20
Дүйсенбі,
Мамыр

һижри

Кімнің жағдайы шайтандікіндей болса, тәубесі қабыл болмайды

Кімнің жағдайы шайтандікіндей болса, тәубесі қабыл болмайды

Ислам тарихы

Алла жаратқан махлұқатының ішінде мүлде күнә жасамайтын жаратылыс иесі періште және исмат сипаты бар, яғни күнә жасаудан Алланың құдіретімен сақталған пайғамбарлар ғана. Ал азғын және тәубесі қабыл болмайтын жаратылыс иесі ол – шайтан.

Адам баласы періште де емес, шайтан да емес. Себебі,  нәпсісі оны үнемі жамандыққа итермелеп тұрғандықтан жаза басып, қателеспеуі мүмкін емес. Алайда Алла Тағала адам баласына күнәсынан арылып, құлан таза болуы үшін, тәубе деген есікті Өз кеңшілігімен ашып қойған.

Тәубе сөзінің мағынасы «қайту, оралу» дегенді білдірсе, қолданыстағы шариғи ұғымы «пенделікпен жасаған күнәсына шынайы өкініп, оны қайталамауға бел буу» деген сөз.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде: «Барлық Адам атаның балалары қателесуші» деп айтылғандай адам баласы қателесуші, бірақ тәубе етуші де болу керек. Өйткені Атамыз Адам (ғ.с.) өз қателігін мойындады, тәубе етіп, Алладан кешірім сұрады. Алайда Оны азғырған шайтан тәубе еткен жоқ, қателігін мойындамады, тәкаппар болды. Сол сияқты адам баласы өткеніне өкініп, тәубе етсе, Адам (ғ.с.) атасына ұқсағаны, ал тәубе етпесе, шайтанға ұқсап, тәкаппар болғаны.

Құран аяттары:

Бірінші аят:

«Уа, мүминдер! Бақытқа жетіп құтыламын десеңдер, барлығың бірдей Аллаға тәубе етіңдер» («Нұр» сүресі, 31-аят).

Қысқаша түсіндірме: Тәубе ету адам баласының жаратылысында бар қасиет. Олай дейтініміз әу баста Адам (ғ.с.) Алланың сынағына тап болып, тыйым салынған жемісті жеп қойған қателігі үшін тәубе етті. Алла Тағала оның тәубесін қабыл алды. Жоғарыда атап өткеніміздей адам баласы нәпсі мен шайтанның жетегіне еріп қателесуі әбден мүмкін. Алайда жасаған қатесін жуып-шаятын тәубе деген сабынды қолдануы тиіс. Бұл пенде үшін таптырмайтын мүмкіндік.

Екінші аят:

«Уа, мүминдер! Шын ниетпен Аллаға тәубе етіңдер! (Сонда ғана) Раббыларыңнан күнәларыңды жойып, іргесінен бұлақтар ағып жататын жәннатқа кіргізу үміт етіледі. Алла ол күні пайғамбарды және онымен бірге иман келтіргендерді қорламайды...» («Тахрим» сүресі, 8-аят).

Қысқаша түсіндірме: Уа, иман келтіргендер! Жасаған күнәларыңа шынайы түрде өкініп, Алладан кешірім сұраңдар. Шынайы тәубе жайында хазірет Омар (р.а.): «Емшекке сүт қайтпайтыны секілді, істеген күнәларына кері қайтпайтындай өкіну» деп түсіндірген.

Үшінші аят:

«Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер. Сонан соң оған тәубе етіңдер» («Һуд» сүресі, 3-аят).

Қысқаша түсіндірме: О, адамдар! Алладан күнәларың үшін кешірімді шынайы түрде сұраңдар, Оған шынайы түрде тәубе етіңдер. Тәубелеріңнің шынайылығы – сендердің ізгі амалдарыңмен дәлелденеді, ізгі істеріңмен көрінеді.

Төртінші аят:

«Алланың қабылдаймын деп уәде еткен тәубесі – жамандықты білместікпен істеп алып, одан соң көп ұзамай (өлмей тұрып) түзелген адамның тәубесі. Алла олардың тәубесін қабыл етеді. Ол барлығын біліп тұрады, әрі хикметпен іс істейді. Тірлігінде жамандық жасаудан тыйылмай, өлер шаққа келгенде, яғни өлер алдында «енді тәубе етемін» деушілердің тәубесі және кәпір қалпында өлгендердің тәубелері қабыл болмайды» («Ниса» сүресі, 17-18-аяттар).  

Қысқаша түсіндірме: Шындығында тәубенің қабыл болуы – адамның білместікпен, қателікпен күнә іс істеп, кейін осы ісі үшін лезде өкінуінде. Ал егер адам күнә жасап күнәсына өкінгенімен сол жаман ісін жалғастыра беретін болса, соңында өлім өңешке келгенде оның тәубесі қабыл етілмейді. Мұндай тәубе мәжбүрліктен жасалған тәубе.  

Бесінші аят:

«Расында Алла тәубе етушілерді жақсы көреді әрі таза болушыларды да жақсы көреді» («Бақара» сүресі, 222-аят).

Қысқаша түсіндірме: Осы аяттағы таза болушылар деген сөздің мағынасы: жаман істен, жаман қасиеттен және негізгі істерден рухани тазаруды, арылуды білдіреді.

Алтыншы аят:

«(Уа, Мұхаммед) пенделеріме айт: Ей, өз бастарына залал келтірген пенделерім! Алланың рақымынан үміт үзбеңдер. Алла (қалаған адамның) барлық күнәсын кешіреді. Ол өте кешірімшіл, асқан мейірімді» («Зумар» сүресі, 53 аят).

Қысқаша түсіндірме: Су қалайша кірді тазаласа, шынайы тәубе де күнәмыздың кешірілуіне себеп болмақ. Жаратушы Алла пендесіне аса мейірімді. Пендесінің ақыретте күнәмен келуін қаламайды, тәубе етіп, күнәсіз келуін қалайды. Пендесін тозаққа тастай салатындай мейірімсіз емес.

материал «Көркем мінез» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: