Имам ән-Нәуәуи Мүслімнің Сахихына жазған түсіндірмесінде: «Түрлі топтардағы бұрынғы және кейінгі ғұламалардың басым көпшілігі күнәлардың кіші әрі үлкен болып бөлінетіндігі туралы айтқан.
Оларға Кұран пен Сүннеттен де және үмбеттің бұрынғы және кейінгі өкілдерінің сөздерінен де дәлелдер табылды». Имам әл-Ғазали кітабында: «Кіші және үлкен күнәлардың барлығын теріске шығару фиқһ іліміне қарама-қайшы. Өйткені олар туралы шариғат мәселелерінде түсінуге болады», – дей келе: «Теріс әрекеттің Алла Тағаланың ұлылығына қатысты аса нақұрыс кейіпте болатынына шек жоқ. Алайда олардың кейбірі кейбірінен зор болып, төменірек дәрежедегісі өзінен жоғары тұрғанынан жеңілірек болып келеді», – деген пікірін келтіреді. Ән-Нәуәуи: «Имам Әбу Мұхаммед ибн Абдуссәләм, оны Алла Тағала рахым еткей, әл-Қауаъид атты кітабында: «Кіші күнә мен үлкен күнәның парқын білгің келсе, бір күнәның зардаптарын мәтіндерде (яғни, Құран мен хадисте) айтылған үлкен күнәлардың зардаптарымен салыстырып көр. Егер зардабы сол үлкен күнәлардың ең аз зардабынан азырақ болса, ол кіші күнә болғаны.
Ал егер сол үлкен күнәлардың ең кіші зардаптарымен теңдес келсе не асып кетсе, онда ол да үлкен күнә болғаны. Кімде-кім Алла субханаһу уа тағалаға тіл тигізсе не Пайғамбарды (с.ғ.с) балағаттаса не Құранды лас жерге, қоқысқа тастаса, ол істері тіпті шариғат сол істерді ашық түрде үлкен күнәлардың қатарына қоспаса да үлкен күнәлар. Сондай-ақ, жалған әңгімесінің салдарынан бір адамның басқа адамды өлтіретінін біле тұра өтірік айтса, ол да үлкен күнәға жатады. Ал жалған сөйлеуінің себебінен бір пайда көретінін біліп өтірік айтса ол үлкен күнәға жатпайды.
Үлкен күнә мен кіші күнәның арасындағы айырмашылықтың олардан келетін зардаптың ауыр-жеңілдігіне байланысты. Сонымен қатар кіші күнә мен үлкен күнәның ара-жігін ажырататын тағы бір нәрсе бар. Ол негізінен істелінген күнәның ізгі амалдар жасау арқылы өшірілуіне, не керісінше өшірілмеуіне байланысты. Сол негізде намаз, ораза, қажылық, ұмра және дәрет алу сияқты амалдарды жасағанда өшіріліп кететін күнәлар кіші күнәлар болып есептеледі де, тиісінше, сол амалдармен өтеуі бола алмайтын зинақорлық, кісі өлтіру сияқты ауыр қылмыстар үлкен күнәлар болып есептеледі.
материал «Ислам дегеніміз не?» кітабынан алынды
ummet.kz