25
Дүйсенбі,
Қараша

һижри

Абай Саранұлы: Толық адам сипатына жетермін – Абай Құнанбайұлы өлеңдерінің тәрбиелік мәні

Абай Саранұлы: Толық адам сипатына жетермін – Абай Құнанбайұлы өлеңдерінің тәрбиелік мәні

Мақалалар
Жарнама

Абай атамыздың бірінші қара сөзінде өзінің қылып жүрген ісінің баянсызын көріп, қалған өмірін не қылып өткізерін таба алмай қайран қалатын жері бар еді ғой: «Балаларды бағу? Жоқ, баға алмаймын.  Бағар едім, қалайша бағудың мәнісін де білмеймін, не болсын деп бағамын, қай елге қосайын, қай қарекетке қосайын?» - деген.

Ал, осы орайда анамның маған күнде: «Балам саған жүздеген ата-ана баласын аманаттап беріп, Жаратушы Алла да сол ондаған баланың күнделікті санасын қалыптастыру мәртебесін саған бұйыртып отыр. Сенің бір ғана үлгілі бейнең арқылы қай бала болсын, бұралаңы көп жолдардан сүрінбей өтіп, ауырды жеңілдей көретінін естен шығарма! Сен осы ауыл балаларының бағына туған жансың!» - деген даналық сөздері арқылы,  жоғарыда Абай атамыз айтып кеткен бала бағудың мәнісін, ұстаз болудын сырын ашып бергені, менің мойныма үлкен жауапкершілік жүктегені деп білемін!

Иә, ұстаздық деген ұлы жауапкершілікті арқалап, спорт деген сиқырлы әлемде ауылдың жас жеткіншектерінің бабын келістіретін бапкер, жеңіс тұғырына жеткізетін жолбасшы және ең бастысы қазақ деген ұлттың жас буындарын тәрбиелеп жүрген азамат болғаннан кейін үлкен бір даналықтың иесі болуың керек. Ал енді, сол даналықты қайдан алуға болады? Сол даналық иесі болуы үшін не қажет? деген сұрақтары болуы заңды. Әрине, осы орайда халқымыздың ұлы перзенті Абай атамыздың өлеңдерінің тәрбиелік маңызы зор. Оның шығармаларында ұлтымыздың болмысы, рухы, мінез-бітімі айрықша көрініп тұр. Меніңше, әлем күн өткен сайын өзгеріске ұшырағанымен, кемеңгердің сөздері өзгермейді.

Мен енді Абай атамыздың бірнеше өлеңдерінің тәрбиелік мәнін ашып, ақын жырларынан ой түюге, спорт жолында жүрген жас жеткіншектерге пайда беретін, өнеге болатын дүниеге тоқтала кетейін. Абай атамыздың:-«Жасымда ғылым бар деп ескермедім», - деген өлеңінде жастық кездегі тұла бойда тұнып тұрған ақыл, күш-қайратты орнымен пайдалана алмайтынымызды арқау етеді. Біз спорт саласында жүрген соң, балалардың көбісі жекпе-жек өнерімен айналысуға қызығушылығы болғанымен, сол спорт залдың табалдырығын аттауға батылдығы жетпейді, не көп болса бірнеше апта айналысып үлкен спортқа жетуге табандылықтары жетпей, тастап кетеді. Иә, көбіміз жастық кезімізде бойымызда күрек қуат бар екенін ұғына қоймаймыз да, ісіміздің барлығын қасықтап жүреміз. Сөйтіп өміріміздің мәнін өкінішті сәттермен толықтырып, қолымызды мезгілінен кеш сермеп жатамыз.

Тағы да қоса кетерім, қазіргі уақытта спорт күрт дамып жатыр. Күні кешегі рекордтық үздік нәтижелер, бүгін өлшем болудан қалды. Бұл да адамның шексіз мүмкіншілігін байқатса керек. Сондықтан, тепсе темір үзер еліміздің жігіттері көк байрағымызды биігінен көтеруді мұрат етсе деймін. Ал өзіме келер болсақ, жас жеткіншектер  жаттығу залының табалдырығын аттағанда, мен  бірден төтесінен: «Мұнда неге келдіңдер?», – деген сұрақтармен оларды ойландырып, спорт деген сиқырлы әлемге аяқ басқан жастарға:                               

Жеңіске тек рух күшімен жете аласың!

Үлесіңді еліңе қоса аларсың!

Спортты жан серігі ете білсең,

Ниет қылып тауды да қопарарсың! – деп, жалпы спортшылардың мақсатына жетуге, кездескен кедергілерді тас талқанын шығаратындай намысын, ішкі рухын оятатын дауылпаз жырымды арнап, сол уақыттан олардың бойына жауапкершілік жүктеп, ел жүгін көтерер азамат екенін сездіруге тырысамын.

Абай атамыздың «Ғылым таппай мақтанба!» өлеңіне тоқтала кетейін. Спорт сиқырлы әлемінде  ЧЕМПИОН боламын десеңіз, сол өлең жолдарындағы бес дұшпанды бойдан қашырып, бес асыл істі бойға сіңірген дұрыс деп есептеймін. Сол бес асылдың бірі ­-­ ЕҢБЕК. Ал осы орайда, мен жаттығуларда оқушыларыма: «Тамшыдай болсын төккен терің еш кетпейді, мәселе маңдайынан сорғалап тер төккісі келетіндердің, еріншектігінің сағын сындырып, ЕҢБЕК еткісі келетіңдердің санының аздығы», - деп айтатын сөздерімді саналарына сіңіру үшін, кейде демалыстарында да жаттығу жұмыстарын жүргізетінім бар. Жоғарыда айтып кеткеніме:

Демалыста ұйқы соғып жата бермей,

Компьютерде ойын қуып, ұта бермей!

Мықты болсаң, өзіңді ұт, өзіңді жең!

Жалқаулық мінезіңе жаға бермей!

Аш қалардай тамақты ұра бермей!

Өтірік жоспарларды құра бермей!

Мықты болсаң, таң атқанда ерте тұр!

Артық ұйықтап, түс кезінде тұра бермей!

Бізге кел, ерінбей жаныңды сал!

Жалқаубектің әніне сала бермей!

Абай атамыздың ізімен:

Мен жазбадым өлеңді ермек үшін,

Жеткіншектер сезінсе екен сергек күшін!

Демалыста танымастай өзгеріп,

Өзі менен өзгелерді жеңбек үшін! - деп, осы бір өлең жолдарымен нүктесін қойып кетейін.

Спортта терлеп еңбек етіп, тілегіңе жетіп жатқан кезде, яғни еліңнің көк байрағын әлемдік додаларда биігінен желбіретіп чемпион болған уақыттарда атақ-абыройға мастанып қалатынымыз бар. Осындай уақыттарда Абай атамыз: «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап» деген өлең жолдарымен мақтанға салынбауымызды, нәпсіге билетпеуімізді өсиет етеді.

Осыдан 25 жыл бұрын тамыз айының тамылжып тұрған күндерінде, қазақ елі ұлы перзентінің 150 жылдық мерейтойын тойлап жатқанда, Алаш арыстарын тудырған Арқаның құрсағы киелі Ақтоғай топырағында шыр етіп өмірге келген сәбидің үні естілген-ді. Иә, сәбидің үні Ақтоғайдың абыройлы азаматы, есімі мен абыройы ел аузында жүрген Ғомар марқұмның шаңырағынан шыққан еді. 13 перзентімен небәрі 37 жасында жесір қалып, өмірдің бейнетін көрген Қайынжамал әжей, енді ғана өмір есігін ашқан сәбиге азан шақырып Абай деп есім қойып, үлкен жауапкершілікті жүктеп, ел жүгін арқалайтын азамат болсын деп ырымдап қойған еді. Сол сәби - мен едім.

Иә, осы уақытқа дейін осы есімді қаншалықты лайықты түрде алып жүрмін деген ой маза таптырған емес. Осы есімнің жүгі қаншалықты ауыр екенін, жауапкершілігі қаншалықты үлкен екенін айтып жеткізу мүмкін емес.      

Сөз соңында, Алаш зиялысы Міржақып Дулатұлының қанатты сөзін тілге тиек ете кетейін: «Зәредей шүбә етпейміз, Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен-күнге артар. Бірінші ақынымыз деп қабіріне халқы жиі-жиі зиярат етер, халық пенен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар».

Иә, уақыт өткен сайын, адамзаттың алып тұлғасы Абай атамыздың шығармашылық мұрасының біздің қазаққа қызмет етер әлеуеті күшейе түсері сөзсіз.  Ұлы Абайдың құрметіне арнауым болсын:


Жан бар ма екен өзіңдей алып туған!

Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған!

Қазақтай елге ерекше даналықпен

Өлмейтұғын өсиет сөз қалдырған!

Мен өмірге келгенде, әжем маған,

Ұлы Абайдай болсын деп есім қойған!

Бас ақынның мерейтойы болғанда,

Менің әжем той тойламай, ой толғаған!

(Анам маған:

-Бұл есімді алып жүру жауапты іс!

Балам саған керек,

сарқылмайтын сарқа күш!

Бұл есімге кір келтірмеу жолында,

Ұлы Абайды ойлап,

арыстан болып арпалыс!

Себебі, дана Абайда

мыңмен жалғыз алысқан

Сөз ұқпайтын надандармен болыпты іс!)

Бес күн жалған өтер кетер білемін,

Бес дұшпанға ырық бермей келемін,

Бес асыл істі бойымызға сіңіріп,

Толық адам сипатына жетермін.

Ақын емес, жырға жақын ұлыңмын!

Спортта намыс болар туыңмын!

Абайдай есім алған бақытты,

Еліме тірек болар жас буынмын!

 

Қомар Абай Саранұлы 

Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы,

«Ақтоғай ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» КММ,

кикбоксингтен біліктілігі жоғары деңгейдегі екінші санатты жаттықтырушы.

Бөлісу: