21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

«Тәухидті» үшке бөліп түсіну дұрыс па?

«Тәухидті» үшке бөліп түсіну дұрыс па?

Күдікпен күрес
Жарнама

Әһлі сүнна уәл жәмәға ғалымдары, Исламдағы доктриналық мәселелерді «Иләһият», «Нубууат» және «Сәмғият» деп үш үлкен тақырыптың аясында қарастырады.

Сенім мәселелеріне қатысты алғашқы ғасырларда жазылған имам Ағзам Әбу Ханифаның (80-150 һ.) «Фиқһул әкбар»[1], Абдулғани әл-Ғұнайми әл-Ханафидің (1298 һ) «Шарху Ақидату Тахауия әл-Мүсамма баябус-Сунна уәл жәмәға»[2] атты еңбектерімен қатар, һижри III ғасырда өмір сүрген имам Матуридидің «Китәбут тәухид»[3] атты еңбегінде де Жаратушы Хақты танудың жолдары, Оның есім-сипаттары «Иләһият» бөлімінің ішіне кіргізілген. Имам Матуридидің көзқарасын дамытып, бүгінгі күнге дейін жетуіне зор үлес қосқан имам Әбу Мүғин Мәймун ән-Нәсафи әл-Матуридидің, «Тәбсиратул әдиллә фи ұсулуд-дин»[4] еңбегінде де, Шайх Жәмалуддин Ахмад әл-Ғазнәуй әл-Ханафидің (593 һ), «Китәбу ұсулуд-дин»[5] еңбегінде де аталмыш тәсілдің жалғасын табуын ескере отырып, тәухид түсінігін «Тәухид Рубубия», «Тәухид Үлуһия» және «Тәухид Әсма уәс-сипат» деп бөлмей, бір бүтін қарастырғанын көруге болады.

Ал, тәухид мәселесін «Тәухид Рубубия», «Тәухид Үлуһия» және «Тәухид Әсма уәс-сипат» деп үшке бөліп түсіндіру тәсілі алғаш һижри VII ғасырда Ибн Тәймияның (1263-1328 ж. ж.) бастамасымен барлыққа келгені айтылып та, жазылып та жүр.

Неге қасиетті Құран аяттары мен Пайғамбар (с.ғ.с) хадистерінде «Тәухид» мәнісін үшке бөліп түсіндірмеген. Һижри VII ғасырға дейінгі ғалымдар Ибн Тәймия айтқан «Тәухидты үшке бөлу» тәсілін білмеді ме? Немесе һижри VII ғасырға дейінгі және одан кейінгі ғасырдағы көпшілік мұсылмандар «дұрыс тәухид» сенімінде болмай, адасуда болып келді ме? деген түрлі сұрақтар туындауы анық.

Енді осы жайтты толығырақ аша түсу үшін алдымен Ибн Тәймия еңбектерінен үзінділер келтіріп, бұл мәселені қалай түсіндіргенін көрейік.

Ибн Тәймия: «Тәухид Рубубия – күллі жаратылысты жаратып, оны меңгеріп тұрған жалғыз Жаратушыны бірлеу. Тәухид Үлуһия – Аллаға ешқандай ортақ қоспай, жалғыз Өзіне ғана құлшылық ету. Ал, тәухид Әсма уәс-Сипат – Алланың есім-сипаттары заһирда (сыртқы көріністе) білінгендей бірлеу», - десе[6], тағы бір сөзінде, тәухидты үшке бөліп түсіндірмеген Әһлі сүнна уәл жәмәға ғалымдарының ұстанымын теріске шығарып: «...Олар, тәухид Үлуһия мен тәухид Әсма уәс-Сипатты «Тәухид» түсінігінен бөліп тастады. Тек қана тәухид Рубубияны таныды. Тәухид Рубубия – Алла барлық нәрсенің Жаратушысы және Раббысы екендігіне илану. Мүшріктерде де мұндай тәухид сенімі болды. Сондай-ақ, Алла Тағала: «Олардан: «Күллі аспан әлемі мен жерді кім жаратты?» – деп сұрасаң, олар, әлбетте (амалсыздан): «Алла», – деп айтады» («Лұқман» сүресі, 25-аят), «Оларға: «Жеті қабат аспанның Раббысы кім? Ұлы Аршының Раббысы кім?» – деп айт. Әлбетте, олар: «Бәрі де Аллаға тиесілі», – дейді...» («Мүминун» сүресі, 86-87 аяттар) және «Олардың көбі Аллаға серік қоспай иман етпейді (Алла бар деп сенсе де, Оған өзге нәрселерді серік етіп қосады)» («Юсуф» сүресі, 106-аят) деген. Демек, Алланың құлдарына әмір еткен тәухиды, ол – тәухид Рубубияны өз ішіне алған тәухид Үлуһия. Яғни, Аллаға ешнәрсе ортақ қоспай ғибадат етуді білдіретін тәухид Үлуһия»[7] десе, «Рисәлату әһлис-Суффа» еңбегінде, «Тәухид Рубубия бір өзі күпірлікке тосалғы бола алмайды»,[8] - дейді.

Ибн Тәймияның жолын жалғастырушы Мұхаммад ибн Абдулуаһһаб (1703-1792 ж. ж.) болса, өзінің «Кәшфу әш-Шубуһат» деген еңбегінде, «Тәухид, ол – ғибадатты тек Алла үшін жасау. Бұл Алланың пенделеріне жіберген елшілерінің діні. Алла әуелі Нұхты (а.с) «Уәд, Сауағ, Яғус, Яғуқ және Наср» деген салихалы адамдарды құрметтеуде шектен шыққан бір қауымына елші етіп жіберді. Сол салихалы адамдардың суреттерін (мүсіндерін) елшілердің соңғысы Мұхаммад (с.ғ.с) сындырды. Мұхаммед (с.ғ.с) жіберілген қауым болса, Алланы көп еске алып құлшылық және қажылық жасайтын, садақа беретін. Алайда, олар періштелерді, Мәриямды, Исаны және басқа да салихалы адамдардың мүсіндерін өздері мен Алланың арасына дәнекер етіп: «Біз тек бұл ісімізбен Аллаға жақындауды және Алланың құзырында олардың шапағат етуін қалаймыз», - дейтін. Міне, бұлар Алланың ортағы жоқ жалғыз Жаратушы екендігіне куәлік еткен мүшріктер...»[9] деген.

Ал, Мұхаммад ибн Абдулуаһһабтың ізбасары Мухаммад ибн Сүлайман әт-Тәмими, «Үш негіз және оның дәлелдері» атты кітабының түсіндірмесінде: «Рубубия тәухидінің мағынасы Алланың жалғыз өзі жаратушы, ризық беруші және барша істердің Басқарушысы екендігіне иман келтіру. Тіпті, лағнеттелген Ібіліс де Алланың бар екендігін, яғни рубубия таухидін мойындаған. Рубубия таухидін мойындамайтын қауымдардың бірі қазіргі кездегі – коммунистер, материалистер. Бұлар Құдай жоқ деген сөзді тек тілдерімен айтқан. Ал, жүректерінде Алланың барына сенген. Бұған дәлел коммунизм жүйесі құлағаннан кейін адамдардың өз дініне оралуы. Ал, Улуһия таухиді – ғибадатты жалғыз Алланың өзіне арнау (мысалы Буддист, Синтоизм Құдай жаратты деп мойындайды бірақ көп құдайға табынады) Адамзат пен жындарды осы таухид үшін жаратты. Осы таухид үшін пайғамбарлар жіберді әрі кітаптар түсірді. (Әл Әнбия 25) Рубубия таухидін мойындаған адам міндетті түрде Улуһия таухидін мойындауы тиіс. Мойындамаса мұсылман болып есептелмейді» десе[10], олардың тағы бір ұстанымында: «Кәлима шәһәданы (Алладан басқа құдай жоқ деп) түсіну Муғтазилит, Ашғарид, Матуридид және солар тәрізі адасқандарға тән түсінік болып табылады»[11] делінген. Яғни, Әшғари және Матуриди сенімінде болған мұсылмандардың барлығын адасқандар қатарына жатқызады.   

Ибн Тәймия, Мұхаммад ибн Абдулуаһһаб және оларға ергендердің көзқарасы бойынша, мүшріктер Алланың жалғыздығын (Тәухид Рубубияны) мойындаған жандар. Олар тек құлшылықтарында (Тәухид Үлуһияда) Аллаға ортақ қосқан болып табылады. Олардың бұл көзқарастарын Әһлі сүнна уәл жәмәға ғалымдары теріске шығарып, мәнсұқтайды. Яғни, кімде-кім «Тәухид Рубубия» сенімінде өмір сүретін болса, оның жасаған құлшылығында Аллаға ортақ қосу болмайды. Ал, құлшылығында Аллаға ортақ қосқан адамды «Тәухид Рубубия» сенімінде деуге келмейді. Қасиетті Құранда: «Сендердің Алладан өзге табынып жүргендерің (меңіреу пұттарың) өздерің және ата-бабаларың ойдан шығарып алған атаулар ғана» («Юсуф» сүресі, 40-аят) делінген.

Әрине, Әһлі сүнна уәл жәмәға ғалымдары «Тәухид» мәселесін Құран аяттары мен Пайғамбар (с.ғ.с) хадистері негізінде өте жақсы түсініп, айна-қатесіз бізге дейін еш бұрмаламастан жеткізді. Әрі Әһлі суннә уәл жәмәға ғалымдары Ибн Тәймия мен Мұхаммад ибн Абдулуаһһабтың тәухидты үшке бөліп түсіндіру көзқарасының дұрыс еместігін айтып, сынға алған жерлері де кездеседі.  

Содан бірер мысал келтірер болсақ, Ханафи мәзһабының көрнекті ғалымы Әш-Шайх Нұруддин Әли Қари, өзінің «Дауул мәғәли ғәлә манзумати Бәдил әмәли» атты еңбегінде: «Біліп ал, ең әуелі тәухидты «Тәухид Рубубия, тәухид Үлуһия және тәухид Әсма уәс-Сипат», - деп үшке бөлген адам, ол – Ибн Тәймия. Кейбір ғалымдар, «Ибн Тәймияның көзқарасы бойынша, тәуәссул амалы тәухид Рубубияны бұзатындықтан, тәуәссул жасағандарды ширк (Аллаға ортақ қосып) амал істегеннің қатарына кіргізіп, имансыз қылады. Яғни, оның тәухидты үшке бөлудегі мақсаты пайғамбарлар мен салихалы адамдарға тәуәссул жасауды жоққа шығару еді», - дейді. Ибн Тәймия бұл көзқарасымен, тәуәссулды дұрыс деген сәләф ғалымдары мен мұсылмандардың ұлы имамдарын ширк жасағандардың қатарына жатқызып үлкен қателікке ұрынды, ашық адасуға түсті. Оның тәухидты бөліп түсіндіруін дұрыс дегеннің өзінде мақсатының бұзық болғанын көреміз»[12] деген.

Ғасырымыздың танымал ғалымы, доктор Омар Абдулла Камил, өзінің «Әл-Инсаф фима усира хаулаһул хилаф» атты еңбегінде «Тәухидты үшке бөлудегі қателік» деген тақырыпқа кеңінен тоқталады. Енді, доктор Омар Абдулла Камилдің көзқарасы негізінде, тәухидты үшке бөліп түсіндірудің дұрыс еместігін түсіндіріп көрелік.

ҚҰРАН АЯТТАРЫ

«Иләһ» сөзі қасиетті Құранда: «Ол – күллі аспан әлемінде де, жерде де (құдіреті мен билігі шексіз) жалғыз Алла! Ол сендердің құпия сырларыңды да, жария істеріңнің бәрін жақсы біледі» («Әнғам» сүресі, 3-аят) десе, тағы бір аятта: «Ол көкте де жалғыз Құдай, жерде де жалғыз Құдай. Ол – Хаким (даналық иесі), Алим (бәрін білетін шексіз ілім иесі)» («Зухруф» сүресі, 84-аят) және «Егер де жер мен көкте Алладан басқа да құдайлар болғанда, шүбәсіз, ондағы тепе-теңдік пен жүйе бұзылып, астаң-кестеңі шығар еді» («Әнбия» сүресі, 22-аят) делінген аяттардағы «Иләһ» сөзі Лафзу Жәләла (яғни, Алла) сөзінің де және  «Рабб» сөзінің де мағынасын беріп тұр. Негізі, «Иләһ» сөзі «Лә Иләһа иллә Аллаһ» сөзінен шыққан. Шынайы ғибадат етілуге лайықты Құдай, Ол – «Алла» ғана деген мағынада. Яғни, күллі жаратылысты жаратып, оны даналықпен басқарып тұрған Құдіретті Хақ  «тәухид Рубубияны» да қамтиды. Сондықтан, «Иләһ» сөзі Жаратушы мағынасын бермейді, мағынасы тек ғибадатпен байланысты деу дұрыс емес.   

Ал, «Рабб» сөзі де қасиетті Құранда: «Уа, адамдар! Өздеріңді жоқтан жаратқан Раббыларыңа құлшылық етіңдер» («Бақара» сүресі, 21-аят) делінсе, тағы бір аятта: «Осы Үйдің (Қағбаның) Раббысына құлшылық етсін» («Құрайыш» сүресі, 3-аят) делінеді. Яғни, бұл аяттарда «Рабб» сөзі Жаратушыға құлшылық ету мағынасында келген. Демек, әр екеуі бір-бірінің мағынасын беретін синоним сөздер болып табылады. Бұдан «Тәухидты үшке бөлу» тәсілінің дұрыс еместігін көруге болады. Өйткені, Хақ болған «Рабб», ол – шынайы Иләһ. Құлшылық етуге лайық болған Зат. Ал, жалған «Рабб», ол – Құдай емес. Оған құлшылық етілмейді. Яғни, Исламда күллі жаратылысты Жаратушы Хақ жалғыз. Ол – әрі Рабб, әрі Иләһ. Сондай-ақ, құлшылық етілетін Құдай және құлшылық етілмейтін Құдай деп бөліп-жаруға да келмейді.

ҚҰРАНДАҒЫ ӨЗГЕ ДЕ АДАСҚАН ТОПТАР ЖАЙЛЫ АЯТТАР

Ибн Тәймия және оған ергендердің, «Мүшріктер, тәухид Рубубияны мойындады, тек ғибадат тәухид Үлуһияда қателеседі. Сол себепті, пайғамбарлар адамдарды тек ғибадаттарында Аллаға ортақ қоспауға шақырды» деген көзқарастарының дұрыс еместігін төмендегідей адасуда болған қауым жайлы аяттардан да көре аламыз. Олар:

  • Алланың барлығын жоққа шығаратын дәһрия ағымы. Олар: «(Ақиретті жоққа шығаратын кәпірлер): «...Бізді тек заман ғана біржолата құртып, жоқ қылады», – деп көкиді» («Жәсия» сүресі, 24-аят) деген.
  • Алланың жалғыздығын мойындамай, жақсы және жаман болып бөлінетін екі Құдай бар дейтін, Сәнәуйя ағымы.
  • Жұлдыздарға табынып, қажеттіліктерін солардан сұрайтын Сабиа ағымы. Яғни, олар өмірдегі бақыттылық немесе бақытсыздық сияқты көп істерді жұлдызбен байланысты деп сенеді.
  • Аллаға қарсы шыққан Намруд және басқа перғауындар қауымын өздерін Құдай деп тануға шақырған. Олар туралы Құранда: «...Сонда ол: «Мен де (қалағаныма) өмір сыйлаймын әрі (қалағанымды) өлтіремін», – деді» («Бақара» сүресі, 258-аят), «Сонда Перғауын шонжарларына: «Уа, игі-жақсылар! Білуімше, сендердің менен басқа құдайларың болған емес!» («Қасас» сүресі, 38-аят) делінеді.
  • Араб мүшріктері туралы Құранда: «(Уа, Мұхаммед!) Міне, осылайша өзіңе уахи етілген кітапты Рахманға күпірлік келтірген қауымға оқып, түсіндіріп беруің үшін пайғамбар етіп жібердік...» («Рағд» сүресі, 30-аят) делінеді.
  • Үштік сенімінің дұрыс еместігі жайлы Құранда: «Сондай-ақ «Расында, Алла – үш құдайдың бірі» деп айтатындар да күпірлік қылды. Шынтуайтында, бір Құдайдан басқа құдай жоқ...» («Мәйда» сүресі, 73-аят) дейді.

Ислам дінінде ғибадаттың қабыл болуы үшін әуелі сенім дұрыс болу керек. Ал, тас құдайға немесе т.б. құдайларға сеніп, соларды разы етуді мақсат еткен адасудағы мүшріктердің көңілдерінде тәухид Рубубия сенімі орнықты, олар тек тәухид Үлуһияда қателесді деуге келе ме?! Әрине, жоқ. Қасиетті Құранда: «Олар, Алланы былай қалдырып, өздеріне зиян да, пайда да келтіре алмайтын нәрселерге табынады һәм: «Бұлар Алланың құзырында бізге ара түсер шапағатшымыз», – дейді.» («Юнус» сүресі, 18-аят) делінген.      

ПАЙҒАМБАР ХАДИСТЕРІ

Алла Елшісі (с.ғ.с) бір хадисінде, қабірде: «Раббың кім?...»[13] деп сұрақ қойылатыны ашық білдірілген. Яғни, хадисте періштелердің қабірге қойылған адамнан «Раббың кім?», - деп сұрайтындығы айтылып, «Рабб» сөзі Алла Тағалаға болған дұрыс сенімнің айғағы екендігін білдіріп тұр. Егер біз Ибн Тәймия және Мұхаммад ибн Абдулуаһһаб айтқандай, тәухид Рубубия мен тәухид Үлуһияны бөлек түсінетін болсақ, онда басқа діни мәтіндерде «Иләһің кім?» деген сөз де келуі тиіс еді. Демек, «Рабб» және «Иләһ» сөзі мағыналас терминдер болып ғибадат етілуге лайық болған жалғыз Жаратушыны білдіреді.  

Мұғауйя ибн Құрра өзінің әкесінен жеткізген бір хадисте: «Қадисия күні бір мәжуси (отқа табынатын) Мұғира ибн Шүғбаға: «Араб қабиласы сендерді бізге неге әкелгенін білдім. Сендер өз елдеріңнен қарындарыңды тойғызатын тамақ таба алмадыңдар. Сендерге біз қажеттеріңді өтерлік тамақ берейік, алыңдар...», - дейді. Мұғира оған: «Аллаға ант етейін, біз сендерге тамақ үшін келмедік. Біз тасқа, бұттарға табынатын халық едік. Бір тастан басқа бір жақсысын көрсек, әлгіні тастап жақсысын алатынбыз. Алла бізге елші жібергенге дейін Раббыны танымадық. Бізді Исламға шақырды, біз Оған ердік», - дейді»[14] делінген.

Аталмыш хадистерде, Ибн Тәймия және Ибн Абдулуаһһабтың: «...Олар, тәухид Үлуһия мен тәухид Әсма уәс-сипатты «Тәухид» түсінігінен бөліп тастады. Тек қана тәухид Рубубияны таныды» деп, пұттарға табынған бір қауымның көңілінде «Тәухид Рубубия» сенімі бар деудің қате екендігін ашық ұқтырады.

Қорыта айтар болсақ, Ибн Тәймия және Мұхаммед ибн Абдулуаһһабтың көзқарасы Әһлі сүнна уәл жәмәға ғалымдарының ұстанымына сәйкес емес. Неге десеңіз, олар (бүгінгі таңдағы өздерін сәләфиміз дейтіндер, яғни, уахабистер) көпшілік мұсылмандардың ұстанымын мәнсұқтап, әсіресе, өздерін мұсылман санайтындарды (Әшғарилер мен Матуридилерді) «тәухид Үлуһияны түсінбеді. Сондықтан, олар мен мүшріктердің арасында айырмашылық жоқ» деуге дейін барып жатады. Бұл дегеніміз, ғасырлар бойы Әшғари және Матуриди сенімі мектебін ұстанып келген әлем мұсылмандарымен бірге, қазақ халқын да адасты деу болып табылады.

Қазақ халқы, «Алла – жалғыз, аты – тоқсан тоғыз», «Кірсіз – ай, мінсіз – Құдай» және «Тағдыр – Тәңір ісі» деген сынды мақал-мәтелдеріндегі «Алла», «Құдай» және «Тәңір» сөздерін күллі жаратылыстың Жаратушы жалғыз Құдай деген мағынада ғана түсініп, өзгелерді кінәлап адастыға шығармай, Матуриди сенімін ұстанып келген халық. Бүйректен сирақ шығарып жүрген бір бөлім радикалды топтардың, «тәухидты үшке бөліп түсіну керек» деп, жүрген ұрандарының дәлелсіз екендігін Әһлі сүнна уәл жәмәға ғалымдарының «тәухидты үшке бөліп түсіну» тәсілмен еңбектерін жазбауы да соның бірден-бір айғағы болып табылады. Мұндай радикалды ағымдардың басты мақсаты дұрыс сенімді түсіндіру емес. Керісінше, елміздің тұтастығы мен халқымыздың бірлігін бұзу екендігін білген жөн.

                                                         Самет Оқанұлы

                                                               Исламтанушы


[1] Шарху Фықһил әкбар ли Әби Ханифа ән-Нұғман ибн Сәбит әл-Куфи (Имам Матуриди шарх жасаған), «Мағариф низамия» баспасы, Индия, Хадар-Абад. – 1321 һ. 440 бет.    

[2] Абдулғани әл-Ғұнайми әл-Мәйдани әл-Ханафи (1298 һ), Шарху Ақидату Тахауия әл-Мүсамма баябус-Сунна уәл жәмәға, «Дәрул басайр» баспасы, Қаһира. – 2009. 283 бет. 

[3] Әбу Мансур әл-Матуриди әс-Самарқанди (333 һ), Китәбут тәухид, «Мактәбәтул иршад» баспасы, Ыстанбул. – 2007. 537 б.

[4] Имам Әбу Мүғин Мәймун ән-Нәсафи әл-Матуриди, Тәбсиратул әдиллә фи ұсулид-дин, «Мәктәбатул әзһария лит-Тұрас» баспасы, Қаһира. – 2011. 2 том, 1306 бет.

[5] Шайх Жәмалуддин Ахмад әл-Ғазнәуй әл-Ханафидің, Китәбу ұсулуд-дин, «Дәрул бәшайрил исламия» баспасы, Бәйрут. – 1998. 366 бет.  

[6] Әт-Тадмурия ли Ибн Тәймия, 106-бет.

[7] Доктор, Омар Абдулла Камил, Әл-Инсаф фима усира хаулаһул хилаф, «Әл-Уабилус-Сайиб» баспасы, Қаһира. – 2011. 800 б. 237-бет; Минһажус-Суннә ли Ибн Тәймия, 2-том, 6-бет.

[8] Рисәлату әһлис-Суффа ли Ибн Тәймия, 34-бет.

[9] Кәшфу әш-Шубуһат ли Ибн Абдулуаһһаб, 3-10 бет.

[10] http://yerzhigitov.islam.kz/kk/post/uahabilik-salafizmnin-aqida-maselesinde-ote-manyzdy-bolgan-ush-negiz-kitabynyn-tolyq-syipattamasy-4263/#gsc.tab=0   

[11] https://galym.jimdo.com/33-Алладан-басқа-құдай-жоқ-таухидтың-калимасы/  

[12] Әш-Шайх Нұруддин Әли Қари, Дауул мәғәли ғәлә манзумати Бәдил әмәли, «Дәрул Бәйрути» баспасы, Димашық. – 2006. 199 бет. 54 б.

[13]Мүслим, 2871-хадис.

[14] Хаким фил Мустадрак, 5901-хадис.

Бөлісу: