28
Сенбі,
Қыркүйек

һижри

Құранды неге арабша оқуымыз керек?

Құранды неге арабша оқуымыз керек?

Ислам тарихы

Алла Тағала Құранда былай дейді: «Бұл – ілімнің жөн-жосығын (һәм араб тілінің бар ерекшелігі мен қасиетін) жақсы білетін әрбір қауым үшін аяттары ашық баяндалған, жүйелі түрде тізілген, таза да көркем араб тілінде оқылатын Кітап.» («Фуссилат» сүресі, 3-аят)

«Сендер ой жүгіртсін, түсінсін деп, Біз ол Кітапты арабша Құран түрінде түсірдік» («Юсуф» сүресі, 2-аят).

Құранның не үшін араб тілінде түсуінің әртүрлі қырлары мен сырлары көп, дегенмен Алла Тағаланың Құранды араб тілінде түсіру мен Пайғамбарымызды араб ұлтынан таңдауы, ол Алланың ұлы бір даналығынан.

Ал Құранды тәжуидпен оқудың үкімі парыз кифая болып саналады. Яғни Құран әріптерін махраждарына (әріптердің шығарылу орындары) және сипаттарына қарай оқу ережелерін сақтау. Осы тұрғыда Құранды кириллицамен оқуға бола ма деген сұрақ туындайды. Кириллица араб әріптерінің орнын баса алмайды, мәселен араб әріптерінде “с” әріпінің, “з” әріпінің үш-үштен түрлері бар, әрқайсысы әртүрлі дыбысталады. Кириллицамен тек қана намазды бастау үшін фатиха мен кем дегенде бір сүре жаттауға болады, оның өзінде ол сүренің қалай дыбысталатынын ұстаздан үйренген абзал. Яғни тәжуид ілімінде қатені екіге бөледі: “жәли” анық қате. Құранның мағынасын өзгертетіндей немесе Құран ережелерінің бұзылуына апаратын қателер, екіншісі: “хофи” жеңіл қате. Құранның мағынасын өзгертпейтін, байқалмайтын қателер, бұл қателерді тужуид ілімінде терең ілімі бар адамдар ғана байқауы мүмкін. Бұл тәжуид ілімінің жеке ізденіспен емес, тек қана ұстаздың алдында оқылатын ілім екенін көрсетеді.

Сира кітаптарында Алла елшісінің де Құранды Жәбірейіл періштеден үйренгенін, ал Алла елшісінің сахабаларды, ал сахабалар табиғиндерді Құранға үйреткенін білеміз. Ибн Жәзәри тәжуид туралы келесі сөзінде, Құранды тәжуидпен оқымаған адам тіпті күнәһар болып қалуы мүмкін дейді. Құран тәжуид арқылы түсірілген, Құранда: «Сондай-ақ, Құранды өте анықтап оқы» - делінген («Муззәммил» сүресі, 4-аят).

Бұл жердегі тәртил сөзі: “Құран әріптерінің тәжуидпен оқылуы және тоқталуы керек жерлердің білдірілуі” - деп түсіндіріледі. Осы пікірлерді ескеріп, намаз оқушының Құранды да дұрыс үйренгені абзал. Алла Құранды өзі разы болатындай оқуымызды нәсіп етсін!

материал «Құран әдебі» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: