Бұл қиссада тұрмысы қарапайым, жаны жомарт, сабырын сары алтынға айналдырған, оған құдіреті күшті Алла Тағала кереметі мен игілігін аямаған Айюб пайғамбардың әйелінің өмір жолы мен тіршілігі жайлы әңгімеленеді.
Әңгіме ауыр сынаққа ұшыраған Айюб пайғамбарға қатысты өрбиді. Алланың ауыр сынағына түскен Айюб өмірінің біраз мерзімін тауқыметпен өткізеді. Тәпсір және тарих ғұламаларының айтуынша, ол өте дәулетті кісі еді. Алла Тағала оған көптеген нығмет тарту еткен. Оның аумақты жерлері, үйір-үйір малы және қызметкерлері, ірі-ірі сауда көздері болған. Жеті ұл, жеті қыз перзент сүйген, дені сау, бақуатты кісі еді. Шын мәнінде, Алла оған деген нығметтерін аямаған-ды. Сосын Алла Тағала оны төзімділікте өзінен кейінгілерге үлгі-өнеге танытуы үшін сынады. Өйткені ең көп сынаққа пайғамбарлар алынатын. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):
«Ең ауыр сынаққа түсушілер – пайғамбарлар, сосын ізгілер, сосын сол секілділер және сол сияқты», – деген (Әт-Тирмизи, Зуһд: 57; Ибн Мәжәһ, Фитән: 23).
Сөйтіп, Айюб үшін сынақ кезеңі басталады. Оның бар мал-дүниесі таусылып, кембағалға айналады, ұлдары мен қыздары бірінен соң бірі өлім құшады. Сосын Алла оған ауыр бір дерт жіберді. Науқасы меңдеген Айюб жүре алмай қалады. Денесі шіріп, еті жидіп түсе бастайды. Ауруының жұғуынан қорыққан достарының барлығы одан теріс айналады, екі жолдасы ғана алыстан сөйлесетін. Тіпті туған-туыс, жақын дос-жарандары да ат ізін салмай қояды.
Осындай ауыр халде жатқан Айюб пайғамбардың жанында жастанса – жастығы, таянса – таяғы болып қалқайып, жалғыз жан жары ғана қалады. Тумысынан қарапайым, жаны жомарт әйел ауыр сынақта жатқан күйеуін демеп, әрдайым қасынан табылады, ауыртпалығын бірге көтеріседі.
Күн санап жағдайлары нашарлап, азық-ауқаттары таусылып, жоқшылық алқымдарынан алғаны сондай, әйел өте ұзын көз тартарлықтай шашын сатып жан бағуға мәжбүр болады. Бірақ ол мұнысы жайлы күйеуіне тіс жармайды. Бір күні Айюбқа:
– Сен неге бұл бәледен айықтыруын сұрап, Аллаға дұға қылмайсың? – дегенде, Айюб:
– Біз молшылықта, бақыт-шаттықта қанша жыл өмір сүрдік? – деп сұрайды.
– Жетпіс жыл, – деп жауап береді әйелі. Сонда Айюб:
– Мен молшылықта өмір сүргенімдей сынақ мерзімі өтпейінше Аллаға шипа сұрап дұға қылуға ұяламын, – дейді.
Өлместің тіршілігін жасап, ауыр жағдайда күнелткен өмірлері осылайша жалғасып жатады. Ал жары заты әйел болса да, қамкөңілдігіне қарамай, тағдырына налымай, болаттай бекемдікпен байсалдылық танытып, сабырмен шыдап бағады. Қашанда әйел ер-азаматтың ар-ожданы, абыройы емес пе?.. Кім де болса ар-ұятының таза, кіршіксіз болғанын қалайды. Десе де, өмірде кез келген әйел бұл пайғамбардың әйелінің ерлігін қайталай бермес. Ол жиырма жылға жуық төсекке таңылып, дерт меңдеген күйеуінің көңіліне қаяу түсірмей, көптің қолынан келе бермейтін өнегенің өрнегін салды. Жан төзбес тауқымет тартқан, сабырлылығы үшін сый алған қарапайым әйелдің ерлігі әрбір жанды таңдандырмай қоймасы анық.
Ұзақ жылдар бойы көрсеткен салмақты сабырлылықтан кейін оларға рақымы мен кеңшілігі мол Алланың жеңілдігі келеді. Айюб Раббысына:
«Маған шайтан жамандықпен және азаппен тиді!», – деп дұға қылады («Сад» сүресі, 41-аят).
Айюбқа Алла Тағаладан: «Аяғыңмен теп» («Сад» сүресі, 42-аят), – деген әмір келеді де, Айюб аяғымен жерді тепкенде, атылып су шығады. Алла оған бұл судан ішіп, жуынуды бұйырады. Сөйтіп, Айюб ауруынан құлан-таза айығып, бұрынғы қалпына келеді. Оны көрген әйелі өз көзіне өзі сенбей, күйеуін танымай қалады. Осыдан соң Алла Тағала олардың бастарына түскен сынаққа көрсеткен сабырлылықтары үшін қиыншылықтарын Өзінің рақымшылығымен алмастырып, жоғалтқан ұл-қыздарының орнын басқа перзенттермен толтырды.
Кейбір риуаяттарға сүйенсек, олардың балаларының саны жиырма алтыға жеткен деген хабар айтылады. Олар қайтадан мол мал-дүниеге ие болады. Көктен оларға қарымта нығметтер келді. Алла Тағала оған отбасылық игілігін де қайтарды.
Ибн Аббас (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «Алла Тағала онымен қоса әйелін де осындай үлкен сынақтағы зор шыдамдылығы үшін құрметтеп, оған жастық шағын қайтарды. Ол Айюбқа жиырма алты ұл-қыз туып берді», – деген.
Алла Тағала: «Біз оның тілегін қабыл алып, ондағы зиянды кетірдік. Әрі Біздің алдымыздан мейірім, құлшылық етушілерге ескерту ретінде оған үй-ішін және олармен бірге солар сияқтыны бердік», – деген. («Әнбия» сүресі, 84-аят)
материал «Ғибратты оқиғалар» кітабынан алынды,
ummet.kz