21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Ыбырай Алтынсарин: Хаж турасында

Ыбырай Алтынсарин: Хаж турасында

Күдікпен күрес
Жарнама

Хаж ету дегеніміз өмірде бір рет араб улайындағы[1] Мекке шаһарында болғушы Кағбатуллаһ, яғни, Аллаға құлшылық ететін үй деп аталған орынға барып зиярат ету[2].

Кағбатуллаһты Құдай тәбарак уә тағала Ибраһим пайғамбарға өзі бұйырып салдырымшы-дүр[3]. Жәбраил періштені жіберіп, Құдай тағала Ибраһимге бұйырды: «сал Кағбаны», - деп. Ибраһим әләйһис-сәләм: «Құдая, мен білмеймін Кағбаның орнының қайсы екендігін», - деді. Сол уақытында Жәбраил келіп бір жерден бөтен тасты көтерді, сол тастың жатқан орнына салмақ Құдай тағаланың әзәли[4] құдіреті еді. Мұнан соң Құдай тағала бұйырды «Меккеге жақын жердегі Турисина, Төр Зина, Хура, Лубнан, Жуди деген бес таудан тас келтіріп, Қағбаны сол тастарменен бина[5] қыл деп. Меккенің онан жақын жерінде де тас көп болса да, Құдай тәбарак уә тағала әлгі бес таудан тас келтіріп, Қағбаны салмаққа бұйырмақ. Себебі, Кағбаға соңғы уақыттарда жүзін ұрып тауәф[6] еткен, һәм бес намаз оқыған адамның сол бес таудың ауырлығындай күнәсі болса да күнәсін кешіремін дегенге ишарат үшін еді деп айтылады.

Қағбаны саларда Жәбраил періште тас кесті, бөтен періштелер кесілген тасты тараштап, тегістеп берді. Ибраһим пайғамбар баласы Исмағил әләйһис-сәләм ол тастарды тасып Кағбаның орнына келтірді. Ибраһим пайғамбар ол тастардан өзі қалап там жасапты. Тамды орнатарда төрт бұрышына төрт тас қойды. Бір бұрышына тас қойғанда «Субханаллаһ» деп, екінші бұрышына қойғанда «әлхамду лилләһи», үшінші бұрышында «ля иләһә илләллаһ», төртінші бұрышында «Аллаһу әкбәр» деп тасбих етті. Тамды салып болған соң Ибраһим пайғамбар Құдай тағалаға мінажат қылды «Алла, бұл үйді бізден қабыл ет» деп және дұға қылды: «ей, Құдайым, менің нәсілімнен бір пайғамбар шығар сенің бұйрығыңды, кітабыңды ғалимдерге үйретіп берсін, сен жалғыз ғазизымсың[7], хакимымсың[8].

Кәләм шәрифте былайынша айтылған (раббәнә уәбъас фиһим расулян йатлю әләйһим айатика уә йуғаллимуһумул-китәбә) уә тағала азалы құдіретінде біздің пайғамбарымыз Мұхаммед әләйһис-сәләмды Ибраһим нәсілінен һәм оның баласы Исмағил нәсілінен шығарды. Мұнан соң Құдай тағала бұйырды: «ей, Ибраһим, бұл салған Қағбаға хаж етуге халықты шақыр» – деп. Ибраһим айтты: «Құдая, мен жаңғыз бейшарамын, менің шақырған дауысым қанша халыққа естілер?».

Жарлық келді: «Шақырмақ – сенен, есіттірмек – менен», - деп. Мұнан соң Ибраһим Құрайшу тауына шығып (әйуһән-нәс инналлаһә тағала бәнә ләкум бәйтән уә әмәракум ән тәхажжуһ фахажжуһ) деп дауыстады. Мағынасы: «ей, адамдар, сіздерге Құдай тағала үй бина қылдырды һәм ол үйге хаж қылмаққа әмір етті, келіңіз, хаж қылыңыздар».

Бұл дауыс Құдай тағаланың бұйрығыменен жамиғ[9] халыққа түгел, хатта сол замандағы адамдардың болашақ замандағы өсіп-өнетін нәсіл, несіптеріне шейін естіліп, һәм бұлардың бәрі де жауап берді: (ләббәйкә ләббәйкә ля шәрикә ләкә ләббәйкә иннәлхамдә уән-ниғмәтә ләкә уәл-мулкә ля шәрикә ләкә) яғни «Ей, серігің, теңдесің жоқ Құдайым, қайым[10] қылармын сенің қызметіңді, қайым қылармын сенің қызметіңді, ей, серігің жоқ Құдайым мақтау да, дәулет те, мүлік те бір саған лайық» деген мағынада. Ғұламалар айтысыпты, сол уақытта Ибраһим пайғамбарға «ләббәйкә» деп жауап берген адамдардың өзі, яки болашақ адамдардың жаны уақытында хажға бармай қалмас, жауап бермегендер бара алмас» - деп.

Хаж парыз болады хисабқа малы жеткен, һәм хажға барып қайтқанша үй-жамағаттарының күн көрер ауқаты бар адамдарға, һәм парыз емес ұзақ жолды көтере алмайтын ауруларға, сатынды құлдарға немесе хаж жолында қатерлі жау, залымдар бар болса, не болмаса қатерлі дариялар болса да. Бірақ Жейһун мен бір қаладай сулар дарияға қосылмайды. Қағбатуллаға барып тәуәп ету күндегілік я болмаса жыл сайын міндетті амал емес, шамасы келген адам өмірінде бір рет барып қайтса, мойнынан парыз кәміл түседі.

Соның үшін бұл қысқа кітапта Қағбаға барған соң қалайынша хаж ету турасын жазбадық. Барам деп талап еткен кісі барудан бұрын немесе жол үстінде, я болмаса, Мекке шаһарының өз ішінде болса хаж етудің мәнісін сұрап-білмек қиын емес. Бірақ білмекке керек хаж уақыты – құрбан шалатын уақыт һәм құрбанның өзінде хажылар Мекке шаһарында шалады. Сол себепті әркім хажға барамын деп талап етсе, күн бұрын Мекке мен тұрған жерін шамалап құрбан уақытынан кейін қалмай жетісуге[11] тырысуға керек. Екінші Кағбатуллаға тауәф етуге барған адамдарға лайық, бұл арыз тауәфтан ғайри және пайғамбарымыз Мұхаммад Мұстафа салләллаһу әләйһи уә сәлләмның һәм шаһариярларымен сахабаларының да қабір шәрифтеріне зиярат ету. Пайғамбарымыз қабіріне зиярат ету хаждың парыз уәжибіне қосылмаса да барған хажылардың өз басына айра басқа бір сауапты суннат десіпті. Пайғамбарымыз қабірі Мәдина шаһарында, Меккеден түйе жүрісімен жеті күндік жол болса керек.

Мұсылмандарға жыл сайын зу-л-хижжа айының оныншы күнінде, яғни оразадан екі ай он күн өткен соң, құрбан шалу уәжиб. Кұрбан шалуда Ибраһим пайғамбар уақытынан бері мирас болды. Қисас-ул-әнбия кітабында айтылынады: бір күн Құдай тәбарак уә тағала Ибраһим пайғамбарға түсінде аян берді: «я, Ибраһим, құрбан қыл» деп. Ибраһим тұрып жүз түйе құрбан қылды. Екінші күн және аян берді: «Я, Ибраһим, құрбан қыл» деп, Ибраһим тұрып жүз өгіз құрбан қылды. Үшінші күн және аян болды: «Я, Ибраһим, құрбан қыл» деп. Ибраһим: «Я, Құдайым, нені құрбан қылайын», - деді. Құдай тағаладан аян болды: «Бізден бөтен сүйікті не жандығың болса, соны құрбан ет» деп. Ибраһим білді ол сүйікті баласы Исмағилға ишарат еткенін, һәм тұрып Ажар атты Исмағилдың анасына айтты:

– Бір құрметті достым Исмағилды қонаққа шақырыпты, шашын, басын жу, һәм таза киіндір, - деп.

Осылайынша әдемі киіндіріп, таза жуындырып болған соң Ибраһим Исмағилды қасына ертіп және бір арқан, бір пышақ алып, тауға қарай жүрді. Мұны көріп Ібіліс шайтанның сабыр-қарары қалмай Исмағилға келіп азғыра бастады:

– Атаң қолына арқан мен пышақ не үшін алды? Сені өлтіруге алып барады. Исмағил айтты:

– Ей, ақымак, еш уақыт есі бүтін ата жазықсыз өз баласын өлтіре ме?

Шайтан бөтен нандырарлық сөз таппаған соң, ақырында:

– Сені Құдай разылығы үшін құрбан етуге барады, - деді. Исмағил айтты:

– Егер Құдай разылығы үшін болса бір жаным түгіл жүз жаным болса да өлмекке разымын.

Мұнан тауы қайтып Ібіліс Исмағилдың шешесі Ажарға келді, катынды азғыру оңайырақ болушы еді ғой деп. Ажар да Ібілістің «балаңды өлтіруге алып кетті» дегеніне нанбаған соң, бұған да Ибраһим Құдай разылығы үшін Исмағилды құрбан етуге алып барады деді. Ажар да айтты:

– Егер Құдай разылығы үшін болса және жүз баламды шалуына разымын», - деп. Шайтан қапа болып қайтып Исмағилға келіп және азғырып қарап еді, Исмағил атасына дауыстады:

– Мынау бір адам жоқ сөздерді айтып тынышымды кетіре береді? - деп. Ибраһим айтты:

– Ол адам сипатындағы шайтан. Егер қасыңа жақындаса таспен ат.

Соның үшін ол жерлерде осы қалыпша тас ату бұл уақытқа қажыларға мирас болып қалды. Мұнан соң Ибраһим тау басына жетісіп отырып, пышақты тасқа ұрды һәм айтты:

– Ей, балам, сені түсімде бауыздап жүр екенмін. Исмағил айтты:

– Ей, ата, Құдайдың бұйрығы нешік болса, солай қыл. Сен Құдай разылығы үшін ұғылдан[12] кешсең, мен де жанымнан кештім. Досыңа берген уағдаңды орнына келтір, - деді.

Ибраһим жылай айтты:

– Ей, ұғлым, нешік сабыр етейін? Исмағил айтты:

– (Инша Аллаһ) Құдай тағала мені сабыр иелерінен еткей. Енді, ей, ата, тұр, кешке қалма, саған үш өсиетім бар: әуелі, қолымды қатты байла, жан ашуымен ұрынсам қаным сізге тимесін; екінші, бауыздарда жүзімді төмен қарат, бетіме көзің түсіп һәм аталық мейірің түсіп, бауыздарға келгенде қолың тітіремесін; үшінші, анама сәлем айт һәм қайда қара шашты жігіт көрсең, мені жадыңа түсіріп дұға қыл», - деді.

Ибраһим пайғамбар қабыл етті, тұрды, баласының қол-аяғын байлады, жүзін төмен салды, бірақ пышақпен Исмағилдың мойнына тартып қалғанда пышақ батпады. Ибраһим қатуланып және тартты және батпады. Үшіншіде бар күшін салып тартып еді, сонда да кеспеді. Ибраһим ашуланып пышақты лақтырып тастаған сағатында Құдай тағаладан үн келді (уә нәдәйнәһу ән я Ибраһим қад саддәқтәр-руъйа) яғни, «ей, Ибраһим түсіңді расқа шығардың. Сен сөзіңе жеткен соң, біз һәм саған сый жібердік (қаулуһу тағала) Тағаланың сөзі: (иннә кәзәликә нәжзил-мухсинина) «ал, бұл қошқарды құрбан ет балаңа амандық бердік» (уә фәддәйнәһу би-зибхин азымин) деп. Сол уақытта Жәбраил «Аллаһу әкбәр» деді, һәм бір қой келтірді. Мұны көріп Ибраһим (ля иләһә иллаллаһу уәллаһу әкбәр) деді. Исмағил: «(Аллаһу әкбәр уә лилләһил-хамду)», - деді. Соның үшін Құрбан айты күндерінде бұл такбирды айтушылардың күнәсін Құдай тағала жарылқар деген.

Құрбан шалу әрбір үй иесі, мүлік иесі адамдарға уәжиб. Мәселен, ер мен қатын, ата мен баланың нисабқа[13] жетерлік бөлек малдары болса, оларға да өз алдына құрбан шалу уәжиб. Құрбанды шалу рәсімі әркімге белгілі-ді. Бір кісіге бір жасқа толған бір қой союмен, сиырдың толық екі жасқа, яғни 24 айға толған, һәм түйенің бес жасқа толғанын жеті кісінің құрбаны үшін союмен уәжиб мойнынан түседі. Құрбан етін үш бөліп бір пәресін өзі жеп, бір пәресін көршілерін шақырып сыйлап, бір пәресін бейшараларға үлестіру мұстахаб. Ләкин, ол етті ешкімге бермей өзі үйі-жамағаттарымен жесе де дұрыс десіпті. Артығырағы пақырларды, көршілерді махрум қоймағандық болса керек. Құрбанға даярлаған мал аурулы, ақсақ болса жарамайды, Көруге қораш болуы һәм дұрыс емес. Малды жығып, аяғын байлаған соң (әғузу билләһи минәш-шәйтанир-ражим, бисмилләһир-рахманир-рахим) айтып, осы дұғаны оқырға керек:

(Аллаһуммә һәзә минкә уә иләйкә иннә саляти уә нусуки уә махяя уә мәмәти лилляһи раббил-аләминә ля шәрикә ләкә уә бизәликә умирту уә әнә әууәлул-муслимина Аллаһуммә тақаббәл хәзиһил-удхиятә)[14] пәлен-пәлен ұғылынан, (бисмилляһи, Аллаһу әкбәр) деп, бауыздап һәм ішінен айтарға керек:

«Алла, бұл құрбандықты біз бейшара пендеңнен қабыл ет. Алла, Ибраһим халилыңнан[15] қабыл еткеніңдей қабыл ет. Ей, Құдайым, егер әмірің болса, сенің ризалығын үшін өзімді де құрбан етер едім», – деп. Мұнан соң дүние сөзін сөйлеместен бұрын тез екі ракағат нәфил[16] намаз оқу керек, әр екі ракағатта бір рет «Әлхамду» һәм он рет «Құль хүуәллаһу» сүресін оқуы керек.

Парыз, уәжиб, суннат, мұстахабтар жалғыз жоғарыда айтылған иман, намаз, руза, зекет, хажда ғана емес, мұнан ғайри орындарда да көп. Оның үшін адамзатқа тиісті жақсылық істердің бәрі де қайсысы уәжиб, қайсысы парыз, қайсысы суннат, қайсысы мұстахаб болса керек. Бұлардың бәрін бір кітапқа жинамаққа мүмкін де емес Һәм бұл кішкене кітапта орын да жоқ.

Мәселен, патшалардың жарлығын орнына келтіру, һәм ата-ананы құрмет ету – қай кітапта парыз, қайсысында уәжиб һәм олардың қызметінде болмақ, ата-ана, қатын-балаға халалдан нафақа[17] тауып бермек, әлімдерге, жасы, жолы үлкен ұлыларға төменшілік ету, бөтендерді үйрету үшін оқу оқып, ғылым үйрену, құрбан шалу, пітір-садақасын беру, пақыр ағайындарға һәм көршілерге қарасу – бұлар уәжиб. Сырқаулардың көңілін сұрамақ, жасы үлкен һәм білімі артық ғалымдарға арнайы сәлем үшін бару һәм насихат сөздерін тыңдау, шақырғанға қонаққа бару, жолаушыға меймандос болу, әркіммен жұмсақ, жылы шыраймен һәм көңілге тимей сөйлесу – бұлар суннат, яғни пайғамбарымыздың әдет еткен істері һәм мінездері. Осы құлықта болған кісілерге пайғамбарымыз дүние ахыретте шапағатшы болар (уә Аллаһу ә`лям)[18].

(«Мұсылманшылықтың тұтқасы» кітабынан алынды)

Ummet.kz


[1] Араб уилайаты – мұнда араб елі, жері.

[2] Зиярат ету – бару, аралау

[3] Салдырымшыдүр – салдырыпты.

[4] Азали құдіреті – мәңгі құдіреті.

[5] Бина (бана) – салу, орнату.

[6] Тауәф ету – Қағбаны айналып жүру.

[7] Ғазиз, азиз – қымбатты, құрметті, аяулы, құдіретті, әзіз.

[8] Хаким – дана, данышпан.

[9] Жамиғ – барлық, бүкіл.

[10] Қайим қылу – орнына келтіру, орындау.

[11] Жетісуге – жетуге.

[12] Ұғыл – ұл.

[13] Нисаб – белгілі малдың, ақшаның мөлшері.

[14] (Аллаһуммә һәзә минкә...) – Ей, Құдайым, бұл сенен...

[15] Халил – сүйікті, ең жақсы көретін, дос.

[16] Нәфил намаз – қосымша намаз.

[17] Халалдан нафақа табу – адал мал табу.

[18] (Уәллаһу әғлям) – Алла жақсы біледі немесе бір Аллаға мәлім.

Бөлісу: