29
Жұма,
Наурыз

һижри

Әлемдік дін жетекшілері съезінде ИШИР мәселесі көтеріледі

Ел іші
Жарнама

ҚР Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков Дін жетекшілерінің съезiнде әлемді дүрліктірген ИШИР лаңкестiк ұйымы туралы терең талқылаулар жасалатынын мәлім етті. Ол ауқымды басқосудың лаңкестік ұйымдар мәселесіне арналмағанымен, өзекті тақырып кеңінен қозғалады деді. Бұл жайында E-islam.kz порталы хабарлайды.

«2006 жылы пайда болған ИШИР террорлық тобы бүгiнгi күнi Ирак пен Сирия еліне, араб құрлығына үлкен қауiп төндiрiп отыр. Бастапқы кезде қоғамның назарынан, талқылауынан тыс көрінгенімен, уақыт өте үлкен әскери, саяси күшке айналып кетті. Саддам Хусейннiң бұрынғы жауынгерлерi құралған террорлық топтың әскері 2010 жылы Сириядағы азаматтық соғыста күшейе түсті. Олар бүгінде Ирактың 30 пайыз аймағын, Сирияның 50 пайыздай жерiн өзiнiң ықпалында ұстап отыр. Бұрын көршiлес Ливан, Палестина, Сирия, Ирак, Түркия, Мысыр елдерiнiң шеңберiнде ислам мемлекетiн құру мақсаты болған болса, қазiр әлемдiк халифат құру мақсатын алдына қойып отыр. Бұл – өте қауiптi құбылыс. Мысалы, қасиеттi Қағбаның өзiн жермен-жексен етемiз деген ойлары да бар. Баршаңыз көріп отырсыздар, ИШИР әскері басып алған қалалардың бүкiл тарихи, мәдени-рухани мұраларын жермен жексен етіп, күлін көкке ұшыруда» дейдi сенатор. Осындай үлкен адами құндылықтарға  үлкен қиянат пен қасірет әкеліп отырғанына қарамастан террористер тобына айына кем дегенде мыңнан астам жас барып қосылады екен. «Олардың арасында қазақстандықтар барын бiз бiлемiз. Ендi олардың қанша уақыт өтсе де, елге қайтатыны белгiлi ғой. Ал олар қандай мақсатпен келедi? Қандай оймен келедi? Қандай тапсырыспен келедi? Бұл ендi үлкен сұрақ. Бiрақ бiздiң тиiстi органдар елдегi тыныштықты, бейбiт өмiрдi бұзуға ешбір жол бермейді деп  есептеймiз» деді И. Адырбеков.

Ал ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Алмасұлы «атышулы "ИШИР"-ді, БАҚ құралдары мен жалпы әлеуметтік, қоғамдық орта, лаңкес содырлардың өздері жариялағандай, "Ислам мемлекеті" деп атамағаны жөн» деді. Вице-министрдің сөзіне сүйенсек, заң алдында ешбір қылмыстық әрекет дін атын бетперде ете алмайды. Бүгінде Ислам дінін желеу еткен түрлі лаңкестік ұйымдар жайлы да айтылар әңгіме осындай.  «"Ислам мемлекеті" деген сөзді қолдануда абай болыңыздар. Бірқатар мемлекеттер бұл сөзді қолданбау туралы шешім шығаруда. Біздің де аталмыш ұйымдарды "ИШИР", "ИСИМ" сияқты қысқартылған атаумен атағанымыз дұрыс болар» деп сөзін түйіндеді вице-министр.

ummet.kz-ақпарат 

Бөлісу: