Адамзаттың атасы Адам ғ.с. – пайғамбар болған. Оған дәлел «Бақара» сүресінің 38-ші аяты:
فَإِمَّا يَأْتِيَنَّكُمْ مِنِّي هُدًى
«Менен сендерге басшылық келсе».
Бұл аяттағы «басшылық» сөзінің ұғымы: Кітап және пайғамбар. («Тафсирүл-Жәләләйн»)
Бұл сөзінде Хақ Тағала Кітап түсіретіні әрі пайғамбарлықты нәсіп ететіні жайында айтып тұр.
Сонымен қатар «Таһа» сүресінің 122-ші аятында былай деген:
ثُمَّ اجْتَبَاهُ رَبُّهُ
«Сонан кейін Раббы оны таңдап».
Яғни, Адам ғ.с. жәннатта тыйым салынған жемісті жегеннен соң Хақ Тағала оның тәубесін қабыл етіп, соң оны пайғамбарлыққа таңдады.
Осы екі аят та Адамның ғ.с. пайғамбарлығына анық ишара. Болмаса, бұл мәселеге дәлел болатын өзге де аяттар баршылық. Мәселен:
وَإِنْ مِنْ أُمَّةٍ إِلَّا خلَا فِيهَا نَذِيرٌ
«Негізінде бір ескертуші болмаған бір үммет жоқ». («Фатыр», 24 аят )
وَلَقَدْ بَعَثْنَا فِي كُلِّ أُمَّةٍ رَسُولاً
«Әр үмметке елші жібердік». («Нәхл», 36 аят )
Назар аударар болсақ, әрбір үмметке пайғамбар жіберілген екен. Ал адамзаттың ең бастапқы бөлігі – Адам пайғамбардың ғ.с. үмметі болып табылады. Бұл мәселеде ғалымдардың арасында ихтиләф жоқ. Бұл мәселеде имам Тирмизи Әбу Сағид Худриден р.л.ғ. риуаят еткен мына хадис те дәлел бола алады. Расулуллаһ (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) былай деген:
أَنَا سَيّدُ وَلَدِ آدَمَ يَوْمَ الْقِيَامَةِ وَلاَ فَخْرَ، وَبِيَدِي لِوَاءُ الْحَمْدِ وَلاَ فَخْرَ، وَمَا مِنْ نَبِيّ يَوْمَئِذٍ، آدَمَ فَمَنْ سِوَاهُ إلاّ تَحْتَ لِوَائِي، وَأَنَا أَوّلُ مَنْ تَنْشَقّ عَنْهُ الأرْضُ وَلاَ فَخْرَ
«Қиямет күні мен Адам ғ.с. перзенттерінің ішіндегі төресі боламын әрі бұл нәрсені мақтаншақтықпен айтпаймын. Менің қолымда «Аллаһ Тағаланы мадақтау» туы болады әрі бұл нәрсені мақтаншақтықпен айтпаймын. Сол сәтте қандай бір пайғамбар болмасын, Адам ғ.с. және одан өзгесі, барлығы да менің туымның астына шоғырланады. Сонымен қатар жерден ең бірінші ең бірінші шыққан адам мен боламын әрі бұл нәрсені мақтаншақтықпен айтпаймын».(«Тухфатүл-Ахуази», 3258)
Айта кету керек, Адамның ғ.с. жаратылу қыссасы Құранның тоғыз сүресінде баян етілген. Тіпті Құранда Адамның ғ.с. жаратылуы егжей-тегжейлі баяндалған десек қателескен болмаймыз. Осыдан Адам ғ.с. – адамзат атасы екені мәлім болады. Осы ақиқат «адам маймылдан жаратылды» деген жалғанды жоққа шығарады.