бəріміз қуанатынбыз. Себебі, ол үнемі арақ ішіп келетін. Аждаһа көргендей бəріміз тымтырақай үйден қашып, көршімізді паналайтынбыз. Осы үшін сыныптастарымнан да қатты қысылатынмын. Ертесіне мастығы тарқағанда бəрімізден кешірім сұрап бəйек болады. Бірақ, онысы көпке бармайды. Кешкісін үйге қайта ішіп келеді. Сондай сəттерде үйден алысқа, ешкім білмейтін жаққа қашсам дейтінмін. Бірақ байғұс анамды аяйтынмын. Себебі, мен үйдің үлкені болғандықтан, маған көп арқа сүйейтін. Əкем оны көк ала қойдай ғып ұрып-соғып, сосын түк білмей қорылдап ұйықтап жатқанда, кіші бауырларымды ұйықтатып, мен де анамның қасына барып, оған жаным ашығаннан қосылып жылап, таңды атыратынмын. Бір күні анам оның ойранына əбден тойған болар, оны үйден біржолата қуып тынды. Бəріміз үшін жайма-шуақ өмір басталды. Үйіміз тып-тыныш, күн батқан сайын «Қазір əкеміз тағы да мас болып келіп, бізді тырқырата қуады-ау» деп қорқып, бүрісіп отырмаймыз. Сіңлім екеуміз анамызға қолымыздан келгенше көмектесуге тырыстық. Осылайша күнімізді көріп кеттік».

Қазір ғылым мен техника дамып, елдің ой-өрісі өркендеді дегенмен, əлі де отбасына осындай ойран мен қырғын көрсетіп, отағасы немесе ішімдікке салынған аналардың бары ащы шындық. Олар тек қана отбасын талқандап қоймай, өздерінің де денсаулығын құртып жатыр. Тіпті, сол ішкіліктің салдарынан, дүниеге келген балалары мүгедек немесе ақыл-есі кеміс болып туылып жатыр. Осындай отбасында өскен балалардың тəрбиесі де шикі болып, бұзақылықтарға, қылмыстарға оңай иілуі мүмкін. Осылайша, бақытсыз отбасы, бақытсыз бала-шаға, бақытсыз тұлға пайда болып, соның салдарынан қоғам да зардап шегуде. Арақ пен нашақорлық қаншама кісілерді дəрменсіз бейшараға айналдырып, талай отбасының тағдырын тəлкек етті. Жамандықтың бастауы саналатын ішімдік пен нашақорлық жайлы Құранда былай деген: «Уа, иман еткендер, арақ-шарап, құмар ойындары, пұттарға сыйыну жəне бал ашу (немесе ашқызу) – шайтанның лас істері. Ендеше (екі дүниеде де) мақсат-мұраттарыңа жету үшін бұлардан аулақ жүріңдер. Шынымен, шайтан ішкілік жəне құмар ойындары арқылы араларыңа дұшпандық пен өшпенділік отын жағып, сендерді Аллаһты зікір етуден (Алланы еске алудан) жəне намаз оқудан айырғысы келеді. Енді бұлардан бас тартатын боларсыңдар».

Ал Пайғамбарымыз (с.ғ.с) арақ ішуге былай деп тыйым салған: «Арақ ішпеңдер. Себебі арақ жамандық атаулының кілті», «Алла тағала арақ ішкенді жəне ішкізгенді, сатып алғанды жəне сатушыны, арақты дайындағанды жəне дайындатқанды, əкелгенді жəне əкелдіргенді лағынет еткен». Міне, ит ішпейтін ащының, бар бəлеге басшы екенін осыдан-ақ білуге болады.

Отбасын бұзу үшін шайтанның құрған тұзақтарының тағы бірі – құмар ойындарына бой алдыру. Алла тағала жоғарыдағы Құран аятында құмардың да шайтанның ісі екенін айтты. Ал ол араласқан істің бəрі де азғындыққа жол ашатыны белгілі. Құмар ойындардың кез-келгені дініміз бойынша харам. Себебі ол да адамзат үшін нағыз зиянның көзі. Құмар арқылы адамдар оңай жерден пайда табуға машықтанып, жалқаулыққа ұрынады. Мұндай психология бірте-бірте адам бойындағы еңбекке деген сүйіспеншілікті өшіріп, қулықпен болса да, сұмдықпен болса да олжаға кенеле беруге жетелейді екен. Əрі уақытын ысырап етеді. Құмардың қызығына берілген талай адам отбасын қан жылатып, зар илетті, кедейшілікке ұрындырып, бала-шағасын сорлатты, арақ, нашақорлық пен осы құмардың кесірінен қаншама қылмыстар жасалып, қаншама адам темір тордың арғы жағынан өз орнын еншіледі. Бірақ солай болды екен деп бұдан тыйылған адам өте аз. Қысқа ғұмырдың ойранын шығаратын жаман əдеттерге үйірсектемей, олардан бойды аулақ ұстасақ, ұлы Жаратушының тəубе есігі біз үшін əрдайым ашық. Осындай күнəларға барған адамдар Алла тағаладан кешірім тілеп, тəубаға келіп, жақсылықтың жолына түссе, оның өзі де, құрған отбасы да бақыт құшағына бөленеді-ау.

Ерлі-зайыптылардың арасына ала мысық болып кіріп, ажырасуына жол ашатын кеселдің үлкені жеңіл жүріс. Мұны дінімізде «зина» дейді. Ол – ерлі-зайыптылардың бір-бірін алдауы, бір-бірінің көзіне шөп салуы. Қазіргі таңда қоғамда да ең көп тараған кеселдің бірі осы. Ислам дінінде зинаға да қатаң тыйым салынған. Құранда бұл жайында былай делінген: «Зинаға тіпті жақындамаңдар, өйткені ол барып тұрған арсыздық жəне ең жаман жол».

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде екі жақ пен екі бұттың арасын арсыздықтан сақтай білген адамның жəннатқа кіретініне кепілдік беретінің айтады. Хадистегі екі жақ арасы дегені тіліне сақ болуды меңзегені. Себебі адам баласының жасайтын күнəларының көбі тілі арқылы іске асады. Ал екі бұт арасы дегені абыройын сақтауы. Себебі нəпсі мен шайтанның жетегіне еріп, адамның адалдықтың ақ жібін аттауы тек қана жеке өмірін емес, сонымен қатар отбасын да, қоғамды да бүлдіретін ең жиіркенішті, салмағы қорғасыннан ауыр күнəлардың бірі. Бұл сұмдық ескертпелер еркекке де, əйелдерге де қатысты. Ертедегі уақытта отбасына опасыздық жасау қазіргі кездегідей қоғамдық тұрғыда жаппай жайылған кесел емес еді. Ал қазіргі таңда екінің бірі бұл сұмдыққа шырмалғандай. Себебі бұған итермелейтін жолдар да өте көп. Соның ең бастысы бұқаралық ақпарат құралдары, оның ішінде теледидар. Көркем фильмдерде, əнге түсірілген бейнебаяндарда немесе шетелдік шоу бағдарламаларда ашық түрде зинақорлық уағыздалады. Бұған еті үйренген адамдардың санасында күйеуінің көзіне шөп салу, жұбайын алдау секілді сорақылықтар əбес саналмайды.

Сонымен қоса, қаражатты көксеген көптеген арзанқол газеттер мен журналдарда да жеңі жүрісті адамдарды тəрбиелеуге өз «үлестерін» қосуда. Ғаламтордың əр тетігін басқан сайын бұл бағыттағы дүниелеріне қарап, «бетті бастым, қатты састым, тұра қаштым жалма-жанның» кебіне түсеміз. Айналамыздың бəрінде осындай көріністер қаптаған мына заманда ерлізайыптылардың өздерін əрі бала-шағаларын жаман жолға түсуден барынша қорғағандары абзал. Ол үшін теледидарлардағы бағдарламалар мен киноларды таңдап көріп, əдептілікке баулитын жəне діни бейне таспаларды іріктеп тамашалап, үйімізге тек мəдениетті, пайдалы басылымдардың ғана келуіне рұқсат беріп, қолымызға алатын кітаптарға жəне ғаламтор мəліметтеріне де өте сақ болу қажет. Сонда ғана ерлі-зайыптылар бір-біріне сенімді, ұлы ұятты, қызы ибалы болады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір күні күйеу баласы хазірет Əлиге (р.а.) былай деп өсиет айтады: «Əли, харамға көзің түскенде алғашқысына күнə жазылмағанмен, кейінгісіне күнə жазылады». Яғни кейде адамның көзі харамға еріксіз түсуі мүмкін. Сонда дереу көзін сол жерден басқа жаққа тайдырып əкетсе, мұнысы үшін оған сауап жазылады. Ал нəпсісін тыя алмай, əлгіге құмарлықпен қайтадан қараса, онда күнə жазылады. Сондықтан əрбір ер мен əйел өзін-өзі осы хадиске сай тəрбиелеп, тежей білуі қажет. Даналықтың дара тұлғасына айналған

Алла елшісінің (с.ғ.с) келесі хадисінде былай делінген: «Харамға қарау көз зинасын жасады деген күнə жүктейді». Демек, кісінің харам жеріне қарау да көзбен жасалған зинаға жатады. Себебі барлық жамандық сол қараудан басталады. Көзбен көрген нəрсе санаға орналасып, ойын жегідей жейтін құртқа айналады. Сондықтан, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жамандыққа қарай жетелейтін осындай істердің бастауының өзіне тыйым салып, алдын алуды өсиет еткен.

Ерлі-зайыптыларды жеңіл жүріске итермелейтін тағы бір кесепат ер кісілер мен əйелдердің аралас-құралас қызмет етуі. Əсіресе, қазіргі жұмыс орындарының көпшілігі осындай сипатқа ие. Ер кісі мен əйелдердің бір ұжымда, бір кеңседе отыруы, олардың күнде бір-бірін көріп əңгімелесуі, кейбір шараларға бірге қатысуы, іс-сапарға бірге шығуы, мерекелерді бірге атап өтуі, міне, осының бəрі ерлі-зайыптылардың арасының бұзылуына алып келуде. Тіпті, кейбір мекемелерде біреудің ері мен басқа біреудің жары бас қосып, мерекелерді атап өтуі үшін кафе, ресторан секілді орындарда көңіл көтереді. Мұндай жерлерге тапсырыс белгілі адам саны үшін беріледі. Нəтижесінде ұжымдағы кешке ерлер жұбайларынсыз, ал əйелдер күйеулерінсіз барып, көңіл көтереді. Сонда жаңа жыл немесе сегізінші наурыз секілді мерекелерді ері мекемесіндегі əріптестерімен, ал жұбайы өз қызметтестерімен бірге тойлайды. Ондай жерлерде ішімдік ішіліп, əр түрлі ойындар мен билердің ұйымдастырылатынын ескерсек, мұндай əрекеттер отбасының бұзылуына оңай жол ашып береді. Бұл нағыз қызметтестер хикаясының пайда болуына таптырмас мүмкіндік. Əрине, біз бұл ескерту арқылы əйел заты жұмыс істемесін, үйінде отырсын деп немесе мекеменің ішкі шаруасына қарсылығымызды білдіріп отырған жоқпыз. Бірақ адамдардың жеңіл жүріске түсуіне қызмет барысындағы еркіндіктің біршама үлес қосатынын ешкім жоққа шығармаса керек. Сондықтан біздің айтарымыз, мұндай жағдайларда дініміздің өсиеттерін негізге алып, күнəларға бой алдырмай, сақтықпен əрекет ету шарт.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде былай дейді: «(Некелері қиылмаған) əйел мен ер адам бір жерде оңаша қалса, үшіншісі сөзсіз шайтан болады». Сондықтан қызмет бабындағы еркек пен əйел осыны да ескеруі қажет.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ерлерге айтқан келесі өсиетінде былай дейді: «Күйеулерінің рұқсаты болмайынша, басқалардың əйелдерімен сөйлеспеңдер». Яғни Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ер азаматтарды басқа əйелдерге көз тастауға, олармен белгілі бір жұмыстардың тысында сөйлеспеуге шақыруда. Себебі ер кісі үшін шайтанның ең күшті тұзағы əйел болатыны белгілі. Сол тұзаққа түсіп қалмауы үшін ер адамдардың өздеріне берік болғаны абзал. Сонда үйінде балаларын қарап, ыстық тамағын əзірлеп, отағасының келуін күтіп отырған жұбайының алдында адал болып, оның сеніміне селкеу түсірмейді. Əйелдерге де айтылар ескерту бар. Мұны Алла тағала Құранда былай деп білдіреді: «Əй, Пайғамбар жұбайлары, егер Алладан шын қорқатын болсаңдар, сендер басқа əйелдер сияқты емессіңдер (яғни сендердің жауапкершіліктерің де, дəрежелерің де өзгелерден жоғары). Ендеше, (бөгде ер кісілерге) тым жұмсақ əрі назды дауыспен үн қатпаңдар. Жүрегінде дерті бар, иманы əлсіз кейбіреулер дəмеленіп қалуы мүмкін. Əрдайым жақсы сөздер айтыңдар».

Бұл аятта Пайғамбарымыздың жұбайларымен қатар барлық мұсылман əйелден өз ісəрекеттерінде абайлап, басқаның ошағын бұзуға себепші болмауын, тіпті осы тұрғыда жүрістұрысы былай тұрсын, дауысымен болса да назды қылықтарын көрсетпей, теріс əрекетке бармауы талап етіледі.

Жоғарыда зинаға қатысты аятта Алла тағала «Зина жасамаңдар» демейді, «Зинаға тіпті жақындамаңдар» дейді. Демек, мұсылман ер мен əйел өзін зинаға қарай сүйрейтін жаман əдеттердің де алдын алып, зинаның ауылынан барынша алыс болғаны абзал. Қазіргі кезде ерлі-зайыптылардың ажырасуы дағдылы іске айналып кетті. Деректерге жүгінсек, ажырасудың сексен пайызы үш жылдам астам отасқан жұбайлардың еншісінде екен. Ал олардың көбінесе алғашқы екі жылда балалы болатынын ескерсек, ажырасу дегеніміз – қаншама қарадомалақты тірі жетім атандырып, көз жасын жүктеу болып шықпай ма? Əрі толыққанды отбасында тəрбие көрмеген көңілі де, жаны да жарымжан баланың ертеңгі күні атаанасының іс-əрекетін қайталамайтынына кім кепіл? Мұндай індеттің алдын алу саусақтарына неке жүзігін тағып, бастарына бақыт құсы қонған əрбір жұптың күрделі міндеті, азаматтың болашақ ұрпақ алдындағы борышы.

Шаңырақтың бұзылуына түрлі себептер түрткі. Біз бұл еңбек барысында еліміздегі ең көп тараған түрлеріне ғана тоқталдық. Себебі шаңырақ шаттығына нұқсан келтірер əрбір кемшілікке арнайы ат басын бұрып түсіндіру үлкен шаруа. Жер бетінде алты миллиард адам бар десек, алты миллиард көзқарас бар. Ендеше, жанын өзге тұрмақ, кейде өзі де түсінбей қалатын адам баласын иман, сабыр секілді игі ұстанымдар ғана тұсап, жақсылыққа жетелей алады.

материал «Исламдағы жанұя» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: