19
Сейсенбі,
Наурыз

һижри

Пайғамбар (ﷺ) сақалы Көкше мешітіне тапсырылды (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

Күллі мұсылман әлемінің ардақ тұтар пайғамбары Мұхаммед Мұстафаның () бір тал шәриф сақалы жуырда ғана Көкшетаудағы ашылған Науан хазрет атындағы жаңа мешітте тұңғыш рет ел назарына ұсынылды.

Еске сала кетейік, өз ата-бабаларынан мирас болып келе жатқан бұл құнды жәдігерді Атбасар ауданының Садовый ауылының тұрғыны 85 жастағы Фатима әжеміз бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлына аманаттап, тапсырған еді.

Тарих жәдігерді көруге келген халықтың санында есеп болмады.

Шынында да, қасиетті  Құранда: «Сендерге Алланың елшісінде көркем өнеге бар» делінеді. Адамзатқа рақым болып түскен пайғамбарымызды () ұлықтау қастерлі істердің біріне жатады. Қасиетті Мекке мен Мәдинада ұлық пайғамбарымыздың () өмірін паш ететін  ұлағатты ізі сайрап жатыр. Ал, одан қалған жәдігерлер әлем мұсылмандары үшін қасиетті дүниеге айналған.

Қасиетті құран аяттарын оқумен басталған салтанатты шарада облыс имамы Қанат Қыдырмин бұл жәдігердің қастерлі құндылық екендігі жөнінде кеңінен әңгіме қозғады. Сақал шәриф салынған түтікшенің осының алдында араб елінде зерттелгенін, оның риясыз ақиқат жәдігер екендігі дәлелденгенін атап көрсетті. Араб ғалымдары да мұндай жәдігерлердің әлемнің түпкір-түпкірінде бар екендігін де жоққа шығармайды.

Ислам тарихында, пайғамбар () өмірінің соңғы күндерінде қырқылған бір шоқ сақалын сахабаларына бергені айтылады. Кейін бұл жәдігер Осман империясы кезінде Ыстамбұлдағы Топкапы мұражайына жеткізіледі. Ал, осы түрік империясының сұлтаны ислам дінін қабылдаған елдердің басшыларына бір тал сақал шәриф салынған түтікше шыныларды тәбәрік ретінде сыйға ұсынған екен.

Ақмола өңірінде табылған бұл жәдігердің орны бөлек. Ең бастысы, ол ғасырлар бойы қиын-қыстау алмағайып замандарда осы қасиетті затты сақтап келген бабаларымыздың асыл дінімізге деген беріктігін көрсетсе керек. Мысалы, бір тал сақал шәриф салынған қобдишаның ішінде табылған жазбалардағы сөздердің қазақша аудармасында былай делінеді:

«Ғаламның нұры, жаратылыстың жауһары, махшар күні күнәһарлардың шапағатшысы Пайғамбардың, оған Алланың сансыз салауаты мен сәлемі болғай, жұпар иісті мүбәрак бір тал қара сақалы.

 Бисмилләһир-рахманир-рахим.

Барлық мақтау Аллаға тән, барлық мақтау Құранды тарту еткен, өзімізді иманның тура жолына салған, Меккедегі Қағба Үйіне кеңшілігімен және игілігімен    кіргізіп,    қауіпсіз    еткен    һәм    Аднан    ұрпағының    төресі, Пайғамбардың қабіріне, оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын, зиярат етуді нәсіп етіп, көңілімізді хош еткен Аллаға тән.

Алла Тағаладан өзімізді жұмақта біліміне амал ететін ғұламалармен бірге жинауын тілейміз.

Алланың салауаты мен сәлемі ұлы мінезге ие еткен Елшісіне, оның әулетіне һәм сахабаларына болсын!

Дін мен міллет ғұламалары, ашық та айқын сүннеттің жақтаушылары!

Осман мемлекетінің қазынасына жататын Пайғамбардың, оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын, осынау бір тал мүбәрак сақалын шейх Ахмадуддин һижри 1273 жылдың 12 мұхаррам күні (миләди 1856 жыл 12 қыркүйек) Мекке Мукаррама қаласы, Алла оның шарапатын арттырсын, мұсылман қауымының алдында Сәид Масғұд ибн Сәид Махмұдтан алды.

Ал Сәид Масғұд болса, осы бір тал мүбәрак сақалды 1267 жылы 18 шағбан күні (1849 жыл 9 шілде) Мекке Мукаррамада, Алла құрметін арттырсын, Мәдина Мүнәууараның тұрғыны Сәид Абдулла ибн һашимнен алған.

Абдулла ибн Һашим осы бір тал мүбәрак сақалды 1265 жылы 14 шәууәл күні (1849 жыл 2 қыркүйек) Мекке Мукаррамада Сәид Асғад ибн Сәид Мұхаммедтен алған.

Алланың рахымына пақыр пенде (яғни Ахмадуддин) Осман мемлекет қазынасынан алған Пайғамбардың, оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын, осынау бір тал мүбәрак сақалын 1257 жылы рамазан айының бесі күні Рум қаласында мұсылман жамағатының қатысуымен білімдар, тақуадар Рум Муфтиі Мулла Иуаз Мұхаммедке ризалығымен һәдия еткен.

Ал Мулла Иуаз Мұхаммед 1287 жылы сафар айының 8-і күні (1870 жылы 7 маусым) осынау бір тал мүбәрәк сақалды Исламбул қаласында екі харамның қажысы Дамулла Рахманбердінің ұлы Мулла Абдулханифке табыстаған.

Мүбәрәк сақал туралы ешқандай күмән, шүбә болмасын, ин шаа Алла. Бұхараға жеткен соң ғұламалары және жұрты оны растасын, ұлықтап, құрметтесін, қастерлесін!

Аталмыш келісім 1287 жылдың 11 сафар күні (1870 жыл 10 маусым) сүннет һәм құжат жолымен Рум қаласында орналасқан өзбек нақшыбандия тәкиясында жасалды. Бұл тәкия Бұхара шәриф жолаушыларының тоқтайтын мейманханасы. Оны салған шейх Қажыбай марқұм.

Қажы Иуртеке осынау бір тал мүбәрак сақалды шамамен миләди 1869 жылы алды.

Мен бұл мүбәрак сақалды 1921 жылы март айында қажы Иуртеке қажыдан алдым. Алған адамның аты Бөкей қажы Сандыбайұлы.

Бөкей қажы қайтыс болғаннан кейін оның ұлы Әбдібек алды.

Бөкей қажының қайтыс болған жылы 1924 жылдың февраль айы».

Көкшетаудың мешітіндегі шарада сөз алған Фатима анамыз бұл шәриф дүние аталарының қолына 1921 жылы тигенін айтты. Ал, оның алдындағы адамдар жайлы толық деректер жоқ. Бұл тұлғалардың араб па, қазақ па, әлде басқа қауымнан ба, оны ажырату әзірге қиындық келтіріп отыр.

Біздің бір байқағанымыз, шыны түтікшенің күміспен күптелген жеріндегі мөр қобдишаның бетіндегі темір жапсырмада да бар. Сонымен бірге, жазбада келтірілген тұлғалардың бірінің қойған мөрі Иерусалим қаласындағы белгілі әл-Ақса мешітіне сұрау салу арқылы айғақталып отырғаны айтылды.

Жиналған қауым алдында сөз алған Фатима анамыздың толғанысын да көріп те ерекше әсер алдық. Ұлы атасы Бөкей қажы мешіт салып, дін таратқан адам екен. Ал, әкесі Әбдібек те дін жолында бар ғұмырын өткізген. Осындай ұлағатты отбасында тәрбиеленген Фатима анамыздың ата-бабадан мирас болған қастерлі дүниені осы күнге дейін көздің қарашығындай сақтап келгендігі баршамызға үлкен өнеге болса  керек. Тіпті, әкесі сонау кеңес өкіметі орнаған жылдары осы тәбәрак затты үйіне емес, далада жасырған күндері де болған екен.

– Сексеннің сеңгіріне шыққан жасымда пайғамбарымыздың () көзіндей көрінетін бұл қастерлі дүниені кімге табыстарымды білмей, қиналған кездерім де болды. Кейде ұйқым қашып, жанымды қоярға жер таба алмайтын едім. Енді міне, сол асыл дүниені еліміздің мүфтиятына табысталғалы көңілім жай тапты, Мен де өзімнің  ата-бабаларымның алдындағы аманатымды орындадым, – деді өз сөзінде Фатима анамыз.

Осылай Пайғамбарымыздың () бір тал сақал шәрифін ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап, көзінің қарашығындай сақтап келген Фатима әжемізге облыс имамы Қанат Қыдырмин сәйгүлік мінгізіп, Бурабайда демалуға жолдаманы табыс етті. Сонымен бірге қасиетті Мекке мен Мәдинаға барып, ұмра қажылығы да берілетін болады.


 

 

ummet.kz-ақпарат 

Бөлісу: