22
Жұма,
Қараша

һижри

Фиқһ (құқық) саласындағы мәзһабтардың қалыптасуы

Фиқһ (құқық) саласындағы мәзһабтардың қалыптасуы

Ақида
Жарнама

«Әһлу сүннет уәл жамағат» (сүннет халқы және жамағаты) «итиқади» (сенім) және «фиқһи» (құқықтық) мәзһабтардан тұрады. Фиқһи мәзһабтар төртеу: ханафи, шафиғи, мәлики және ханбали. Олардың пайда болуының өзіндік себептері бар. Фиқһ саласының ғылым ретінде қалыптасуының тарихнамасына қысқаша тоқталып өтейік. Хазіреті Пайғамбар (с.ғ.с) дәуірінде мұсылмандар күнделікті тіршілік пен құлшылық және әлеуметтік мәселелер жайында сұрақтарын тікелей Пайғамбардан (с.ғ.с) сұрайтын. Алла Елшісі (с.ғ.с) ондай сұрақтарға Құран аяттары негізінде кейде өзінің ойымен жауап беретін. Егер Хазіреті Пайғамбар (с.ғ.с) бір мәселеде өз ойынан пәтуа берсе, берілген үкім дұрыс болмай қалған жағдайда Алла Тағала уахи арқылы түзетіп отыратын.

Ал Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар қайтыс болғаннан кейін халифалар Ислам дінін тарату үшін көрші мемлекеттерге жорық жасады. Сөйтіп, Иран, Ирак, Сирия, Мысыр және Солтүстік Африка елдері халифа билігіне бағынды. Бұл елдерде қаншама ұлт пен ұлыстың, діндер мен діни наным-сенімдердің бар екендігін ескерсек, Ислам дінінің әмір, тыйымдарына қарсы келетін тұстарының көптеп кездесуі де заңды құбылыс. Аталмыш елдерге Исламды үйрету үшін ұстаз ретінде қаншама сахабалар жіберілді. Олар ақиқат дінді үйретумен қатар тұрғындар тарапынан қойылған кейбір сұрақтарға жауап беріп отырды. Жергілікті халық мәселенің шешімін білетін сахабаларға жүгінді. Олар мұндай жағдайда сұрақтың жауабын әуелі Алланың кітабы Құраннан, болмаса Хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с) хадистерінен іздейтін. Одан да таба алмаса, өздері «ижтиһад» (ақыл ойға сүйеніп, шариғат шеңберінде үкім беру) жасап, пәтуа беріп, мәселені шешіп отырды. Сахабалар бұлай етуде мына бір хадиске сүйенді: «Бірде Хазіреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Муаз ибн Жәбәл есімді сахабасын Йемен еліне әкім етіп жібермек болады да, одан: «Бір мәселе шықса қалай үкім бересің?», – деп сұрайды. Муаз: «Әуелі Алланың кітабымен», – деп жауап берді. Хазіреті Пайғамбар (с.ғ.с): «Егер мәселені одан таба алмасаң ше?», – деді. Ол: «Алла Елшісінің сүннетінен іздеймін», – деді. Хазіреті Пайғамбар (с.ғ.с) тағы да: «Одан да таппасаң ше?», – деп сұрады. Муаз бұл жолы: «Ондай жағдайда өз ойымнан пәтуа беремін», – деп жауап береді» (Тирмизи, Ахкам 3; Ибн Мажа, Мәнасиқ 38).

Осылайша сахабалар жаңа шыққан мәселеге Құран аятынан яки Пайғамбар хадисінен дәлел таппаған жағдайда өз ойларынан пәтуа беретін. Бұлай істеу әдісі уақыт өткен сайын кең етек ала бастады. Кейбір сахаба өз ойынан берген үкімінің соңына: «Бұл менің пікірім. Егер дұрыс болса Алладан, қате кетсе менен», – деп көрсетті. Өз ойымен пәтуа беруші сахабалардың басым көпшілігі Хазіреті Пайғамбардың (с.ғ.с) жанында көбірек болғандар еді. Сахабалар дәуірінде тағы бір шешім шығару әдісі болды. Ол – «ижма». Яғни қандай да бір мәселе жайында үкім беру үшін көпшілік мұсылман мешітке яки алаңға шығып, мәселені талдай отырып, бірауыздан қабыл етеді. Бұл әдісті алғаш қолданған екінші халифа Хазіреті Омар болатын (634-644). Ол шешімі қиын болған бір мәселеде Мәдина халқын жинап алып, ақылдасатын. Сөйтіп, көпшіліктің ортақ шешімімен бекітетін. Мысалы, Ирак аймағын халифа Омардың әмірімен мұсылмандар жаулап алып, соғысқа қатысқандар сол аймақтың жерлерін өзара олжа ретінде бөліп алмақ болады. Бірақ халифа Омар жерді жекеменшікке беруді дұрыс көрмей, Мәдина халқымен екі күн бойы талқылай келе, үшінші күні ол «Хашр» сүресінің 7-аятын оқығанда жиналғандар бірауыздан пікірді қолдап, жерді байырғы иелеріне қалдырады:

«Алланың, Елшісінің бір кент тұрғындарынан қалдырған олжалары Аллаға, Елшісіне, жақындарына, жетімдерге және жолда қалғандарға тән. Сендерден байлар арасында айналып жүрмеуі керек. Сендерге Елші не берсе алыңдар да, неден тыйса, одан тыйылыңдар, әрі Алладан қорқыңдар. Сөзсіз Алла қатты азап иесі» («Хашр» сүресі, 7-аят).

Сахабалар дәуірінде ғалымдар үкім шығаруда мына негізгі принциптерді бекітеді:

1. Алланың кітабы – Құран;

2. Пайғамбардың сүннеті;

3. Ижма – көпшілік ғалымның ортақ пікірі;

4. Қияс – салыстырмалы үкім.

Сахабалар діни салада көптеген шәкірт тәрбиелеп, танымал ғалымдардың шығуына себепкер болады. Сахабалардың көзін көргендерді «табиғин» деп атады. Міне, осы табиғиндер, әсіресе Ислам құқығы саласында мол еңбек сіңірді. Олар жоғарыда көрсетілген үкім шығару принциптерін одан ары жандандырып, жүйеледі. Нәтижесінде Мәдина және Иракта өзіндік құқықтық мектептер пайда болды. Ирак мектебі үкім шығаруда мәдиналықтарға қарағанда ақылды зәрулікпен қолданып, жеке салыстырмалы пікірге де жүгінді. Ал, мәдиналықтар аят пен хадис төңірегінен шықпауға тырысып бақты.

Ислам тарихында Құран мен сүннеттің құқықтық мәселесі мен үкімдерін түсіну, саралау, қорытындылау барысында түрлі пікірлер мен пәтуалар туындады. Сонымен қатар, қоғамның түсінігі мен географиялық ерекшеліктеріне сай кейбір үкім шығару әдістері қолданылды, уақыт өткен сайын базбір пәтуалар өзгеріп отырды. Құран мен сүннеттегі үкімдер сенім (ақида) және амал деген атаумен екіге бөлінгендіктен, аталмыш тақырыптарды түсіндіру барысында ақида (сенім) мәзһабы, фиқһи мәзһабы болып бөлінді. Фиқһ саласының дамуында мужтаһид имамдардың елеулі, қажырлы еңбектері нәтижесінде фиқһи мектептер құрылып, көптеген қолдаушылар таба білді. Мұндай мектептер Ислам мәзһабтары немесе фиқһи мәзһабтар деп аталып, ондай мәзһабтар сол мектептің негізін қалаушы имамның атымен аталды. Фиқһи мәзһабтар Ислам құқығын түсінуде және түсіндіру жолындағы әдіс-үкімдерді талдауда, үкім шығаруда ұстанатын жол десек, артық айтқандық емес.

Ертеректе пайда болған мәзһабтардың кейбірі бүгінгі күнге дейін жетіп, қолдауға ие болса, кейбірі қолдау таппай жойылып, ұмытылып кетті. Әуелде ешбір мужтаһид имамның мәзһаб құру мақсаты мен арманы болмағаны анық. Дегенмен, уақыт өте келе саяси оқиғалардың әсері мен кейбір мәселелердің нәтижесінде мәзһабтар шықты. Умея (661-750) және Аббаси (750-1258) халифаты тұсында халифалар билік тізгінін ұстау мақсатында ғалымдардың жәрдеміне жүгінді. Мысалы, Әбу Ханифа, имам Мәлік, Ахмад ибн Ханбал сынды ғалымдар зұлымдыққа себеп болмау үшін өз заманындағы халифалардың ұсынған қызметтерінен бас тартты, тіпті бұл үшін жазаланды да. Кейбір басшылар айналасындағы ғалымдарға ғылыми пікір-сайыстар жасатып, дұшпандарынан идеологиялық тұрғыда басым келуді мақсат тұтты. Пәтуа беру мәселесі бір жүйеге келмегендіктен, әр жерде білгіштер көбейіп, әркім өз бетінше пәтуа берді. Ұлы имамдардың біреуінің пәтуасына тоқтамға келмеген соң, іс насырға шауып, оның ақыры айқайға ұласып жатты. Әсіресе, қазылардың әртүрлі пәтуа беруі халық арасында үлкен сенімсіздік тудырды. Кімге сенерін білмеген жұрт ондай қазылар мен білгіштерге құрмет көрсетуден қалды. Міне, осындай жағдайлар тек сенімді деген ғалымдардың еңбектері мен пәтуаларына жүгінуге себеп болды.

Ол кезеңде ғылым иелері үшін ижтиһад қақпасы айқара ашық еді. Ал ижтиһад жасауға білімі жетпегендер үшін қалаған мужтаһидке жүгіну және пәтуасымен жүру еркіндігі берілді. Қазылар мен мүфтилер белгілі бір заң мен мәзһабқа тәуелді болмағандықтан, арыз-шағымдарды өз ижтиһады бойынша шешіп отырды. Аббасидтер кезеңіне дейін әрбір орталықта көптеген ғалымдар мен мужтаһидтер діни мәселеге өз беттерінше пәтуа берді. Фиқһи мәзһабтардың шығуына себеп болған мәселенің бірі – ғылыми еңбектердің жүйеге келуі еді. Аббасилер кезеңінде мужтаһидтер фиқһтың барлық тақырыптарының үкімдерін беріп, уақыт өте келе жинақтап, қайсыбір ғалымның түрлі мәселедегі пәтуаларын үйрену мүмкіншілігі туды. Сонымен қатар, фиқһ мектептерінің ғалымдары өзара пікірсайысқа түсіп, қолданылған ғылыми әдістер мен фиқһи мәселелер қаламға алынады. Нәтижесінде жүйеге түскен фиқһи әдістер мәзһабтардың пайда болуына өзіндік әсерін тигізді. Сондай-ақ, мужтаһидтер арасында Құран Кәрім аяттары мен сүннетті түсіну және үкім шығарудағы айырмашылықтар да фиқһи мәзһабтардың шығуына белгілі бір дәрежеде себеп болды. Өйткені бір мужтаһидке сахих ретінде жеткен сүннет, екінші бір мужтаһидке сахих риуаятпен жетпеуі – олардың түрлі үкім беруіне әкеп соқтырды. Осы секілді жағдаяттар туындаған кезеңде Әбу Ханифа, имам Мәлик, Ахмад ибн Ханбал және имам Шафиғи сынды ғалымдар өзгелерді өздерінің артынан еруге шақырмағанымен, олардың үкімін қолдаушылар көбейді. Уақыт өте құқықтық мектептер имамдардың атымен аталып кетті.

Мәзһабтардың Ислам әлемінде орнығуы мен жайылуында саяси, әлеуметтік және мәдени себептер де әсер етті. Әсіресе, аталмыш мәзһаб имамдарының халифалармен қарым-қатынасының жақсы болуы бір елде сол мәзһабтың кеңінен жайылуына ұйытқы болды. Мысалы, Аббаси халифаларынан Һарун Рашид кезеңінде (786-809) Әбу Ханифаның шәкірті Әбу Юсуф бас қазы болып қызмет атқарған тұста ханафи мәзһабының жайылуына үлкен септігін тигізсе, Яхия ибн Яхияның Андалусияда әл-Хакам атты халифаның сеніміне кіруімен мәлики мәзһабы сол аймақта кең таралды. Халықтың салт-дәстүрі мен географиялық ерекшеліктеріне байланысты фиқһи мәзһабтар бір өлкеде кең тараса, бір аймақта кенже қалып, бүгінгі дәуірімізге дейін осындай үрдіспен жалғасып келді.

Ислам әлемінде «Әһлу сүннет уәл-жамағат» атымен танылған ханафи, мәлики, шафиғи және ханбали мәзһабтары. Бұдан өзге мәзһабтарды бұл атаумен атамаған.

«Мәзһабтар тарихы» кітабынан

ummet.kz

Бөлісу: