21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Зікірді тәспімен жасау бидғат па?

Күдікпен күрес
Жарнама

Шектен шыққандар Алла Тағаланы көп зікір етуге тыйым салумен, адамдардың зікір жасауына кедергі келтірумен шектелмеген. «Уирдтерге»  және «хизбтерге»  тыйым салумен де тоқтамаған. Қарсылықтарын үдете түсіп, адамдардың Алла Тағаланы көп зікір етуде қолданып жүрген құралдардың соңына түскен.

Аталмыш құралдарға «бидғат»  және «адасушылық» деп үкім беріп, қолданылуына тыйым салған. Қолдан келгенін жасап, қаралауға, күйе жағуға күш салады. Сол тыйым салған құралдарының бірі - Алланы зікір етіп жүргендердің қолында, біз күнделікті өмірде көріп жүрген тәспі.

Төменде тәспінің мән-мағынасы мен тәспі арқылы зікір айтудың үкіміне тоқталатын боламыз. «Тәспі» деп зікір жасаушының санауына ыңғайлы етіп жіпке тізілген моншақтарды айтамыз. Демек, тәспіні зікір жасағанда санау үшін мұсылман кісінің қолдануына рұқсат. Әсіресе, кісі тәспіні қолданып санауда қателесуге жол бермесе де, қолданғаны абзал әрі дұрыс. Себебі, тәспі, кісі жүрегінің тек зікірге ден қоюына, ойының шоғырлануына септігін тигізеді. Шариғи тұрғыдан тәспіні қолдануға болатынын көрсететін әйгілі сахаба Сағд ибн Әбу Уаққас  (р.а.) жеткізген сахих хадис бар. Оның айтуы бойынша, ол Пайғамбарымызбен (с.а.с.) бірге бір әйелдің үйіне кірген екен. Әлгі әйелдің алдында зікір жасағанда қолданатын құрма дәндері немесе майда тастар жатыр екен. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Мен саған оңай болу үшін бұдан жақсысын немесе абзалын үйретейін бе?» деді. Артынша: «Алланың көкте жаратқанының санындай «Субханалла» , Алланың жерде жаратқанының санындай «Субханалла», жер мен көктің арасындағы жаратылыс санындай «Субханалла», Алланың енді жарататының санындай «Субханалла», соның санындай «Әлхамдулиллә» , дәл соның санындай «Аллаһу Әкбар» , дәл соның санындай «Лә иләһә илләлла» , дәл соның санындай «Лә хаулә уә лә қууәтә иллә билләһ » деп зікір айт» деді .

Хадиске көз жүгіртсеңіз Пайғамбарымыз (с.а.с.) әлгі әйелдің зікір еткенде «құрма дәнін» немесе «майда тастарды» қолдануына тыйым салмаған. Бар болғаны әлгі әйелге зікірдің ең оңайын және ең абзалын үйреткен. Ал, егер майда тастарды, яки қүрма дәнін зікір жасағанда қолдану «мәкрүһ» болса, Пайғамбарымыз (с.а.с.) үкімін міндетті түрде баяндар еді.

Аталмыш хадисті негізге алған фақиһтер зікір жасау барысында құралдар қолдануға рұқсат берген. Осылайша олар намаздан тыс зікірді қолмен, майда тастармен және тәспілердің алуан түрін қолдану арқылы жасауға ешқандай тыйым салмаған. Мысалы, жүрегімен зікір тарту немесе саусақ буындарын пайдаланып зікір тарту сияқты. Ал, намаз ішінде зікір құралдарын пайдаланудың үкіміне келсек, ол - мәкрүһ. Себебі, құралды пайдаланып зікір айту намазға қатысты іс-әрекеттерге жатпайды. Имам Әбу Юсуф  және имам Мұхаммед  парыз болсын, нәпіл болсын барша намазда қирағат сүннетіне және сүннетке сай амал ете отырып сүннетте келген дұғаларды оқудың шариғи тұрғыдан рұқсат етілгендігіне үкім берген.

Бұл мәселеге дәлел болатын хадистер жетерлік. Солардың бірі Қасым ибн Абдуррахманнан келіп жеткен мына бір хадис. Ол былай дейді: «Сахаба Әбу-Дарданың дорбаға салып жүретін құрма сүйектері болатын. Таң намазын оқығаннан кейін, Әлгі дорбадағы құрма сүйектерін шығарып, таусылғанша солармен зікір тартатын» .

Әбу Насра әл-Ғифари былай дейді: «Тафауа руының ақсакалы маған мынадай бір оқиғаны әңгімелеп берді: «Мәдинаға барғанымда сахаба Әбу һұрайраның үйіне түстім. Сахабалардың ішінде одан артық құлшылыққа берік және одан асқан қонақжайын көргенім жоқ. Бір күні мен жанында ал өзі төсектің үстінде отырған болатын. Жанында кұрма сүйектері немесе майда тастар салынған дорба бар еді. Ал, төсектің төменгі жағында қара түсті күң отырды. Әбу һұрайра дорбадағыларды шығарып тәспі тартты. Дорбадағы таусылғанда, дорбаны күңге ұзатты. Күң шашылғандарды жинап, қайта дорбаға салып, оның қолына ұстатты» .

Нуғайым ибн әл-Мұхаррар ибн Әбу һұрайра, атасы Әбу һұрайраның мың түйіні бар жібі болғандығын және атасының әлгі мың түйінді санап зікір жасамай көз ілмейтінін жеткізген .

Дәл осындай деректер Сағд ибн Уаққастан, Әбу Сағид әл-Худриден, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қызметшісі Әбу Сафиядан, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қызы, Хұсейн ибн Әли ибн Әбу Талибтің анасы Фатимадан және өзге сахабалардан риуаят етілген. Сондай-ақ, тәспімен зікір тартуға шарғи тұрғыдан ешқандай тыйым жоқ екендігіне қатысты еңбектер жазған ғалымдар да бар. Солардың бірқатары мыналар:

  1. Танымал ғалым, имам әс-Суюути «Әл- Минхату фис-субхати» атты еңбек жазған.
  2. Беделді ғалым, шейх Мұхаммед ибн Ғиллан әс-Сиддиқи «Иқадул-Масабих ли-Машруғияти иттихазил-мәсәбих» атты кітап жазған.
  3. Әйгілі ғұлама, имам әл-Ләкнауи «Нузһат әл- фикр фи субхат әз-зикр» атты шығарма жазған.

Бұл мәселе тайға таңба басқандай анық болса да, сенімді фиқһи мәзһабтардың көзқарасына тоқталуды жөн көріп отырмыз. Мәселен, шафиғи мәзһабы имамдарының бірі, имам Ибн Хажар әл-һайтамиден «Тәспінің сүннетте негізі бар ма әлде жоқ па?» деген сұрақ сұралған болатын. Ол былай деп жауап қайырған: «Иә, сүннетте негізі бар. Бұл жөнінде хафиз, имам әс- Суюти еңбек жазған. Дәлел болатын сахих хадистердің бірі сахаба Абдулла ибн Омардан (р.а.) жеткен. Ол былай дейді: «Мен Пайғамбардың (с.а.с.) зікірді қолымен санап отырғанын көрдім».

Сондай сахих хадистердің бірі Сафиядан (р.а.) жеткен: «Алла елшісі (с.а.с.) мен отырған үйге кіріп келді. Алдымда тәсбих тартқанда қолданып жүрген төрт мың құрманың сүйегі жатыр еді. Маған қарап: «Уа, Хуайдың қызы, мынау не?» - деп сұрады. Мен: «Тәсбих тартқанда қолданамын», - деп жауап бердім. Ол: «Сенің жаныңа келгелі бері, сенен артық тәсбих айттым», - деді. Мен: «Уа, Алланың елшісі! Маған үйретіңізші», - дедім. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Алла жаратқан барша нәрсенің санындай «Субханалла» деп айт», - деді.

Имам ибн Әбу Шайба, имам Әбу Дәуіт және имам әт-Тирмизи Пайғамбарымыздың (с.а.с.) былай деп айтқандығын риуаят етеді: «Уа, әйелдер жамағаты! Тасбих, тәһлил  және тәқдиске берік болыңдар. Салғырттық көрсетпеңдер. Әйтпесе таухидті ұмытасыңдар. Саусақтарды қолданып тартыңдар. Себебі, олар соған жауапты және қиямет күнінде тіл бітіп сөйлейді».

Зікірді, тасбихті майда таспен, құрма сүйектерімен және түйіні бар жіптер арқылы сахабалардың және одан кейін келгендердің тартқандығы туралы деректер жетерлік.

Имам әд-Дәйлами Пайғамбарымыздың (с.а.с.): «Зікір құралы ретінде тәспі қандай тамаша?!» деп айтқандығын риуаят етеді.

Кейбір ғалымдар тәспіден гөрі саусақпен зікір етудің абзалдығын алға тартқан. Сүйенген дәлелі - Абдулла ибн Омардан (р.а.) риуаят етілген хадис. Ал, кейбір ғалымдар бұл жайында түсіндіре келе былай дейді: «Егер кісі зікір айтқанда қателеспейтініне сенімі нық болса, онда саусақпен тартқаны абзал. Ал, сенімді болмаса, тәспі ұстауы дұрыс».

Ханафи мәзһабы имамдарының бірі, имам Ибн Абидин  былай дейді: «Тәспі қолданудың шариғи тұрғыдан еш әбестігі жоқ» деген сөз, зікір құралын білдіреді. Бұл сөздің (яғни тәспі) «әл-Бахр» , «әл- Хилия» және «әл-Хазаин» еңбектерінде араб тілінде қолданыстағы сөз екендігі көрсетілген. Әл-Әзһари оның туынды сөз екендігін айтқан.

Қолдануға болатындығына дәлел ретінде имам Әбу Дәуіт, имам ән-Нәсаий, имам Ибн Хиббан және имам әл-Хакимның  Сағд ибн Уаққастан (р.а.) риуаят еткен мына хадисті келтіруге болады: «Оның айтуы бойынша, ол Пайғамбармен (с.а.с.) бірге бір әйелдің үйіне кіреді. Әлгі әйелдің алдында зікір тарту үшін қолданып отырған құрма дәндері немесе майда тастар жатыр екен. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Мен саған, мынадан оңайлауын немесе абзалын үйретейін бе?» деді. Артынша хадисті тұтас толық нақыл етеді. Кейін былай дейді: «Қараңыз! Пайғамбарымыз (с.а.с.) тасты немесе құрма сүйектерін қолдануға тыйым салмаған. Бар болғаны зікірдің одан абзалырағын, оңайлауын көрсеткен. Егер шариғи тұрғыдан «мәкрүһ» іске жатса, Пайғамбар (с.а.с.) үкімін нақты білдірер еді. Алайда тәспі осы хадистің аясынан шықпаған. Тек құрма сүйектерін жіпке тізуді ғана қамтымаған. Бұл оған тыйым салатындай деңгейде әсер етпейді. Сондықтан сопы, тақуалардың және өзге де жандардың тәспі ұстаудың, онымен зікір тартып амал ету қажеттілігіне қатысты айтқан сөздерінде шариғи тұрғыдан ешқандай күнә жоқ. Дегенмен, тәспі ұстаудан «рия», яки «дабыра» туындаса біздің бұған айтар сөзіміз жоқ. Сондай-ақ, жоғарыдағы хадис мәтіні аз айтылса да айрықша зікірдің жекелеген зікірден абзал екендігін көрсетеді. (әл-Хилия және Әл-Бахрде солай айтылған)» .

Әш-Шауканидің бұл жөнінде айтқан керемет сөзі бар. Біз оны сол күйінде беруді жөн көріп отырмыз. Ол былай дейді: «Мына соңғы екі хадис, зікірді майда тастар және құрма сүйектері арқылы жасауға рұқсат берілетініне дәлел болады. Бұған тәспі де кіреді. Ал, оған Пайғамбарымыздың (с.а.с.) екі әйелдің де жасаған ісін бөліп-жармай құптауы және бұл істі теріс көрмеуі айғақ болады. Айта кетерлік бір жайт, зікірдің абзалырағын, яки оңай жолын көрсету зікірді ұсақ тастармен, яки құрма сүйектерімен жасалуының рұқсат екендігіне қайшы келмейді.

Бұл жайында келтірілген бірнеше шариғи дәлелдер бар. Солардың бірі ретінде һилал әл-Хаффардың еңбегінде Мұғтамар ибн Сүлеймен тізбегі арқылы, Пайғамбардың (с.а.с.) құлы сахаба Әбу Сафияның мынадай бір іс-әрекеті риуаят етіледі: «Әбу Сафияға отыратын кеспелтек пен ішінде майда тастары бар үлкен себетті әкеліп, жанына қояды. Ол тастарды қолдана отырып, жарты күн бойы зікір тартады екен. Намаз оқыған кезде себетті бір жаққа алып қойып, намаз оқып болған соң екінші жаққа көшіріп, күн батқанға дейін зікір тартады екен».

Имам Ахмад ибн Ханбал «Зуһд» атты еңбегінде мынадай бір риуаятты келтіреді. Юнус ибн Ұбайд анасының былай деп айтқандығын риуаят етеді: «Пайғамбар сахабаларының арасынан Әбу Сафияны көрдім. Қазынашы болатын және ұсақ тастармен зікір тартатын».

Имам Ибн Сағд  Хаким ибн әд-Дәйламнан мынадай бір дерек келтіреді: «Сағд ибн Әбу Уаққас ұсақ тастармен зікір тартатын». Имам Ибн Сағд әт-Табақат атты кітабында Фатима бинти Хұсейн ибн Әли ибн Әбу Талибтың түйілген түйіндері бар жіпті пайдаланып зікір тартатынын айтқан.

Абдулла ибн Ахмад  «Зәуәид әз-зуһд» атты еңбегінде Әбу һұрайраның мың түйіні бар жібі болғанын және соны тартып зікір етпестен ұйқыға бас қоймайтынын жеткізеді.

Имам Ахмад ибн Ханбал Қасым ибн Абдуррахманның былай деп айтқанын жеткізеді: «Әбуд-Дарданың дорбаға салып жүретін құрма сүйектері болатын. Таң намазын оқығаннан кейін, Әлгі дорбадағы құрма сүйектерін бір-бірлеп шығарып, таусылғанша санап зікір тартатын».

Имам Ибн Сағд атақты сахаба Әбу һұрайраның (р.а.) жиналған майда тастармен зікір тартатыны туралы деректі жеткізеді.

Имам Әд-Дәйлами «Муснад Әл-Фирдаус» атты кітабында сахаба Әлиден (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.а.с.): «Зікір құралы ретінде тәспі қандай жақсы нәрсе!» деп айтқаны туралы дерек келтіреді.

Имам Әс-Суюти «Әл-Минхату фис-Субхати» атты кітабында бірнеше хадисті келтіреді. Хадистердің көпшілігі оның «Әл-Мажмуғ фил-Фатауа» атты кітабынан алынған. Сөз соңында шейх әш-Шаукани былай дейді: «Сәләф» немесе «хәләф» ғалымдарының ешбірі зікірді тспімен санауға тыйым салмаған. Керісінше, көпшілігі тәспіні зікір тартуда қолданған және бастысы тәспі қолдануды шариғи тұрғыдан «мәкрүһ» деп санамаған».

Жоғарыда келтірілген дәлелдердің аясында зікірдің тәспімен тартылуының шариғи тұрғыдан мұстахаб екендігін көрдік. Сондай-ақ, адам зікір тартуда қателесуден қорықса, жүрегін зікірге шоғырландыру үшін және ойының бөлінбеуі үшін тәспіні қолданғаны абзал.

Алла - ең ұлық және Алла ең дұрысын біледі.

(Материал «Дінде шектен шыққандар» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: