20
Дс, Қар
10 Жаңа

Пекинде дінаралық келісім жайы талқыланды

Ел іші
Шрифт

Қытай астанасы Пекинде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі вице-министрі Марат Әзілханов ҚХР Дін істері мемлекеттік басқармасының жетекшісі Ван Цзоаньмен кездесті. Бұл туралы E-islam.kz порталы хабарлап отыр.

Екіжақты кездесу барысында өкілдер дін саласындағы өзекті мәселелер туралы пікір алмасып, мемлекеттік-конфессиялық және конфессияаралық қатынастар мәселелерін талқылады.

ҚР Мәдениет және вице-министрі Марат Әзілханов бұл елге Қытай тарапының шақыруымен қазақстандық діни бірлестіктер өкілдерінен құралған делегацияны бастап келді. Делегация құрамында «Нұр Астана» мешітінің бас имамы, наиб мүфти Наурызбай Өтпенов, Жаркент православие шіркеуінің діни қызметшісі Павел Иванов, Астана қаласындағы Әулие Мария Рим-католиктік архиепархиясының өкілі Павел Войчех, Астана қаласындағы «Інжілдік-лютеран шіркеуі» жергілікті діни бірлестігінің жетекшісі Юрий Новгородов, Алматы қаласындағы «Вон-буддизм» жергілікті діни бірлестігінің төрайымы Лариса Палагина, Астана қаласындағы «Христиандық Новоапостол шіркеуі» жергілікті діни бірлестігінің жетекшісі Федор Бурлаков бар.

Қытай тарапы кездесу барысында мемлекеттік-конфессиялық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделіне қызығушылық танытып, жаһандық диалог алаңы ретінде берік орныққан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің діндер мен мәдениеттер арасындағы әлемдік деңгейдегі өзара түсіністікті нығайту жолындағы мәні мен маңызына жоғары баға берді. Тараптар алдағы уақытта екі жақты  мәдени және рухани  саладағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екендерін білдірді.

 

ummet.kz-ақпарат 

BLOG COMMENTS POWERED BY DISQUS
e-max.it: your social media marketing partner