19
Сейсенбі,
Наурыз

һижри

Қажылық-2018: Миссияның қорытынды есебі (ФОТО+ВИДЕО)

Қажылық-2018: Миссияның қорытынды есебі (ФОТО+ВИДЕО)

Ел іші
Жарнама

І. БАСҚАРУ-БАҚЫЛАУ ЖҰМЫСТАРЫ БОЙЫНША 

2018 жылдың басында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз Қажылық миссиясының құрамын бекітті. Серікбай қажы Сатыбалдыұлының бұйрығымен наиб мүфти Бауыржан қажы Әбдірашұлы Қажылық миссиясының төрағасы болып бекітілді. Ал ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев пен ҚМДБ Қажылық бөлімінің меңгерушісі Айдар Салқынбаев миссия төраға орынбасары болып тағайындалды.

Миссия жанынан Уағыз-насихат тобы (жетекшісі – ҚМДБ Аппарат басшысы Ғ.Мәжиев), Пәтуа беру тобы (жетекшісі – ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі С.Шоқанов), дәрігерлер тобы (жетекшісі – А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының қызметкері, хирург, анестезиолог-реаниматолог Д.Мұханұлы), Ақпарат тобы (жетекшісі – ҚМДБ баспасөз хатшысы А.Сыдықов) құрылды. Миссия құрамына ҚР Қоғамдық Даму министрлігі тарапынан Б.Дүйсебаев пен Ж.Дарханбаев енгізілді.

Миссия мүшелері екі топқа бөлініп, Қазақстан қажылары орналасқан Меккедегі қонақүйлерді аралап, отандастарымыздың жағдайымен танысты, олардың өтініш-тілектерін тыңдады. Тексеру барысында қажылардың денсаулығы, уағыз-насихат, түсіндірме жұмыстарының жүргізілуі, қонақүйдің асханасы, ондағы тазалық, жол-көлік тасымалының орындалуы, т.б. мәселелерге баса назар аударылды. Сонымен қатар ҚМДБ мен Қажылық министрлігінің қойған талаптарының орындалу барысы тексерілді. Кездесу кезінде 18 фирма жетекшілері мен дәрігерлеріне тиісті нұсқамалар мен тапсырмалар берілді.

 

ІІ.УАҒЫЗ-НАСИХАТ ЖҰМЫСТАРЫ БОЙЫНША

Қазақстан Қажылық миссиясы жанындағы Уағыз-насихат тобының ұйымдастыруымен қажылар арасында 237 рет кездесу өтті.

ҚМДБ Аппарат басшысы Ғ.Мәжиевтің «жүргізілетін уағыздар бірізді болуы тиіс» деген ұсынысына орай, ҚМДБ ұстаздары қажылықта айтылуы тиіс болған уағыз тақырыптарын таңдады. Ұсынылған тақырыптарды Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Шоқанов бекітіп, барлық уағыздар бірізді жүйемен айтылды.

Топ мүшелері күн сайын атқарылған іс-шаралардың есебін WhatsApp желісіндегі ортақ топқа жолдап, жүргізілген уағыз-насихат жұмыстарының күндік есебі дайындалып отырды.

Қажылық фирмалары арасында "Ансар круиз" (37 кездесу), "Тауаф травел" (23 кездесу), "Хидаят нұр" (23 кездесу) компаниялары белсенділік танытып, жоғары жұмыс нəтижесін көрсетті.

Атап айтқанда, Мекке мен Мəдинадағы қонақүйлер мен Мина шатырына орналасқан жерлестерімізге "Қажылық - теңдессіз құлшылық", "Арапа күнінің артықшылығы", "Дұға - мұсылманның қорғаны", "Уақыттың қадірі", "Қажылықтың рүкіндері мен шарттары", "Қабыл болған қажылықтың сыйы - жəннат", "Тауап жасаудың сауабы", т.б. тақырыптар бойынша уағыз айтылды.

Жұмыс барысында дəстүрлі емес діни көзқарастағы тұлғалардың үгіт жасауына жол бермеу мəселесі жіті қадағаланды.

 

ІІІ. ПӘТУА БЕРУ ЖҰМЫСТАРЫ БОЙЫНША

Қазақстан қажыларына 200-ден астам пәтуа берілді. Қажылыққа қатысты діни терең сұрақтар ауызша, жазбаша қойылды. Сонымен қатар, ватсап желісі арқылы да пәтуа сұрағандарға уақытылы жауап берілді. Сұрақтардың басым бөлігі ихрам хəлінен шығу, шайтанға тас ату, еттеккір жағдайында қажылық өтеу, тауап жасау, Мина мен Мұздалифа аймағында түнеу, намазды қысқартып оқу, т.б. қажылық рүкіндері мен парыздарына қатысты қойылды.

Пəтуа беру тобының жетекшісі Сансызбай Шоқанов пен Бауыржан Әлиұлы бұл сұрақтарға дер кезінде жауап берді.

IV.ЕМДЕУ-САУЫҚТЫРУ ШАРАЛАРЫ БОЙЫНША

Қазақстан қажылары менингитке қарсы екпе (вакцинация) салдырды. Отандастарымыздың денсаулығын ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан ұсынылған дәрігерлер тобы жіті қадағалады. Мекке мен Мəдина қаласында Қазақстан Қажылық миссиясының медициналық көмек көрсету орталықтары ашылып, аталған орталық отандық дəрі-дəрмектермен, жедел жәрдем көлігімен қамтамасыз етілді. 15 дәрігер медициналық көмек көрсету орталығында қажыларға тәулік бойы қызмет көрсетті.  

Биылғы қажылық маусымында Қазақстан Қажылық миссиясының дәрігерлері Мекке мен Мәдина қаласында 1960 отандасымызға алғашқы медициналық көмек көрсетті.

Тыныс жолдары аурулары (жедел респираторлық аурулар, баспалар, тонзилит, ларингит, фарингит, трахеит, бронхит) бойынша 650 адам дәрігерге қаралды.

Жарақаттар (терінің қажалуы, жұмсақ тіндердің соғылуы), буын аурулары бойынша 430 адам шағым айтты.

Тірек-қимыл жүйесінің аурулары (артрит, артроз, радикулит, омыртқа жарықтары, т.б.) 330 адамға алғашқы ем жасалды.

Жүрек-қантамыр жүйесі, асқорыту, ішек жолдары, несеп зәр шығару жүйесі, құлақ аурулары, аллергия бойынша 550 адам емделді.

Қажылық маусымы кезінде аса ауыр жағдайда науқастанған азаматтар болған жоқ. Кейбір қариялардың қан қысымы 220-ға дейін көтерілді. Оларға дер кезінде ем-шара жасалып, қан қысымын қалыпқа келтіру үшін тиісті алғашқы медициналық қызмет көрсетілді.

 

V.АҚПАРАТ ТАРАТУ ЖҰМЫСТАРЫ БОЙЫНША

Қажылық миссиясы Ақпарат тарату тобы 30-дан астам жаңалық таратты. «Асыл арна» телеарнасы, «КТК» арнасы арқылы тиісті мәліметтер мен түсініктемелер берілді. Тікелей эфир қосындары жүзеге асты. Қажылық маусымы кезінде күн сайынғы жаңалықтар мүфтият сайттарында, республикалық басылым беттерінде жарық көрді.

VI.ҰЙЫМДАСТЫРУ-ҮЙЛЕСТІРУ ІС-ШАРАЛАРЫ БОЙЫНША

Мекке қаласында Қажылық миссиясының төрағасы Бауыржан Әбдірашұлының жетекшілігімен ұлық сапарды ұйымдастыру-үйлестіру  жұмыстарына қатысты арнайы алқалы жиын өтті.

Жиналысқа Қазақстанның Жидда қаласындағы Бас консулы Талғат Шалданбай, ҚМДБ Аппарат басшысы, миссия төраға орынбасары Ғылымбек Мəжиев, Қоғамдық даму министрлігінің өкілі Бақытжан Дүйсебаев, қажылық компанияларының жетекшілері, жолбасшы (гид) мамандар, имамдар қатысты.

Жиында дәрігердің жұмысы, жолбасшы (гид) мамандардың қызметі, қонақүйлерде санитарлық талаптардың сақталуы, қажыларға түсіндірме жұмыстардың жүргізілуі, діни рәсімдердің дұрыс орындалуы, азаматтардың денсаулығы, жол-көлік қауіпсіздігі, т.б. мәселелер жан-жақты талқыланды.

Ресми жиналысты ашқан наиб мүфти Бауыржан қажы Әбдірашұлы фирма жетекшілеріне мүфтият пен Қажылық министрлігінің талаптарын ыждаһаттылықпен орындау қажеттігін жеткізді.

Өз кезегінде сөз алған Жидда қаласының Бас консулы Талғат Рақымқұлұлы қажылық сапарының ұйымдастыру жұмыстарына елшілік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.

Ал ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы фирма жетекшілері мен имамдарға дәстүрлі емес діни көзқарастағы тұлғалардың уағыз айтуына жол бермеуді тапсырды.

Қоғамдық даму министрлігінің өкілі Бақытжан Дүйсебаев та уәкілетті орган тарапынан қолдау көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.

Жиын соңында Қажылық миссия басшылары фирма жетекшілері мен имамдарға тиісті тапсырмалар берді.

Мекке қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораздың атынан 300 қажыға дастархан жайылды.

Іс-шараға наиб мүфти Бауыржан Есмахан, Қажылық миссиясының мүшелері, Қазақстанның Жидда қаласындағы Бас консулы Талғат Шалданбай, қажылық фирмаларының жетекшілері, уағыз-насихатқа жауапты имамдары, т.б. меймандар қатысты.

Алғашқы сөз алған ҚМДБ Төраға орынбасары Бауыржан қажы Əбдірашұлы Бас мүфтидің дұғай сəлемін жеткізіп, ізгі ниеті мен тілегін білдірді.

Бас консул Талғат Рақымқұлұлы қажыларға ұлы сапарда сабырлық пен төзімділік тіледі.

ҚМДБ Шариғат жəне пəтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай қажы Құрбанұлының əсерлі уағызы қажылардың жүрегін тебірентті.

Шара соңында ақсақалдар бата беріп, алғысы мен жылы лебізін жеткізді.

Мекке шаһарының іргесіндегі арапат аймағында Орталық Азияның дін ғұламалары мұсылман үмбетінің игілігі мен бірлігі үшін дұға жасады.

Іс-шараға Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, мүфти Османхан қажы Алимов пен Тəжікстан, Қырғызстан, Əзірбайжанның дін ғалымдары қатысты.

Қазақстан делегациясын бастап барған наиб мүфти, Қажылық миссиясының төрағасы Бауыржан қажы Əбдірашұлы Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың дұғай сəлемін жеткізіп, Орталық Азия елдері Діни басқармалары арасындағы əріптестік қарым-қатынас күн санап артып келе жатқанын тілге тиек етті.

Кездесу соңында дін қайраткерлері ортақ мүдде үшін ықпалдасып қызмет ете беруге уағдаластық жасады.

Қасиетті Меккеде Түркия Дін істері басқармасының ұйытқы болуымен мұсылман елдерінің дін қайраткерлері бас қосты.

Халықаралық жиынға 20-дан астам мемлекеттің мүфтилері, ғалымдары, елшілері, консулдары, уақып жəне қажылық қорларының жетекшілері қатысты.

Айтулы іс-шараға қазақстандық делегацияны Қажылық миссиясының төрағасы, наиб мүфти Бауыржан Əбдірашұлы бастап барды. Ол Түркия Дін істері басқармасының төрағасы Əли Ербашпен сұхбаттасып, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың ізгі тілегі мен дұғай сəлемін жеткізді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Меккеде дəстүрлі «Бір мезетте - бір тілек» дұға жасау шарасына өткізді.

Арапат аймағында өткен шараға 200-ден астам қажы қатысты.

Наиб мүфти, Қажылық миссиясының төрағасы Бауыржан қажы Әбдірашұлы бастаған дін қызметкерлері еліміздің игілігі,  халқымыздың амандығы мен тыныштығы үшін, сонымен қатар ұл-қыздарымыздың иманды, ибалы, инабатты болуын сұрап, дұға жасады.

Қажылық рәсімдерінің кейін қажылар Мәдина қаласында болып, пайғамбар мешіті мен қасиетті орындарды зиярат етті.

Парызын өтеу үшін қасиетті Мекке мен Мәдинаға аттанған 3000 отандасымыз елге дін аман оралды. 1 қыркүйекте қажылардың соңғы легі Шымкент әуежайына қонды.

Бөлісу: