25
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

Һұд пайғамбар (а.с.)

Пайғамбарлар (ғ.с.) тарихы

Жылдар жылжып, Нұх пайғамбардың үмбеті көбейді. Осыған орай ұлттар мен тайпаларға бөліне бастады. Солардың бірі Ад деген арғы аталарының есімімен аталып кеткен Ад елі еді.

Олар Йемен аймағындағы Хадрамаут қаласының солтүстігін мекендеп, сол жерде жаңа шаһар тұрғызды. Олардың тұрғылықты жері – «Ахқаф» деп аталды. «Ахқаф» – құм төбелер деген мағынаға саяды. Олар биік төбелерге ғимараттар салды. Тіпті бертін келе әбден байыған олар бір‑бірлерімен зәулім ғимараттар тұрғызумен жарыса бастады. Һәм олар өзге халықтарға қарағанда сүйекті, ірі денелі болды. Жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай деген теңеулер дәл соларға арналғандай батыр тұлғалы халық еді. Ахқафтықтар келе-келе әлдерінен асқан шақта: «Бізден күшті кім бар?» (Фуссилат 15), – деп, өзгелерге мұрнын шүйіре қарайтынды шығарды. Бұған қоса аймақтағы ең бай ел еді. Зәулім сарайлар салуда талайларды жолда қалдырды. Аула ішіне ғажайып бақтар, хауыздар орнатты. Осыншама байлықтың буына мастанған Ад елі бірте-бірте бұзыла бастады. Ар, ұят, ынсап, рақым, шүкіршілік деген қасиеттер жойылды. Байлары кедейлерді қанауды шығарды. Көрші елдерге де тыныштық бермеді. Бұнымен де шектелмей, Нұх елінің пұттарын қайта жасап, соларға табынатынды шығарды.

Һұдтың пайғамбарлығы

Түп шежіресі Нұхтан тарайтын Һұд (а.с.) турашыл, батыл, ақыл-парасат секілді игі қасиеттерімен әйгілі еді. Оған «Сенімді кісі» деп ат қойғандар да кездесті.

Елінің мұншалықты адасқаны Һұдтың (а.с.) арқасына аяздай бататын. Алайда бір күні күтпеген жерден Жәбірейіл (а.с.) періште келіп, Хақ Тағаланың әмірін жеткізді. Һұдқа (а.с.) пайғамбарлық міндет жүктеді.

Құранда оның пайғамбарлығы туралы: «Ад еліне елші етіп (тікелей өз араларынан) бауырлары Һұдты жібердік» (Һуд 50), –дейді.

Һұдқа (а.с.) пайғамбарлық келісімен, дереу іске көшіп, елін тура жолға шақырды. Ол еліне: «Уа, халқым! Алла Тағалаға құлшылық қылыңдар. Одан өзге ешбір құдай жоқ. Серік қосып, Хақ Тағалаға жала жабудасыңдар» (Һуд 50), –дейді.

Бірақ еліне, әсіресе, елдегі байлар мен билерге оның мына сөздері түрпідей тиді. Олардың ұғымында пұттарға табыну абырой саналатын. Сондықтан олар дереу Һұдқа (а.с.) қарсылық көрсетті. Бірақ ол бұған төзімділік танытып, ісін әрі қарай жалғастырды.

Ақырында, олар Һұдтың пайғамбарлығын сан-саққа жүгірте бастады. Астарынан жеке бастың мүддесін іздеді. Билік пен байлыққа қол жеткізгісі келетін болар деп шолақ топшылады. Өйткені олардың ұғымында адам өзіне пайдасы жоқ іс үшін бостан‑босқа тер төгіп, азап шегуі мүмкін емес деген түсінік бар болатын. Бұл – иманы жоқтардың ортақ пікірі. Өмірді жалған дүниемен ғана шектеледі деп ойлайтын пенденің бәрі де «Алла разылығы үшін жасау» деген ұғымды ақымақтыққа санайды. Сондықтан Алла үшін, ақырет үшін халықтың игілігіне қызмет еткен адамдарды бұл дүниедегі құлқынның қамын ойлайтын бейбақтар не «есі ауысқан жынды», не болмаса «сөзсіз көздеген басқа бір мақсаты бар» деп ойлайды.

Һұд (а.с.) халқын жинап, оларды жақсылыққа шақырғаны үшін ешқандай да ақы талап етпейтіндігін, ақысы мен сауабын Алла Тағаланың Өзі беретіндігін айтып түсіндірді. Іле дауыстап: «Уа, халқым! Сендер өздеріңе ешқандай қажеті жоқтығын біле тұра, іргесін берік, шаңырағын биік етіп салғандарыңмен қоймай зәулім сарайлар тұрғызып жатырсыңдар. Сонда мәңгі тұрақтап қалатындай, ауласына хауыз орнатып, көп ысырап етіп, іші‑сыртын тұтастай әшекейлеп, алтынмен аптап, күміспен күптеп тастадыңдар. Жол бойына тұрғызған керуен сарайларыңда пайдасыз ойындар ойнап, сол даңғыл жолдағы жүргіншілерге, әсіресе, менің қонақтарыма тиісіп, келемеждеп мәз боласыңдар. Әлсіздерді басынып, зорлық‑зомбылық жасайсыңдар. Бұл – азғындықтың белгісі. Мен сендермен тегі бір туыс болғандықтан, тура жолға шақырудамын. Өз қандастарымды түпсіз қараңғы шыңыраудан шығарам деп, жанталаса қол созғаныма бола ақы талап етуім қажет пе? Жүрегінде зәредей мейірімі бар адам суға батып бара жатқан бауырына қол созғаны үшін ақы сұрауы керек пе?

 Ендеше, сендер де мен үшін сазға батып бара жатқан адам сияқтысыңдар. Мен сендерді әрбір пенде жан‑жүрегімен, ар‑ұжданымен, терең рухымен аңсаған бақытқа шақырамын. Құдіреті шексіз Жаратушыдан қашып, жаратылған һәм өздерің қолдан қашап яки илеп жасаған жансыз пұттарға табынып, солардан медет сұрайсыңдар. Алайда күн жауса, өзге түгіл өзіне пана бола алмайтын соқыр, мылқау, тірі жанды танымас мелшиген мына пұттар қалай ғана сендерге пана болмақ? Олай болса, бұларға табынуды қойып, бәрімізді жоқтан жаратқан жалғыз Жаратушыға ғана табыныңдар!»

«Сендерге мал мен баланы, баубақшалар мен дәмі балдай бұлақтарды нәсіп еткен Хақ Тағаладан қорқыңдар. Мен сендерге (істеген бейбастықтарыңа) қарап, ұлы күннің азабынан қорқамын» (Шуғара 133-135), – дейді.

Бірақ қаумы Һұдтың (а.с.) сөздерін қаперге ілмеді.

Иә, Хақ Тағала Ад елін тепсе темір үзетін мықты етіп жаратқан болатын. Олар тұрған сақара шөлін көркі көз тартарлық көкорай шалғын бәйшешекке толтырып, жайқалған жайылымға, жабағылы жас тайлағын жардай атанға, жатып қалған бір тоқтысын жайдырып мың қойға айналдырған жер еді. Алайда олар бұл шексіз несібеге шүкір етудің орнына ынсапсыздық танытты. Мейлінше азғындады. Ысырапшылдыққа салынды. Әлсізге ат ойнатып, әлділерге ғана жағынды. Құдайды мойындамады.

Һұд (а.с.) халқының бұлай кете берсе, күні ертең орны толмас азапқа душар болатынын біліп, күн демей, түн демей оларды дінге шақырумен болды. Кейде қатты айтып, кейде тәтті айтып, көп ұзамай бастарына келетін сұрапыл пәлекеттен сақтандыруға бар күш‑қайратын жұмсады. Бірақ азғын елі насихаттан ығыр боп, оны тыңдаудан қалды. Бір күні олар жиылып келіп Һұдқа былай деді: «Ей, Һұд! Иман келтірмесеңдер, көп ұзамай ауыр азап келеді деп уағда етсең де, етпесең де бізден саған пайда жоқ. Сен бізді зәулім сарайлар салдыңдар деп кінәлайсың. Алайда оның несі айып?! Адам өмірге бір‑ақ рет келеді. Одан кейін шіріп топыраққа айналасың. Ендеше тапқан бар дүниемізді оңды-солды шашып, қайта келмес мына дүниені жалпағынан басып өткенге не жетсін! Әлсіздерді езіп қорлайсың дейсің. Алайда өмірдің өзі күрес емес пе? Күштілер әлсіздерді жеңіп, соларды езіп, қанап күн көру арқылы мынадай байлыққа, бақытқа қолы жетеді. Әлжуаздар мен қауқарсыз кедейлер – байларға құл болу үшін жаралған пенделер.

Әрі сен бізге «пұттарға табынбаңдар» дейсің. Біз ес білгелі аталарымыздан осыны көріп өстік. Бұл – біздің ата‑бабаларымыздан мұра болып қалған тәңірлеріміз һәм мәдениетіміз, өзгермес құндылығымыз. Сен «бұл пұттардан бас тартпасаңдар сендерге азап келеді дейсің». Алайда азап келетін болса, ғасырлар бойы неге осыларға табынған ата‑бабаларымызға келмеді? Оларға келмеген азап неге бізге келуі керек? Ендеше, ескіден қалған ертегіңді ел‑жұртқа айтып, туысым деп еркелігіңді көрсете берме. Шыдамның да шегі бар, қастықтың да қайтар кегі болады. Біз сенің шақырған дініңе де, әлемді жаратқан бір Құдайыңа да сене алмаймыз. Сен бізге бүгін «ата‑бабаларыңнан қалған пұт‑құдайларыңнан бас тартып, бір Құдайға бас и дейсің. Сосын ертең әлсіздерге зорлық жасама деп құл‑құтанды бізбен тең қоясың. Ілгерінің бізге қалдырған мұрасынан айырылып, құл‑құтанмен теңескенде, не ұтпақпыз? Жо‑жоқ. Сен мейлі өз дегеніңмен қал. Ал біз өз дегенімізбен жүреміз», – дейді.

 Кейбір деректерде Һұд халқына төрт ғасыр бойы дінді асқан кішіпейілділікпен жеткізіп төзімділік танытып келгенін айтылады. Бірақ соңғы кездерде халықтан ауыр сөздер естіп, қорлаған шақта өзегі өрттей жанып, көкірегі қарс айырылғандай болды. Халқым иманға келер деген үміті азайып, іші қан жылайтын. Көп өтпей Хақ Тағала Һұдтың халқына сынақ жіберіп, сақараны қуаңшылыққа айналдырды. Кейбір деректе үш жыл бойы еліне аспаннан бір тамшы да жауын жаумады дейді. Бұлт ұшты‑күйлі жоғалып, елді қуаңшылық қыса бастады. Бұлақтар мен құдықтардың көзі тартылып, орны құп‑құрғақ құмға, топыраққа айналды. Жыл өткен сайын ел‑жұрттың құты қашып, байлаудағы малы өліп, жайлауын жұт жайлады. Жоқ іздегендер қисапсыз қырылған ірілі-ұсақты малдардың сүйектерін кезіктірді. «Бай бір борандық, батыр бір оқтық» дегеннің кебі келді.

 Бұларға ең жайсыз тигені күндіз-түні дамылсыз соққан аңызақ жел болды. Сол желдің екпініне ешкім бетпе-бет келіп қарсы тұра алмады. Қара дауылдай ұйтқыған жел сақараның құмын сұрапыл құйынға айналдырды. Сол құйын қала үстінде үйіріле ұйытқып, қаланың ойран-топырын шығарды. Артынша құмға көміп те кетті.

Һұд (а.с.) оларға бұл пәлекеттің ескерту үшін жіберілген залал екендігін айтып, халқын тәубаға келуге үндеді. Ешбір жұмыр басты пенде құдіреті күшті Құдай Тағалаға қарсы шығуға қауқары жоқтығын осы бір жұтты мысалға келтіру арқылы дәлелдеді. «Һұд» сүресіндегі мына аят осы сөздің шындығы: «Уа, халқым! Раббыларыңнан кешірім тілеп, жалбарыныңдар! Оған бас иіп, тағзым етіп тәубаға келіңдер. Сонда Хақ Тағала сендерге көктен жауын жаудырып, күшқуаттарыңды арттыра түседі. Күнәға батып, Құдай Тағаладан бет бұрмаңдар» (Һуд 52).

Бұл насихат да олардың ашу‑ызасын қоздырды. Тіпті ел билеушілер өз бастарына келген нәубетті Һұдтың кесірінен деп ұғып, оны өлтірмекке ниеттенді. Ақырында, олар халықтың көзінше Һұдқа шамадан тыс ауыр талаптар қоятын болды. Ол бұл талаптарды орындаудан бас тартқанда, арандатушылар халыққа қарап: «Бұл – Һұдтың суайттығына дәлел», – деп, оны жәбірлейтін еді. Осылайша апаттан көз аша алмай онсыз да әрең жүрген жұртты одан сайын адастырып, пайғамбарға айдап салды. Олар: «Ей, Һұд! Сен бізге ашық дәлел келтірмедің. Ендеше, сенің мына құрғақ сөздеріңе бола саған иман келтіріп, атабабаларымыздан қалған пұттардан бас тарта алмаймыз» (Һуд 53), – деді.

Осы кезде Һұд көптеген мұғжизалар көрсетіп, өзінің Алла Тағаланың елшісі екендігін дәлелдеді. Бірақ қалың жұрттың ішінен ешбірі «мынауың жалған» демеді. Ел билеушілердің халық алдында беделі түсіп, құрған жоспарларының быт-шыты шықты. Осыдан соң олар екінші жоспарға көшіп: «Ей, Һұд! Біз саған пәлен демейміз. Сен біздің арамызда туып өскендіктен, өзіңді жақсы білеміз. Бірақ қанша уақыттан бері ақылға қонбайтын нәрселер айтып, елдің басын қатырдың. Шамасы пұттардың киесі сені ұрды‑ау» деп, халық оны есалаңға айналған адамға балады. Осы сәтте Һұд пайғамбар қатты ашуланып, орнынан қарғып тұрды да: «Сөзіме құлақ салыңдар. Мен кейінгі ұрпақты сендер сияқты адаспауға үндеймін. Анығында, мына мелшиген пұттарың адамға ешқандай пайда тигізбейді. Егер оларда адамды ұратын кие мен қасиет болса, қанеки онда не қарап тұрсыңдар? Сол мүсіндеріңмен қосылып маған қарсы тұрып, қолдарыңнан келгендеріңді істеңдер, аянбаңдар», – деп ащы шындықты дінсіз халықтың бетіне басты.

Бұл сөзі де әсер етпеген соң, ең ақырғы ескертуін айтты: «Егер сендерге көрсеткен осы тура жолдан бет бұрып әсте түзелмейтін болсаңдар, онда сендерге не дей аламын? Мен сендерге жеткізілуі тиіс барлық жарлықтарды тұтастай жеткіздім. Бұларды қабылдамай, бұрыс жолдан тыйылмасаңдар, онда Раббым қаласа, сендерді жермен-жексен етіп, орындарыңа басқа бір қоғам жібереді. Оған ешбір кедергі де, зиян да келтіре алмайсыңдар. Сөзсіз, Раббым – әр нәрсені қорғаушы» (Һуд 57).

 Һұдтың жаны ашып айтқан бұндай жүрекжарды сөзіне халқы бұрынғыдан бетер ашуланды: «Ей, Һұд! Сенің көздегенің ғасырлар бойы ата-бабаларымыздан мұра қалған киелі пұттардан бізді бас тартқызу ма? Сол ма сенің бізге деген жақсылығың? Сен ылғи да бізді азаппен қорқыта бересің. Тіпті ел-жұрттың берекесін кетіріп, ел ішіне үрей тудырдың. Ал ендеше, қане сенің сол үрейге толы пәлекетің? Уағдаға берік екенің рас болса, сол уағдаңды орындамайсың ба? Әкел азабыңды, көрсет әуселеңді!» дейді.

Һұд пайғамбар сонда: «Азаптың қай уақытта келетінін Алла Тағала ғана біледі. Бір елге азап жіберу – Оның өз міндеті. Мен өзіме не жіберілсе соны ғана сендерге жеткіземін. Бірақ мынадай нақты шындық бар. Мен сендердің надандықтан арыла алмай, қараңғылықта қалған халық екендеріңе анық көзім жетіп тұр». «Ендеше көруге соншама ынтық болған азаптарыңды күтіңдер. Сөзсіз, мен де сендермен бірге күтемін» (Ахқаф 23; Ағраф 71), – деп жауап береді.

Ол сөзін аяқтамай жатып, Хақ Тағаладан азаптың қашан келетіндігі уахи етіліп, күллі мүшрік атаулы құрдымға батып, иман келтіргендердің ғана аман-сау қалатындығы білдірілді.

Осыдан соң Һұд (а.с.) өзіне иман келтірген үмбетіне хабар салып, ертеңіне таң сәріде мүшріктерден іргесін аулақ салу үшін оларды қасына жинай бастады. Бұл қыс мезгілі болатын.

 Сарсар

Ад елі таңертең тұрғанда, өз көздеріне өздері сенбей, таң-тамаша күйде тұрып қалды. Көкжиекті торлаған қою қара бұлт өздеріне қарай баяу жақындап келе жатыр екен. Халық бұны жақсылыққа балады. Тіпті бір-бірінен сүйінші сұрай жүгірді: «Мінеки, ұзақ жылдар бойы тартқан нәубет, көрген қиыншылығымыз осымен аяқталды. Әнеки, Һұд өзіне сенгендерді елден жырақ әкетуге қамданып жатыр. Ол алыстай бере, жұт та көзден ғайып бола бастады. Оған біз «Сені тәңірлеріміздің киесі ұрды. Тіпті сенің кесірің бізге де тиіп жатыр», – деп қанша қысым жасасақ та, «бір Жаратқанға сеніңдер» деген сөзінен танбап еді», – деп өзара мәз болып, ерін-еріндеріне жұқпай Һұдты жамандай бастады. Олар өтіп кеткен молшылық заманын тамсана еске алып, сол бір бақытқа толы күндері көкжиекті торлап келе жатқан мына қап-қара бұлтпен бірге қайтып оралатындай, бөріктерін аспанға ата қуанысты. Бірақ Һұд (а.с.) бұлардың қастарына келіп: «Жо-жоқ халқым! Бұл құйғытып келе жатқан бұлт емес. Ол – сендердің көптен бері асыға күткен азаптарың. Алдына келгенін жалмап, жанын қинап азаптайтын сұрапыл дауыл» (Ахқаф 24), –деді.

 Бірақ олар Пайғамбардың сөзін елең құрлы көрмеді. «Дауыл» дегенге мән берген жоқ. Оны өзіне сенген үмбетімен бірге осы қаладан тезірек шығып кетуін қалады.

Алайда олардың бақыты да, асыл мұраты да көп жылдар бойы өз қастарында жүргенін сезбеді. Асылында, Һұд пайғамбар олар үшін Хақ Тағала нәсіп еткен теңдесі жоқ нығмет болатын. Егер олар пайғамбардың сөзіне бірауық құлақ асқанда, Хақ Тағаланың рақымы мен разылығына бөленіп, жаннатқа барар еді. Өкінішке қарай, бұлай болмады. Өйткені олар күнәға белшеден батқан, неше ғасыр өздерін жақсылыққа шақырған адамға селт етпеген безбүйрек жандар еді.

Көп өткен жоқ. Ұзақтан қою қара бұлттай болып көрінген дауыл қала шетіне де келіп жетті. Сонда ғана қаланың кәпір халқы оның өздері күткендей еместігін аңғарды. Дауыл жақындай бере беттерін леп шарпығанда демдері шықпай, өңештерінен зәр кеткендей болды. Теңселіп, бастары дыңылдап, буындары құрып есеңгірей бастады. Олар сонда ғана пұттардың шарапаты деп ойлаған нәрселері Хақ Тағаланың жіберген қарғысы екенін бір-ақ білді. Жүздеріндегі қуаныш қайғыға айналып, өн бойларын үрей биледі. Жүректері ауыздарына тығылды. Жайшылықта пұттардан тілейтін олар дәл осы сәтте пұттарды ұмытып, боз інгендей боздап сала берді. Кеше ғана: «Бұл жалғанда бізден күшті кім бар? Қане, көрсет азабыңды!» – деп дүниені жалпағынан басқандар енді кірерге тесік таппай жанжаққа тарыдай бытырады.

Осы кезде Һұд пайғамбар (а.с.) өз үмбетін ертіп, елден оңашаланып, ғаламзаттың Раббысына қол жайып, жалбарынып тұрды. Кейбір деректе ол өзі мен үмбетінің жиналып тұрған жерінің айналасына дөңгелек шеңбер сызғандығын және осы сызықтан дауылдың болмашы лебі де кірмегені айтылады.

 Алыстан қаланың астаң-кестеңі шыға қираған дауысы естіліп жатты. Дауыл шағыл құмдарды сыпырып әкеп қаланың төбесінен шашып жібергенде, қала халқының көздерін ашуға мұршасы келмей қалды. Әуел баста майда тастарды ұшырған дауыл бірте-бірте ұсақ-ірісі аралас ірі тастарды ұшырды. Алып бәйтеректерді түп тамырымен қопарып, үйлердің шатырын қидай сыпырды. Артынша қабырғаларын қиратты. Құранның сөзімен айтқанда, бұл дауыл адам болсын, зат болсын, көлденең келгеннің барлығын талқандап шіріген сүйекке, ұсақ бөлшекке айналдырып тып-типыл етіп жатты. Задында, Һұд та келетін осы азапты түсіндіргенде: «Раббының әмірімен барлық нәрсеніжермен-жексен ететін жел» (Ахқаф 25) деп айтқан еді. Бірақ оның сөзін елеген жан болмады.

Алла Тағаланың «Сарсар» деп аталған осы сұрапыл дауылы қала үстінде сегіз күн, жеті түн тоқтаусыз соғып, сегізінші күні кешке қарай бірде-бір адамды тірі қалдырмай тып-типыл етіп, сүйектерін көтеріп алып теңізге тастайды. Құран осы азапты күндерді «Жайсыз күндер» деп атаған.

 Кейбір деректе Һұд осы оқиғадан кейін өзіне иман келтірген үмбетімен Меккеге келіп орналасады. Ізінен ерген халық саны төрт мыңдай еді. Ал кейбір деректерде Ахқафқа жақын Хадрамут деген жерге қоныс аударып, көз жұмғанша сол жерде тұрады. Али (р.а.) арқылы жеткен бір хабарда оның қабірі сол жердегі бір қызыл төбенің басында болғандығы және басында жаңғақ ағашының өсіп тұрғаны айтылады.

Палестиналықтар Һұдты өздері тұрған жерде жерленді деп ойлайды. Олар сол маңайдағы бір қабірді сонікі деп санап, сол жерге зиярат жасайды.

Әр пайғамбар тәухид негізінде халықты имандылыққа шақырады. Бірақ ешкімді бұған мәжбүрлемейді. Әйтпеген жағдайда адамға жеке ықтияр, дербес таңдау, ерік берілмеген болар еді. Сол себепті әрбір елге пайғамбар келгенде, оның жолымен жүріп, ізінен ергісі келмегендер пәлекетті Алла Тағаладан өздері тілеп алады.

Ендеше өзге пайғамбарлар секілді Һұд пайғамбар да өзіне берілген міндетті толығымен атқарды. Жермен-жексен болған халқының ақыретте айтар дауы қалмады.

(Материал Қ. Сейтұлының «Пайғамбарлар тарихы» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: