29
Дүйсенбі,
Сәуір

һижри

Адам жаратылысына қайшы әрекет етуге тыйым

Адам жаратылысына қайшы әрекет етуге тыйым

Иман келтіру

«Олар (яғни, Мекке мүшріктері) Аллаға емес, әйел (атауларымен аталатын) пұттарға ғана сиынады, олар қасарысқан һәм күнә жасауда тым шектен шыққан шайтанға ғана құлдық ұрады.

Алла Тағала шайтанды лағынеттеді (рақымынан мақұрым етті). Сонда ол Алланың алдында: «Құлдарыңның бір бөлігін азғырып, міндетті түрде өзіме қаратып аламын. Оларды тура жолдан тайдырамын һәм құр үміттендіремін (яғни, бүкіл өмір әлі алда, мүмкіндігің барда ойнап-күліп қал деп алдап-арбаймын). Сондай-ақ, олар менің бұйыруыммен (пұттарға арнап) төрт түлік малдың құлағын кесіп ен салатын және (құлдарды пішіп, тәндерін нақыштап) Алланың жаратқанын өзгертетін болады», – деп ант ішті. Кімде-кім Алланың орнына шайтанды дос тұтса, анық зиянға ұшыраған болады» («Ниса» сүресі, 117-119-аяттар).

Әсмә (р.а.): «Бірде әлдебір әйел Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) келіп: «Уа, Расулалла! Қызым ойламаған жерде қызылша ауыруына шалдығып, шашы жидіп түсе бастады. Оның үстіне, оны жақында ғана ұзатқан едім. Қызыма басқа біреудің шашын жалғауыма бола ма?» – деп сұрады. Сонда Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Алла Тағала шаш жалғаушыға да, жалғатқанға да лағынет айтқан», – деді», – деген (Бұхари, либәс 85; Муслим, либәс 115).

Хумәйд ибн Абдуррахман (р.а.): «Мұсылмандардың әміршісі Мағауия (р.а.) ақырғы рет қажылық жасаған кезінде мінберге шығып, қасындағы қорғаушыларының бірінің қолынан бір уыс шашты алып: «Уа, мәдиналықтар! (Сендерді жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыятын) ғалымдарың кәне? Мен Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мына (жасанды шаш) секілді нәрселерге қатысты: «Расында, Исрайылұлдарының түбіне жеткен күнә істердің бірі – олардың әйелдерінің мынаны (жасанды шашты) қолданғандары болатын», – деп ескерткенін естіген едім», – деп айтты», – деген. (Бұхари, әнбия 54; Муслим, либәс 122).

Ибн Омар (р.а.): «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) шаш жалғаушыға да, жалғатқанға да, денеге сурет салушыға да, денесіне сурет салдырғанға да лағынет айтқан», – деп айтты. (Бұхари, либәс 83; Муслим, либәс 115).

Амр ибн Шуғайб әкесінен, ал әкесі өз әкесінен (р.а.) жеткізген хадисте: «Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Шаш пен сақалға түскен ақты жұлмаңдар, өйткені қиямет күні ағарған шаш пен сақал мұсылманның нұры болады», – деп айтты», – деген (Әбу Дәуіт, тәражжул 17; Тирмизи, әдәб 56; Нәсәйи, зинә 13).

Әбу Қатада (р.а.): «Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Қайсыбірің дәрет сындырса, оң қолымен ұятты жерін ұстамасын және оң қолымен тазаламасын. Сондай-ақ, су ішетін ыдыстың ішіне тыныстамасын», – деп айтты», – деген (Бұхари, удуу 19; Муслим, таһарат 63).

Әбу Һурайра (р.а.): «Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Қайсыбіріңнің аяқ киімінің бауы үзіліп қалса, үзілген жерін жалғап алмайынша, сыңар аяқ киіммен жүрмесін», – деп айтқанын естідім», – деген (Муслим, либәс 69).

Әбу Муса әл-Әшғари (р.а.): «Бір түні Мәдинада бір үй өртеніп, ішінде қалып қойған үй иелері түгелдей жанып кетеді. Бұл қайғылы оқиға жайлы хабар Алла елшісіне (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жеткенде: «От – сендер үшін тілсіз жау, сондықтан ұйқыға жатарда оны өшіруді ұмытпаңдар», – деп айтты», – деген (Бұхари, истизан 49; Муслим, әшрибә 101).

Масруқ (р.а.): «Бірде Абдуллаһ ибн Масғудқа (р.а.) жолыққанымызда, бізге: «Уа, жарандар! Кімде-кім бір нәрсені толық білсе, білгенін айтсын. Ал білмеген адам: «Алла біледі», – десін, өйткені білмейтін мәселеге қатысты Алла біледі деп айту – білімдарлықтың белгісі. Алла Тағала Пайғамбарына (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) адамдарға: «Мен, тура жолға шақырып, ақиқатты жеткізгенім үшін сендерден ақы сұрамаймын. Сондай-ақ, мен жасандылыққа салынып, өз білгеніммен жүрген адам емеспін» – деп айт», – деген болатын», – деді (Бұхари, тәфсирус-сура 30-38/3).

материал «Хадистер жинағы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: