13
Бейсенбі,
Тамыз

һижри

Пара алу – ауыр күнә

Пара алу – ауыр күнә

Мақалалар
Жарнама

Бүгінгі таңдағы аса күрделі мәселелердің бірі – жемқорлық. Жемқорлық мәселесі – мемлекеттің дамуына кері әсерін тигізіп отырған жағымсыз құбылыс. Бұл лауазымды тұлғаның басқа бір тұлғадан лауазымына қатысты көрсететін  қандай да бір қызмет түріне берілетін ақша немесе өзге игіліктерді алуы. Бұл жағдайда көрсетілген ақша мен игіліктерді әрдайым парақордың  жеке өзі алмайды, оларды көбіне оның жақын адамдарына немесе жасанды жалған ұйымдарға ұсынады.

Пара деп саналатын нәрселер: ақша, оның ішінде валюта, банк түбіртектері мен құнды қағаздар, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған бұйымдар, автокөліктер, пәтерлер, саяжайлар мен қала сыртындағы үйлер, тұрмыстық техника мен аспаптар, өзге тауарлар,  жер учаскелері және  өзге жылжымайтын мүлік т.б. саналады.

Ислам шариғатында жемқорлықтың үкімі харам. Яғни, үзілді-кесілді тыйым салынған үлкен күнәлар қатарына жатады.

Бұл жөнінде Қасиетті Құран Кәрімде: «Олар өтірікке құлақ салушы, арам жеушілер. (Мұхаммед Ғ.С.) егер олар саған келсе, араларына үкім бер, немесе олардан жүз бұр. Егер олардан жүз бұрсаң да, олар саған ешбір зиян бере алмайды. Ал егер араларына үкім берсең, тура үкім бер. Шәксіз Алла турашыларды сүйеді»,-деген [1].

Және мына аятта Алла Тағала айтады: «Уа, мүміндер! Алла Тағаладан қорқыңдар. Әркім ертең үшін не жібергеніне қарасын. Алла Тағаладан қорқыңдар. Шәксіз Алла Тағала не істегендеріңді толық біледі. Сондай Алланы ұмытқан, Алла Тағала оларға өздерін ұмыттырған кісілер тәрізді болмаңдар. Міне солар бұзақылар» [2].

«Араларыңдағы малдарыңды бұзық жолмен жемеңдер. Сондай-ақ біле тұра адамдардың малынан бір бөлігін жеу үшін билерге апармаңдар» [3] деген.

Сондай-ақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Алла Тағала пара берген және параны алғанды лағынеттеді» [4]. 

Зұлымдық ету мақсатында пара беру ауыр қылмыс әрі күнә. Сонымен қатар түрлі істі бітіру мақсатында пара беруге де болмайды. Бірде Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Абдуллаһ ибн Рабаханы (Алла одан разы болсын) яһудилерге жібереді. Олар құрма бақтың салығын төлеуі тиіс еді. Сонда яһудилер Абдуллаһты (Алла одан разы болсын) параға жыққысы келіп, оған түрлі сыйлық ұсынады. Олардың бұл ісіне ол: «Сендердің параларың заңсыз. Сондықтан біз оны қабыл етпейміз», - деп жауап береді [5]. 

Жалпы, жемқорлыққа алып баратын пара тіленушілік  қоғамды бұзады. Пара жүрген жерде әділетсіздік әділ орнына қабылданып, тыйым салынған нәрсеге рұқсат етіледі және әділетсіз шешім шығарылады. Залымдар істі өз пайдасына шешу мүмкіндігіне қол жеткізеді.

Пара жүрген жерде жауапкершілік деген болмайды. Ислам параның қандай түріне болмасын тыйым салады. Тіпті сыйлық ретінде берілген параның өзі харам [6].

Ата-бабаларымыз «Аз болса да берекесін берсін», «Қанағат қарын тойғызар», - деп босқа айтпаған, харам мен күмәнді нәрселерден бойымызды аулақ ұстауға насихаттаған.

Демек, дүниеқорлыққа бой алдырып, діндегі тыйымдарды ескермеуге болмайды.               Әрбір жанұяда береке болса, қоғамда береке болады. Ал жемқорлыққа қарсы күресті – әрбір жан өз отбасынан бастап, ұрпаққа дұрыс тәрбие беріп, сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабар – имандылықты ұстануы қажет.

Бақдаулет Абдурахманов,

                                                                 «Нұр Астана» мешітінің наиб имамы.


[1]. Мәида сүресі, 42-аят.

[2]. Хашр сүресі, 18-19-аят.

[3]. Бақара” сүресі, 188 аят.

[4]. Имам Бухари, Имам Муслим.

[5].Имам Малик.

[6].ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі.

Бөлісу: