Имам Әбу Ханифаның ғалымдық тұлғасының қалыптасуы төрт факторға негізделді:
1) Сипаттары. Әбу Ханифаны көрген ғұламалар оның бойынан болашақ ғалымның бейнесін байқаған. Имам бастаған ісіне табандылықпен берілген. Шешіміне сенімді болған. Алысқа қарап ойланған. Дауға билік айтарда, алдымен, істің жайттерін анықтаған. Сезімдеріне ұстамды болып, нәпсісін бақылауынан шығармаған. Қарсы сөзді әрдайым жеңіл қабылдап, ақиқаттан ауытқымаған. Қарсыласының қатты сөзін «Аллаһым! Бізді күндеген адамдарға жүрегіміз әрдайым ашық» деп қабылдаған. Пәтуа беруінде ешкімнің көңіліне ермеген. Құран мен сүннеттің мәтіндеріне ғана, сондай-ақ сахабалардың пәтуаларына сүйенген. Мәселені зерттегенде мәтін мен істің де сыртқы мағыналарымен шектелмей, жайттерді есепке алып, алысқа қарап ойланған. Ақиқатқа жетуде ықыласты болған. Пікір таластырғанда ақиқатқа жетуден басқаны көздемеген. Өз пәтуасын ұстануды ешкімге міндеттемеген және оны ойлардың ең дұрысы деп пайымдамаған. Керісінше, адамдарға: «Біздің бұл сөзіміз – ойымыз ғана. Қол жеткізген ойларымыздың жақсырағы осы болды. Кім бұл сөзімізден жақсырағын әкелсе, онда оның сөзін ұстану лайықтырақ болады», – деп айтқан. Міне, осы аталған сипаттар Әбу Ханифадан үлкен фақиһты жасап шығарды.
2) Ұстаздары. Имам Әбу Ханифаның кішкентай күнінде біраз сахабалармен кездескені рас. Олар – Анас ибн Мәлик, Абдулла ибн Әбу Ауфа, Саһіл ибн Сағд (Аллаһ тағала оларға разы болсын). Бірақ кішкентай болғандықтан, олардан ешнәрсе жеткізбеген. Тарихшы ғалымдардың жеткізген нақты деректер бойынша имам үлкен табиғиндермен кездесіп, олардан дәріс алған. Табиғиндердің сахабалардан алған фиқһын үйреніп, біраз хадистер мен сахабалардың сөздерін жеткізген. Мұны имамның өз сөзі бекітеді: «Білім мен фиқһ бұлағында болдым және оның басындағы ғұламалармен отырдым. Нәтижесінде, Аллаһқа шүкір, сол бұлақтан сусынданған фақиһтардың біріне айналуым нәсіп болды».
Әбу Ханифаның үлкен ұстаздары: шейх Ата ибн Әбу Рабах пен шейх Нафи′. Ата ибн Әбу Рабах фиқһты Икримадан, ал Икрима Ибн Аббастан үйренген.
Ал Нафи′ фиқһты Ибн Омардан үйренген. Осылайша, имам Әбу Ханифа табиғиндер арқылы Омардың, Әлидің, Ибн Аббастың, Ибн Масғудтың және Ибн Омардың білімдерін мұраланады, Аллаһ тағала оларға разы болсын. Сонымен қатар имам пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әулетінен болған Зайд ибн Әли, Мұхаммед ал-Бақир, Жа′фар ас-Садық, Абдулла ибн Хасан ибн Хасан секілді тұлғалардың білімінен де хабардар тұғын.
Имам өз ғасырында бой көтерген түрлі ағым өкілдерімен кездескен, олардың көзқарастарымен, сөздерімен, келтірген дәлелдерімен танысқан. Олардың сөздерінде дұрыс болғанын алып, қате болғанын түзеткен.
3) Жеке ізденісі мен тәжірибесі. Имам Әбу Ханифаның өмірлік бағыты, білім ізденісі және мол тәжірибесі оның фақиһ ғалым болуына зор ықпалын тигізген. Білім іздеуімен қатар саудасын тастамаған. Ерте кезден саудамен айналысқандықтан бұл кәсіптің егжей-тегжейін және онымен байланысты ғұрыптар мен мәселелерді жақсы білген. Бұл тәжірибе оның муамалат
(қарым-қатынастар) саласындағы үкімдерді айтуына зор пайдасын әкелген. Ол Құран мен сүннет мәтіндерінен, сахабалардың пәтуаларынан, «қияс», «ғұрып», «истихсан», «жағдайларды есепке алу», «екі зиянның ең жаманын қақпайлау» секілді тәсілдерді қолданып, үкім шығара алатын мужтаһид дәрежесіне жеткен. Осы ыждағаттың нәтижесінде адамдарға фиқһты үйрететін жаңа мазһабтың негізін салды. Имамның тәлім беруде арнайы тәсілі болатын. Бұл тәсіл ұстаз бен шәкірттің ойлау жүйесін қоса арттыратын. Мәселенің үкімін бекітуде имам, алдымен, ол мәселені шәкірттерімен отырғанда ортаға салып талқылайтын.
Шәкірттерінің ойларын тыңдап, кейін өз ойын айтқан. Сөйтіп, осы талқылаудан барлығы келіскен түйінді ойды шығарған. Осы тәсілдің рухымен имамның және шәкірттерінің ілімі мен ойы үздіксіз дамыған.
4) Ғасыры. Имам Әбу Ханифа Үмауия мемлекетінің қуатты кезеңін де, құлдыраған кезеңін де, ал Аббасия мемлекетінің қуатты кезеңін ғана көрді. Үмауия мемлекеті кезінде елу екі жыл өмір сүріп, ғылыми дәрежесі кемеліне жетті. Ғұмырының қалған он сегіз жылын Аббасия мемлекетінде өткізді.
материал «Фиқһ іліміне кіріспе» кітабынан алынды,
ummet.kz