Бір мұсылман діннің үкімдерін жоққа шығармайынша және жүрегінде иман тұрғанда құлшылық етпесе де діннен шықпайды, кәпір болмайды, мұсылман күйінде қала береді.
Бірақ Алла Тағаланың әмірін орындамағаны үшін күнәһар болып, жазаға лайық болады. Ғибадаттар (құлшылықтар) иманның қуаттануын (кемелденуін) қамтамасыз етеді. Ақыретте жазадан құтылуымызға және жәннат нығметтеріне қол жеткізуімізге себепші болады. Тек қана иманмен шектеліп, ғибадаттарды тәрк ету (орындамау) иманның әлсіреуіне, иман нұрының сөнуіне әкеп соғады.
Мұны бір мысалмен түсіндірейік:
Иман – ашық жанып тұрған шам сияқты. Шамның сөніп қалмауы үшін шынымен қалқалау керек. Егер осылай ашық күйінде жанып тұра берсе, аз ғана баяу желден-ақ сөніп қалуы мүмкін. Иман да жүрегімізде жанып тұрған жарық, оның қорғанышы – ғибадат (құлшылық). Намаз, ораза және басқа да ғибадаттарды орындай отырып әрі Алла алдындағы борышымызды (міндеттерімізді) өтейміз, әрі иманымызды қорғаймыз.
Ғибадаттар орындалмаған жағдайда иман ашық күйінде жанып тұрған шам сияқты қорғансыз қалады. Бір күні сөніп қалуы мүмкін. Иманын жоғалту мұсылман үшін ең қымбат саналатын жәннаттың кілтін жоғалту деген сөз. Осы себептен ғибадаттар иманымызды сақтап қалуда және жәннатта шексіз әрі бақытты өмірге қауышуымызда өте маңызды рөл атқарады.
материал «Негізгі діни мағлұматтар» кітабынан алынды,
ummet.kz