19
Жұма,
Сәуір

һижри

ҚАСТЕРЛІ ҰҒЫМНЫҢ ҚАДІРІН ҚАШЫРМАЙЫҚ

Ел іші
Жарнама

Кеше ҚР Президентi жанындағы Орталық коммуникациялар қызметiнде Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің бесінші съезді қарсаңында баспасөз мәслихаты өтіп, онда ҚР Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілханов пен Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин қатысты. Съезд қарсаңындағы жиында Сенат өкілі Икрам Адырбеков Дін жетекшілерінің съезiнде әлемді дүрліктірген ИШИР лаңкестiк ұйымы туралы терең талқылаулар жасалатынын мәлімдеді. Сөз кезегінде ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Алмасұлы «атышулы "ИШИР"-ді, БАҚ құралдары мен жалпы әлеуметтік, қоғамдық орта, лаңкес содырлардың өздері жариялағандай, "Ислам мемлекеті" деп атамағаны жөн» деген ұсыныс тастаған еді.

Вице-министр заң алдында ешбір қылмыстық әрекет дін атын бетперде ете алмайтындығын айтып, лаңкестік ұйымдарды қылмыскер екенін айғақтап "ИШИР", "ИСИМ" секілді өз атауымен атап, Ислам дініне қатысты ұғымдарды қолданбауға шақырды.

Баспасөз мәслихатында айтылған ұсыныс артынша қоғам тарапынан қолдау тауып, бірқатар белгілі теологтар мен дін мамандары өз пікірлерін білдірді. 

 

Досай КЕНЖЕТАЙ,

Теология және философия ғылымдарының докторы,

Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті,

«Дінтану» кафедрасының профессоры:

 

 – «Қазмедия» орталығында өткен баспасөз мәслихатында Вице-министр Марат Әзілханов мырзаның "Ислам мемлекеті" деген тіркесті қолданбау туралы ұсынысы өте сауатты, ғылыми, саяси танымдық негізде тұжырымдалған ой. Себебі, Ислам категориясының ішіне барлық мұсылман елдері мен мемлекеттері кіреді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев бір сөзінде «Біз де ислам мемлекетіміз. Дініміз – ислам, кітабымыз –Құран, түбіміз – түрік» деген анықтамасын тәуелсіздік алған алғашқы жалдары-ақ айтқан болатын. Бұл жерде ислам ұғымы өркениеттік, аксиологиялық, мәдени, болмыстық тұрғыдан айтылып отыр.

Ал енді Ирақтағы содырлар олар арнайы исламофобия құралы, ислам атын құбыжыққа айналдырушы жалдамалы, жасанды топ. Ислам атын жамылып, ислам әлеміне жік салуды мақсат ететін арнайы жоба. Сондықтан, М. Әзілхановтың сыртқы күштердің мақсаттары мен телеологиялық механизмдерінен тұратын саяси ойындары мен идеологиясына ойсыз құрал болмауды, олардың саясатының шотын шабудан сақтануды білдіретін бұл ұсынысы, бүгінгі ориенталистиканың бағытын терең білетін мемлекет қызметкері екендігін көрсетеді.

 

 

Жалғас САНДЫБАЕВ,

Философия ғылымының кандидаты,

Исламтанушы:

 

– «ИШИР»-ды Ислам мемлекеті деп атауға мен де келіспес едім. Біз қалайша жазықсыз адамдарды малдай бауыздап жатқан экстремистік ұйымды «Ислам мемлекеті» – деп атамақпыз?

Құрметті оқырман, қазақ халқы бойына Ислам құндылықтарын сіңірген адамгершілігі мол адамды – «иманды адам», «көркем мінезді адам» немесе «көрегенді адам» деп  айтады. Ал енді бұзық, қиянатшыл, көргенсіз адамды «имансыз» деп айтады. Демек, қазақ ұғымында «иманды» адам – жақсы адам, ал «имансыз адам» – жаман адам.

Жалпы «Ислам» сөзі бейбітшілік, амандық мағыналарын білдірсе, «мұсылман» сөзі Алланың әміріне бойұсынған деген мағынаны береді. Олай болса, діндар, құдайшыл әрі тақуа адам қалайша Алланың әміріне қарсы шығып, басқаларды қанішерлікке шақырмақ, жазықсыз адамдардың жанын алмақ?! Өйткені, Құранда Алла тағала былай деп әмір етеді:

«Бір-бірлеріңді өлтірмеңдер. Расында Алла сендерге ерекше мейірімді. Ал кім айтылғанды дұшпандық, зұлымдықпен істесе, оны жақында отқа саламыз. Бұл – Аллаға оңай» (Ниса: 29-30).

Иә, Ислам деген уақытта адамның ақылына мейірім, қайырымдылық, ізгілік пен достық сияқты т.б. көптеген адамгершілік ұғымдар келеді. Ал енді ИШИМ мемлекеті деген сөзді естігенде дереу майдан алаңы, жан-жақта өліп жатқан адамдар, қайғы мен қасіретке оранған отбасы, қара киім киген жүздерінде мейірім жоқ баскесерлерді ойлаймыз.

Өзін шариғат заңымен өмір сүретін виртуалды «Ислам мемлекеті» деп жариялаған «халифаттың» Исламмен мүлдем қатынасы жоқ. Олар жай ғана діннің атын жамылып, халықты Исламнан қайтарып жатыр. Олар үшін Исламдағы «адам өлтірме», «зорлық жасама», «қиянат қылма», «зұлымдықтан сақтан» деген сияқты т.б. көптеген адамгершілік құндылықтар мен ұстанымдар жәй сөз ғана.

Осы орайда ИШИМН-ің қолында тұтқында он айдан астам болып, еліне аман оралған француз журналисті Дидье Франсуа CNN-ге берген сұхбаты есіме оралады. Тұтқында болған журналист мынадай жәйтті айтады. Ол он ай бойы ИШИМ-ің тұтқыны ретінде ішінде жүріп, олардың ешбірінің Құран оқып отырғанын көрмеген, не Ислам жайында айтқан әңгімелерін де естімеген немесе бөлмелерінде бір де бір Құран нұқсасын байқамаған: «Ешқашан Құран тәпсірінің түсіндірмесіне қатысты әңгімені немесе Исламға байланысты уағызды айтып отырғанын естімедім. Олардың Құранға ешқандай қатысы жоқ. Олардың өздерінде Құран жоқ еді және оны бізге де бермейтін...» дейді.

 

 

Наурызбай ТАҒАНҰЛЫ,

 ҚМДБ-ның найб мүфтиі,

«Нұр Астана» орталық 

мешітінің бас имамы:

 

– Тарихқа көз жүгіртер болсақ, адамзатқа өркениеттің ұлы көшін әкелген, ғылымның кәусарын сыйлаған Ислам дінінің тарихынан, үлгі тұтар ұстазы ардақты Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбардың өнегелі өмірінен  көңілге қонымсыз, жүрекке жетімсіз, қисыны келмейтін іс-әрекетті, амалды не уақиғаны кездестіре алмаймыз. Күллі мұсылман үмметінің амандық-саулығы, ұстанып отырған діні, кітабы, пайғамбар қалдырған сүннеті «Алланың сәлемін, бейбітшілігін, тыныштығын, рахымын» жолдайды. Ислам мен бейбітшілік сөзін ажыратып қараудың еш негізі жоқ.

Әуелі, дініміз – Ислам, кітабымыз – Құран, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) деп білетін мұсылман қауымы ретінде сөздің сүбелісін Құран Кәрімнен бастайық. Алла тағала «Әли-Имран» сүресінің 103-аятында  «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер. Сондай-ақ, өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені, сендер бір-бірлеріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жібітіп-жарастырды. Оның игілігімен бауыр болып таңды атырдыңдар. Және де сендер от шұңқырының дәл ернеуінде тұрғанда, Алла сізді одан құтқарды. Алла тура жолға келерсіңдер деп аяттарын осылайша баяндайды» дейді. Тағы бір аятқа назар салайық: «Шынында мүминдер бір-біріне бауыр...»  (Хұжрат сүресі, 10-аят).  Иісі мұсылман баласы үшін Алла Тағаланың осы айтылған аяттарынан ардақты нендей сөз болуы мүмкін?!  Әз елші Мұхаммед Мұстафа (с.а.с.)  «Мүмин әрқашан (кісі бойынан) үзір (мәселенің шығар жолын іздеп, мұсылман бауырына кешіріммен қарайды), ал, мұнафық болса әрқашан айып іздейді» деп, мұсылманның қандай болуы керектігін көрсетеді.

Ал кешегі өткен бабаларымыз дін Исламды біліммен, ғылыммен танып, насихаттады, өсиет етті, жырлады. Бұқар бабамыз бастаған, Хәкім Абай айтып өткен, Шәкәрім шырылдап жеткізген Ислам дінінің бүгінгі бейнесі әлдебір саяси астары, жымысқы пиғылы, мақсат-мүддесі бар ұйымдардың ешуақытта діні де, желеуі де бола алмайды. Абай атамыздың:

«Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті» деген өлең шумақтары адамның адам болуы –бауырмалдылықта, мұсылманның мұсылмандығы – мейірімділікте екенін айғақтайды.

Ислам діні әуелден бейбітшілікке, бірлікке шақырғанындай, қазақтың текті ұлдары да ауызбіршілік пен ынтымаққа Ислам арқылы үндеп өтті.

Ал Хақ діннің атын жамылып, дүрдараздық пен қырғи-қабақ соғысты көтеріп отырған лаңкес ұйымдардың Исламға шақырып жатпағаны айдан анық дүние. Бұл ең алдымен мұсылманға емес, адамзатқа да тән құбылыс емес.  Ислам, жиһад, шейіт секілді дінімізде қастерлі болған ұғымдарды бүгінгі дүбәра топтардың қанжығасына байлап беруге әсте болмайды. 

Бүгінде күллі дүниені дүрліктіріп отырған аттары әртүрлі, бірақ қимыл-қарекеті ұқсас ИШИР секілді лаңкестік ұйымдарды біз мұсылманға теңестіре аламыз ба? Дініміз даулы мәселенің өзінде «көркем пікір өрбіт» деп насихат етті емес пе?! Сол себепті біз еш уақытта, ешбір себепті сына қылмастан, оларды мұсылманға жатқыза алмаймыз деп кесіп айтуымыз керек. Осы орайда кешегі ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Алмасұлы Әзілханов атап айтқан ИШИР секілді лаңкестік ұйымға «Ислам мемлекеті» деген атауды қолдануыдан бүтін қоғам болып бас тартуымыз орынды деп ойлаймын. Діннің атын жамылған террористік топтарды дінмен байланыстырып атаудан бас тарту туралы мәселені бірқатар мұсылман елдері де көтеріп, лайықты шешім шығарғаны белгілі. Әлмисақтан ата дініміз Ислам деп білетін бүгінгі қазақ қоғамы да қасиетті ұғымды қылмыскер топтарға телімеу керектігін айтуға хақысы бар деп білеміз.  

Жайық НАҒЫМАШ

Бөлісу: