21
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Сәждеде белім ашылып қалса, намазым бұзыла ма?

Сәждеде белім ашылып қалса, намазым бұзыла ма?

Намаз

Ең әуелі мынаны білу керек: Ер кісілердің ұятты (әурет) жерлеріне Ханафи мәзһабы бойынша кіндік пен тізе аралығы жатады. Кіндіктің өзі әурет боп есептелмейді, ал тізе – әурет[1]. Намазда әурет жерлері жабық болуы тиіс.

Ер кісінің намазда кіндік пен тізе арасындағы орналасқан әр ағзасының төрттен бірінен көбі ашылса, намазы бұзылады. Дәлірек айтқанда, кіндік пен қасаға түгі арасы (айнала есептегенде) өз алдына бір ағза. Тізе мен сан екеуі өз алдына бір ағза т.б.[2]  Ашылып қалған әурет жері бір рүкүн бойы, яғни үш тәспих уақыт бойы жабылмаған болса, намазы бұзылады[3].

Кіндіктен төменгі жағы деп, оның төменгі тұсынан есептегенде артқы жағы да (бел тұсы) айнала қамтылады[4]. Осыған сәйкес адамның бел[5] тұсы да намазда жабылуы тиіс жерлерге жатады.

Ендеше, намазда сіздің беліңіз кіндік пен қасаға түгі арасындағы аралықты назарға ала отырып есептегенде, төртте бірінен көбі ашық қалса және оны үш тәспих уақыт бойы жауып үлгермесеңіз, намазыңыз бұзылады. Мысалы, сәждеге барған кезде беліңіздің төрттен бірінен көбі ашылып қалса және оны «Сүбхана раббиял аълә» деп үш рет айтқанша жаппаған болсаңыз, намазыңыз бұзылады.

[1] Сарахси, Мәбсут – 10/145 бет; Маусули, Әл-Ихтияр – 1/148-бет.
Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір асыл сөзінде: «...Кіндіктен төмен және тізеден жоғарғы жерге қарамасын», – дей келе, кіндіктің әурет еместігін білдірсе (Әбу Дәуід, Либас – 4114), келесі бір сөзінде: «Тізе әуретке жатады», – деп, тізенің әуретке кіретіндігін баян еткен. Даруқутни – 878.
[2] Фәтәуә әл-Һиндия – 1/65 бет.; әл-Биная – 2/132 бет.
[3] Ибн Ғабидин, Раддул Мухтар – 2/82 бет.
[4] Ибн Ғабидин, Раддул Мухтар – 2/76 бет.; Бахрур Раиқ – 1/468 бет.
[5] Адам денесінің арқадан төмен, мықыннан жоғары жіңішке тұсы.

материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: