28
Сенбі,
Қыркүйек

һижри

«Фатиха» сүресінің қасиеті жайлы хадистер

«Фатиха» сүресінің қасиеті жайлы хадистер

Ислам тарихы

1. Әбу Сағид Рафи ибн Муалла айтады:

«Бірде мешітте отырғанымызда, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) маған: «Сен мешіттен шықпастан бұрын, мен саған бір сүре жайында айтамын, ол – Құрандағы ең ұлы сүре», – деді де, қолымды ұстады. Кейін шыға бергенде, мен: «Уа, Алланың елшісі! Сіз маған: «Бір сүре жайында айтамын, ол – Құрандағы ең ұлы сүре» деп едіңіз», – дегенімде, Алла елшісі: «Әлхамду лилләһи раббил-аләмин. Бұл – маған берілген «әс-сәбғул-мәсәни» (қайталанатын жетеу) және «әл-Қуранул-азим» (ұлы Құран), – деді» (Бұхари, Тәпсір 1; Фәзәилул-Қуран, 9).

Түсініктеме: Бұл сүренің «әс-сәбғул-мәсәни» деп аталуының себебі бес уақыт намаздың әр рәкатында оқылуы, жеті аяттан құралатыны, екі рет (Меккеде, Мәдинада) түсуі, Аллаға мадақ, мақтау болуы, бұл үмбеттен басқаларға түспеуі және бұлардан басқа себептер болуы мүмкін.

2. Ибн Аббас былай дейді: «Бірде Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қасында Жәбірейіл періште отырғанда, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жоғары жақтан есіктің шиқылдаған даусына ұқсас дауысты естіп, басын көтеріп қарайды. Жәбірейіл: 

– Бұл осы уақытқа дейін ашылмай, тек бүгін ғана ашылып тұрған көк жүзінің есігі, – деді. Артынша сол есіктен бір періште түсті. Ол періште Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сәлем беріп былай деді:

– Сүйінші! Саған сенен бұрын келген ешбір пайғамбарға берілмеген екі нұр берілді. Бірі – «Фатиха» сүресі, екіншісі – «Бақара» сүресінің соңғы аяттары. Оларды оқығаныңда, әр әрпіне сауап беріледі, – деді (Мүслим, Мусафирин 254. Қосымша қараңыз: Нәсаи, ифтитах 25).

3. Бұл сүренің ұқсасы Тауратта да, Інжілде де, Забурда да, Фурқанда да жоқ (Ибнул-Жәузи, Задул-мәсири, I, 10; Құртуби, әл-Жамиғу лиахкамил-Қуран, I, 108).

  материал «Құран бағыштау (қысқа сүрелер, аяттар)» кітабынан алынды, 

ummet.kz


Бөлісу: