25
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

Сүннетті қалтқысыз ұстану және бидғаттан аулақ болу

Сүннетті қалтқысыз ұстану және бидғаттан аулақ болу

Ақида
Жарнама

Әбу Нажих Ирбад ибн Сария (Алла оған разы болсын):

«(Бір күні) Алла елшісі (с.а.с.) біздің жүрегімізге қорқыныш үрей әкелген, көзімізден жас ағызған уағыз-насихат айта бастады, сонда біз: «Уа, Алланың елшісі! Бұл қоштасып тұрған (адамның) уағыз-насихатына ұқсайды, ендеше бізге өсиет айт», – дедік. Ол (с.а.с.): «Сендерге өсиетім: аса Құдіретті де Ұлы Алладан қорқыңдар, басшыларың құл болса да оны тыңдаңдар және бағыныңдар. Сендерден кім (ұзағырақ) өмір сүрсе, ол көптеген таластартыстың куәсі болады, сондықтан сендер менің сүннетімнен және тура жолдағы шыншыл халифалардың сүннетінен айырылмаңдар және жаңалықтардан аулақ болыңдар, өйткені әрбір бидғат – адасушылық», – деді», – деген.

Хадистің маңыздылығы

Бұл хадисте Алла елшісінің (с.а.с.) өз сахабаларына және олардан кейін өмір сүретін барлық мұсылмандарға арнаған өсиеті бар. Бұл өсиет аса Құдіретті де Ұлы Алладан қорқуды және мұсылман басшыларды тыңдау мен бойсұнуды, сол арқылы дүниеде және Ақыретте бақытқа жетуді қамтиды. Сонымен қатар, Пайғамбарымыз (с.а.с.) егер үмбеті сүннеттен айырылмай тура жолмен жүріп, адасулар мен бидғаттардан аулақ болса, олардың құтылу мен тура басшылыққа жететіні күмәнсіз екені туралы өсиет берді.

 Хадисті және оның неге жөн сілтейтінін түсіну

1. Әсерлі өсиеттің сипаттары

Өсиет – ізгі кеңес және істің ақыры, яғни зардап-салдары туралы ескерту. Өсиет әсерлі де ұтымды болып, жүректерге жетіп, жан-дүниеге ықпал етуі үшін, мына талаптарды қанағаттандыруы қажет:

а) Тақырыпты таңдай білу.

Адамдарға өсиет айтып, үгіт-насихат жүргізу, оларға құлшылық және тіршілік істерінде пайдалы нұсқаулар мен ескертулер жасау, оларды үкімжазалармен таныстырып қана қоймай, осы өмірге жарамды болатын амалдар туралы әңгіме тақырыбын парасатпен әрі даналықпен таңдай білу керек.

Жұма күнгі немесе айт мерекелерінде айтылатын құтбалармен шектелу әдеті көптеген мұсылмандардың діндерінің хақиқи мән-мағынасынан, даңқ рухынан және өз нәпсілерімен күрестен бет бұруларына ықпал жасауы күмәнсіз. Сондықтан құтпа-уағыз үшін адамдардың жан дүниесіне бойлай енетін жалынды сөздер таңдап, мұсылмандардың белсенділігін арттыратын әрі Ислам және шынайы өмір мен осы заманғы өзекті мәселелердің арасын жалғайтын тақырыптарды жандандыру қажет.

Егер біз бұл істе табысқа жетуді қаласақ, Пайғамбарымыздан (с.а.с.) үлгі алуымыз керек. Ол өз сахабаларына тек қана белгіленген құтпа-уағыз кезінде ғана емес, Алла Тағаланың: «(Адамдарды) Раббыңның жолына даналық және көркем үгіт арқылы шақыр», – деген бұйрығына сай сәті туған кездің барлығында жалынды да әсерлі уағыздар айтатын еді.

ә) Шешендікпен уағыз айту.

Мақсат тұтылған мән-мағынаны түсіндіріп, оны тыңдаушылардың жүрегіне көркем түрде, құлаққа жағымды, жүрекке барынша әсерлі сөздермен жеткізу үшін шешендік керек. Алла Тағала: «Оларға үгіт жаса да, жандарына жететін (шешен) сөз сөйле», – деген. Осы хадистің басқа риуаятында Әбу Нажих (Алла оған разы болсын): «(Бір күні) Алла елшісі (с.а.с.) бізге шешен тілмен уағыз-насихат айтты», – деген.

ә) Уағыз-насихатты созбау.

Бас-аяғы ұзаққа созылған уағыз бен өсиет тыңдаушыларын жалықтырып, оның пайдасын жоғалтады. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) уағызы мен өсиеті қысқа да нұсқа, әсерлі болатын. Жәбир ибн Самура (Алла оған разы болсын): «Мен Пайғамбармен (с.а.с.) бірге (жиі) намаз оқитынмын. Оның намазы да, уағызы да бірыңғай орташа болатын», – деген.

Бір хадисте: «Алла елшісі (с.а.с.) жұма құтпасын еш уақытта созбайтын, (ондағы уағызы) аз ғана сөзден тұратын еді», – делінген.

в) Қолайлы жағдай мен ыңғайлы уақытты таңдау.

Осындай пікірді басшылыққа алған Пайғамбарымыз (с.а.с.) үнемі уағыз айта бермейтін, уақыт сәтіне қарайтын еді. Әбу Уаил: «Әдетте Абдуллаһ ибн Масғуд бізге әр бейсенбіде уағыз айтатын еді, оған бір адам: «Ей, Әбу Абдур-Рахман! Шынында да, біз сенің әңгімеңді ұнатамыз және оған ынтықпыз, бізге әр күні уағыз айтқаныңды қалар едік», – деді. Сонда ол: «Сендерге күн сайын уағыз айтуыма жалықтырып қоям ба деген ой кедергі жасайды. Расында, Алланың елшісі (с.а.с.) біздің жалықпауымыз үшін анда-санда ғана уағыз айтатын», – деді», – деген.

2. Табысқа жететін дағуатшының қасиеттері

Адамдардың немқұрайды бейғам көңілдері мен жан дүниесін, ұйқыдағы ар-ұятын оятатын әсерлі уағыз табысқа жете алатын дағуатшыдан шығады.

Мұндай дағуатшының жеке басы, сөздері мен жүріс-тұрыс, мінез-құлқы мына шарттарды қанағаттандыруы керек:

а) Тыңдаушылар оның сөздеріне толық сенуі үшін ол өз сөзіне өзі жантәнімен сенген болуы керек және сөздерін тыңдаушыларға жеткізуге өте ықыласты болуы қажет. Оның шын ықыласы мен берік сенімі дауыс ырғағынан, ішкі дүниесінің толқуынан және бет-бейнесінің өзгеріп тұруынан көрініп тұруы керек. Мұның бәрі уағыз кезінде жан дүние жағдайы өзгеріп тұратын Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннетіне сай келеді.

Жәбир ибн Абдулла (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.) адамдарға уағыз айтып, Қиямет күні туралы сөйлеген кезде: «Ертелі-кеш дұшпандардың шабуылын күтіңдер», – дегендей дауысын көтеріп, жанарлары қызарып, қатты қаһарланатын», – деген.

ә) Оның жүрегі жақсылыққа бастаушы, таза да сау-саламат, барлық нәжіс-ластықтан пәк және әр сөзі шын жүректен шығып басқалардың да жүрегіне жететін болуы қажет. Ал жүрегі мен ішкі дүниесі жасырын дертке шалдыққан адамның сөзі басқа адамдардың бір құлағынан кіріп екінші құлағынан шығып кететіндей әсерсіз, тіл ұшынан ғана шығады. Бірде Хасан әл-Басри Басра мешітінде уағыз айтып тұрған адамның сөздерін тыңдап, өзіне ешқандай әсері болмағанын сезініп, адамдар кеткен соң, әлгі адамға: «Ей, бері қара, не сенің жүрегіңде дерт бар, не менің жүрегімде дерт бар», – деген екен.

в) Дағуатшының сөздері оның іс-амалдарына сәйкес келуі тиіс, өйткені оның шешен сөздерін ұнатқан адамдар оның іс-амалдарына қарайтын болады. Егер оның сөздері іс-амалына сай болса, онда олар оған еліктеп ілесетін, үлгі алатын болады, ал егер оның сөздері іс-амалдарына қарамақайшы болса немесе өз айтқандарын немқұрайды орындайтын болса, адамдар арасында ол туралы теріс пікір қалыптасып, олар сырт айналатын болады.

Бір кісі: «Кім сөзбен уағыз жасаса, (онысы) зая кетеді, ал кім іс-амалымен уағыз жасаса, ол жеңіске (табысқа) жетеді», – деген екен. Адамды адасудан сақтап қалу үшін Алла Тағаланың сөздеріне жүгіну жеткілікті. Өйткені Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Өздерің істемейтін іс амалдарды неге айтасыңдар? Істемейтін істеріңді айтуларың Алла алдында үлкен ашуға себеп болады», – делінген.

материал «Имам ән-Нәуәуи таңдаған қырық хадистің шарқы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: