29
Жұма,
Наурыз

һижри

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі қалай қиратыла жаздады?

Ислам тарихы

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жергілікті архитектуралық дәстүрді жетік меңгерген парсы шебердің жобасымен салынған. Кесененің ұзындығы – 65,5 метр, ені – 46,5 метр, ал бас порталы – пештақтың екі жағындағы мұнараларын қосып есептегендегі ені – 50 метр, биіктігі – 40 метр. Орталық бөлмені айнала 35 бөлме салынған, олардың біріне Қожа Ахмет Ясауидің мүрдесі қойылған. Мұнда Ясауи кесенесімен бірге ХІІ ғасырға тиесілі үлкен қылует яғни, жерасты мешіті бар.

Сонымен қатар, Ясауи кесенесінің айналасында өзге де түрлі мазарлар бой көтеріп, уақыт өте бұл жер пантеонға айналған. Бүгінде жалпы көлемі 90 гектар жерді алып жатқан қорық-музейде XIV-XVI ғасырға тиесілі Сегіз қырлы кесене, XV ғасырда салынған Ұлықбектің қызы, Әбілқайыр ханның жұбайы Рабиға Сұлтан Бегімнің кесенесі, XVI-XVII ғасырда бой көтерген Шығыс моншасы, Түркістанды қазақтан алғаш билеген Есім хан кесенесі мен Жұма мешіті, одан өзге де сәулет өнерінің үздік ескерткіштері бар.

XVI ғасырда жазылған Рузбехан Исфаханидың “Михманнаме-и Бұхари” атты шығармасында ерекше ескерткіш орын тепкен бұл қала туралы: “Аса қасиетті Қожаның сағанасы орналасқан Ясы қаласы өрісі кең әрі құнарлы жер, Түркістан аймағының орталығы. Ясы қаласына тауарлар мен қымбат бағалы заттар жеткізеді де, сол жерде оларды сату басталады. Сондықтан ол көпестердің тең-тең жүктерін шешіп, саяхатшылар тобын ол елге аттандыратын орын болды”, - деп жазған. “Қасиетті” деген сөзден-ақ Қожа Ахмет Ясауиге деген құрметтің өзгеше екенін байқауға болады.

Түркістан шаһарының тарихында талай хан билік жүргізді. Әмір Темір ұрпақтарының бірі Махмұд хан, Бұхараның ханы Ғабдолла, кейін қазақтан алғаш Есім хан билеген. Есімнен соң оның баласы Жиһангер, одан кейін Батыр, кейін Тәуке хан болды. Тәукеден соң Қайып, сосын Тәукенің балалары Болат пен Сәмеке билік құрды. Ал Түркістанды билеген қазақтың соңғы ханы Абылай еді. Оның баласы Уәлидің билігі Түркістанға жүрмеген. 1785 жылы Түркістанды қазақ хандарынан Бұхарадағы Мір Шаһмұрад, кейін Ташкентті билеп тұрған Жүніс қожа алады. Жүніс қожа өлгеннен кейін қайтадан Бұхараға қарап қалған қаланы 1819 жылы жазда Қоқан ханы Ғұмар алып, 1864 жылдың жазына дейін биледі. ХІХ ғасырдың 60-жылдарында Түркістанда 20-ға жуық мешіт, 2медресе, базар, 22 су диірмені, 5 мыңдай тұрғын болғаны айтылады. 1864 жылдың 12 маусымында қаланы орыс полковнигі Веревкин басып алады. «Түркістанды орысқа бермейміз» деп Кенесары ханның баласы Садық төре қанша соғысқанымен, жеңіске жете алмайды. Төренің Түркістан үшін айқасуында үлкен мән бар еді. Өйткені өзінің арғы аталары, қазақты талай жыл билеген хандардың сүйегі дәл осында-тұғын. 1781 жылы қайтыс болған Абылай хан, 1740 жылы 5 сәуірде Ташкентте мешіт ішінде сарттар өлтірген Жолбарыс хан,  Әбілқайыр хан мен Кенесарының әкесі Қасым хан, арғынның атақты батыры Жәнібек те, Қаз дауысты Қазыбек би де осы кесене ішіне қойылған болатын. Бүгінде ғалымдар кесенедегі тізімде қазақтың 157 танымал тұлғасының жерленгенін, оның 21-і хан екенін айтуда.

Осындай талас-тартыс кесенеге кесірін тигізбей қалған жоқ. Тарих ғылымының докторы Мұхтар Қожаның жазуынша, Түркістан әкімінің 1846 жылғы Қоқанға қарсы әрекетін басу үшін қоқандықтар қорған айналасын, оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесін де ұзақ уақыт суға бөктірген. Ал 1864 жылы орыс әскерлері Түркістанды қоршауға алып, қаланы зеңбірекпен атқылағанда Ясауи кесенесі қайнаған соғыстың ортасында қалады. Ғимаратқа 11 зеңбірек тиіп, кесене қабырғаларына, күмбезіне зақым келеді. Өздері ерекше қадірлейтін Қожа кесенесіне қауіп төнген кезде жергілікті халық та қарап қалмады. Шырақшылардың бірі басын қатерге тігіп, жауып тұрған оққа қарамай мұнара басына өрмелеп шығып, ақ жалау көтереді. Оқ содан кейін ғана толастайды. Шырақшының сол әрекеті болмағанда, орта ғасырға тиесілі керемет жәдігерімізден айырылып қалуымыз да мүмкін бе еді, кім білсін...

материал «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: