10
Бейсенбі,
Қазан

һижри

«Уа, Расулалла, саған қаншалықты салауат пен сәлем айтайын?»

«Уа, Расулалла, саған қаншалықты салауат пен сәлем айтайын?»

Пайғамбарлар (ғ.с.) тарихы

Убай Ибн Кәғб (р.а.) айтады:

«Расулалла (с.а.с.) түннің үштен екі бөлігі өткенде тұрып: «Ей, адамдар! Алланы зікір етіңдер! Алланы зікір етіңдер! «Сілкуші» міндетті түрде келеді, «артынан еруші» де оның артынан келеді. Өлім қиындықтарымен келеді (олай болса ақыретке дайындалыңдар!)» – дейді.

Убай сөзін жалғастырып былай дейді: «Уа, Расулалла дедім, мен саған көп салауат оқығым келеді. (Дұғамда) қаншалықты салауат пен сәлем айтайын?» дедім. «Қалағаныңша» – деді. «Төрттен бірі жете ме?» – дедім. «Қалағаныңша. Егер арттырсаң ол сен үшін қайырлырақ», – деді. «Үштен екісіне не дейсіз?» – дедім. «Қалағаныңша. Егер арттырсаң ол сен үшін жақсы», – деді. «(Өзіме дұға жасайтын уақыттың) барлығын сізге салауат пен сәлем айтуға арнайын ба?» – дедім. «Бұл жағдайда (дүниелік және ақыреттік) қалауларың қабыл болады, күнәң кешіріледі» деді.

ТҮСІНДІРМЕ:

1. Хадисте «сілкуші» деп аударылған сөз – «ражифа». Түсіндірушілер бұл арқылы нәфха ула деп аталатын Исрафилдің (а.с.) алғаш рет сурды үрлеуінің меңзелгенін айтады. Осы үрлеу арқылы барлық тіршілік иелері өледі. «Артынан еруші» деп аударылған «радифа» сөзі нәфха сания деп аталатын екінші үрлеу деп түсіндірілген. Бұл арқылы қиямет күні тірілу орын алады. Бұл ұғымдар Назиғат сүресінің 6-7-аяттарында айтылған «Ол күні жер орасан қатты сілкінеді. Оның артынан тағы бір сілкініс болады» деген аяттарға ишара жасалады. Тәпсіршілер бұл жерде бірінші және екінші үрлеудің меңзелгенін айтқан.

2. «Өлім өз қиындықтарымен келеді» деген сөз – жан тапсыру сәтінде қабірде болатын және одан кейінгі кезеңдерде адам басына келетін жағдайлар.

3. Хадисте Расулаллаға (с.а.с.) көп салауат айтудың ізгілігі туралы айтылған. Хадис дұға жасау кезінде адамның өзіне тілек тілегенге дейін Расулаллаға (с.а.с.) салауат оқуы оның дүниелік және ақыреттік мақсаттарына жетуінде өте әсерлі, өте пайдалы әрекет болатынын көрсетеді.

Ислам ғалымдары Құран мен сүннетке сүйеніп салауаттың Алла дәргейінде ең қабыл болатын дұға екенін қабылдаған. «Олай болса, мұсылман дүниелік және ақыреттік қажеттілігін сұрамастан бұрын салауатты жиі оқуы керек, сосын тілегін айтуы қажет. Тілек тілеп болғаннан кейін тағы да салауат айту абзал». Қабыл болған екі дұғаның арасында айтылған тілектің қабыл болуға жақын болатынын көрсетеді. Дұғаның әдебіне қатысты мынаны да айту керек, салауат үшін де, басқа тілектеріміз үшін де алдымен кешірім тілеу арқылы рухани тазаруымыз, осы тазалықтан кейін салауат оқуға өтуіміз ұсынылған.

материал «Сүннет энциклопедиясы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: