28
Бейсенбі,
Наурыз

һижри

Рамазан айының соңғы он күндігінің ерекшелігі

Ораза

Айша анамыз (родиял-лаһу ғанһа) айтады: «Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айлардың iшiнде Рамазан айында, әрiРамазан айының соңғы он күндiгiнде[1]құлшылықта ерекше ыждағаттылық ететін».[2]

«Рамазан айының соңғы он күндiгi кіргенде Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) мизарын[3] қатты буып,[4] түнін құлшылық етумен өткізіп әрі отбасына да соны бұйыратын».[5]

Бұл хадистер Рамазан айының соңғы он күндігінің ерекшелігін көрсетеді. Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) осы уақытта намаз, Құран оқу, садақа беру т.б. құлшылық түрін ерекше ыждағаттылықпен орындап, отбасына да соны бұйырудың мәнісі осында.

Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Рамазанның соңғы бөлігінің түнін құлшылықпен өткізуінің тағы бір себебі: тақ түндерінде Қадір түнін іздеу еді. Себебі: «Қадір түнін шын иман келтірген[6] әрі сауаптан үміттенген халде өткізген пенденің бұрын істелген күнәлары кешіріледі».[7]

Имам Тирмизи риуаят еткен хадисте Айша анамыз (родиял-лаһу ғанһа): «Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Рамазанның соңғы он күндiгiнде мешiтте өткiзiп: «Қадыр түнiн Рамазан айының соңғы он күндiгiнен iздеңдер»,–дейтін»,-деген.[8]

Соңғы он күндіктің ерекшелігіне Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Рамазанның үшінші бөлігінде иғтикәф еткені жатады.

Әбу Сағид Әл-Худри (родиял-лаһу ғанһу) айтады: «Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) алдымен Рамазанның бастапқы он күнінде, содан соң екінші он күндігінде иғтикәф етті. Бірде иғтикәф етіп жатқан шатырдан басын шығарып: «Мен Қадір түнін іздеп Рамазанның бастапқы он күнінде, содан соң екінші он күндігінде иғтикәф еттім. Кейін маған Қадір түні соңғы он күндігінде екені айтылды. Осы себептен менімен бірге иғтикәф етіп жатқандар соңғы он күндікте де иғтикәф етсін...»,-деді».[9]

Сахабалар да (родиял-лаһу ғанһум) Пайғамбарымызға (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) еріп иғтикәф ететін.[10]

Салман (родиял-лаһу ғанһу) айтады: «Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Шағбан айының соңында бізге: «Өте ұлы және берекелі Рамазан айы келе жатыр. Бұл айда мың айдан артық түн бар. Хақ Тағала Рамазан айының оразасын парыз етіп, түнгі намазды[11] сауап алуға себеп етті. Бұл айда ізгі амал істеумен Аллаһ Тағалаға жақындаған адам Рамазан айынан тыс уақытта парыз амалын істеген болады.[12] Рамазан айында парыз амалын орындаған адам басқа айда орындаған жетпіс парыз амалдың сауабын алады. Бұл – сабыр айы. Ал сабырлықтың сыйы – жәннат. Бұл – қайырымдылық айы.[13] Бұл айда мүминнің ризығы молаяды. Біреу ораза ұстағанды тамақтандырғаны оның күнәлары кешіріліп, тозақ отынан азат етілуіне септігін тигізеді. Әрі ол ораза ұстағанның сауабындай сауап алып, одан ораза ұстаушының сауабы кемітілмейді. Сонда сахабалар (родиял-лаһу ғанһум): «Уа, Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм)! Біздің әрбіріміздің ораза ұстағанды тамақтандыруға шамамыз жете бермейді»,-дегенде, Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Аллаһ Тағала, тіпті, бір құрма, бір ұрттам су немесе сүттің себебімен де сауабын береді. Бұл айдың бірінші бөлігі – Хақ Тағаланың рахметі, екінші бөлігі – кешірімі, үшінші бөлігі – тозақтан азат болу. Хақ Тағала Рамазан айында құлына кеңшілік еткен адамның күнәсін кешіріп, оны тозақтан азат етеді. Рамазанда төрт істі көбейтіңдер. Оның екеуімен Раббыларыңды разы етсеңдер, екеуі сендерге міндетті. Раббыларыңды разы ететін екі іс: «Хақ Тағаладан өзге тәңір жоқ»,-деп куәлік ету және көп истиғфар айту.[14] Істелуі міндетті болған екі амал: Хақ Тағаладан жәннатқа кіргізуін сұрап, тозақтан пана тілеу. Ораза ұстағанға су бергенді Хақ Тағала Қиямет күні менің хауызымнан сусындатады. Кейін ол жәннатқа кіруге дейін шөлдемейді»,-деді».[15]

Осы жерде бұл хадисті келтірудегі мақсат: назарыңызды Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Рамазанда төрт істі көбейтіңдер. Оның екеуімен Раббыларыңды разы етсеңдер, екеуі сендерге міндетті. Раббыларыңды разы ететін екі іс: «Хақ Тағаладан өзге тәңір жоқ»,-деп куәлік ету және көп истиғфар айту. Істелуі міндетті болған екі амал: Хақ Тағаладан жәннатқа кіргізуін сұрап, тозақтан пана тілеу»,-деген сөзіне аудару.

«Жер айтып жеткізбесін» демекші, өмірімізде Қаншама күнә істедік? Қанша намазымыз бен оразамыз қаза болды? Тағысы тағы бар. Ал енді Жаратушы Иенің рақымы мен мейірімі ерекше жауған қасиетті Рамазан айында тәубеге келіп күнә-кемшіліктеріміз үшін кешірім сұрамасақ, «лә иләһә илләл-лаһ» кәлимасын көп айтып иманымызды жандандырмасақ, Раббымыздан бізді жәннатқа кіргізіп, тозақ азабынан аман етуін тілемесек, не болғаны? Бұл біздің тағы бір кемшілігіміз бе, әлде жетістігіміз бе?!

Пайғамбарымыз Мухаммад (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Менің сахабаларым жұлдыз тәрізді. Олардың қайсысына ерсеңдер де, тура жол табасыңдар»,-деп[16] сипаттаған сахабалар (родиял-лаһу ғанһум) Рамазан жақындаған сайын қуанып, біткен кезде: «Рахмет айы аяқталды»,-деп өкінетін.

Бұл Пайғамбарымызды (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) жан-тәнімен жақсы көрген, дін үшін аштық пен жоқшылыққа сабыр еткен, сахараның шыжыған ыстығында кәпірлермен жалаң аяқ жүріп шайқасқан, Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) «Ислам діні» атаулы аманатын бізге ұшақ, теледидар, газет арқылы емес, мыңдаған шақырымды жаяу жүріп, жолда түрлі қауіп-қатерді бастан кешіріп жеткізген, «мұсылман», «үммет» десе жүрегі елең еткен сахабалардың (родиял-лаһу ғанһум) Рамазан айын құрметтеуінің белгісі.

Ал біз осы айтылғанның барлығын бастан өткермей-ақ, тым болмаса Жаратушы Иеміз бізге нәсіп етіп тұрған мүмкіндікті жіберіп алмасақ еді-ау!

Имам Тирмизи Ибн Аббастан (родиял-лаһу ғанһу) риуаят еткен хадисте пайғамбарымыз Мухаммад (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Аллаһ Тағаланы сендерге нәсіп еткен нығметтері үшін жақсы көріңдер»,-десе,[17] Ибн Ғатауллаһ: «Әрбір сәтте сен Хақ Тағаланы жақсы көріп, Оған шүкіршілік етуіңді міндеттейтін нығмет нәсіп болып жатады. Тиісті сәтте етілмеген шүкіршіліктің қазасын өтеу мүмкін емес. Себебі, келесі мезетте басқа нығмет үшін шүкіршілік ету міндеті туындайды»,-деген.[18]

Имам Замахшари «нығмет» сөзіне түсініктеме беріп айтады: «Нығмет» деп адам баласы өз қажетіне пайланатын нәрсені айтады. Аллаһ Тағала бүкіл әлемді, ол бір жәндік, не болмаса басқа жаратылыс болсын, нығмет етіп жаратқан».[19]

Жаратушы Иенің: «Шүкiршiлiк ету үшiн Аллаһ Тағаланың сендерге нәсіп еткен нығметтерін санасаңдар, санына жете алмайсыңдар»,-деген сөзі осыны меңземей ме?![20]

«Дауд пайғамбар (ғаләйһис-саләм): «Уа, Раббым! Маған нәсіп еткен ең аз нығметің жайында айтшы»,-дегенде, Хақ Тағала оған: «Дем ал!»,-деп уахи етті. Дауд пайғамбар (ғаләйһис-саләм) дем алғаннан кейін, Аллаһ Тағала: «Саған нәсіп еткен ең аз нығметім осы»,-деді».[21]

«Бір құдайшыл пенде Аллаһ Тағалаға елу жыл бойы құлшылық етті. Күндердің күнінде Аллаһ Тағала оған: «Күнәларыңды кешірдім»,-деп уахи еткенде,[22] пенде: «Күнә істемесем, не үшін кешіресің?!»,-деді. Сонда Хақ Тағала оның мойын тамырындағы қанды бір мезетке жүргізбей қойып, соның себебінен пенде ұйқыдан айырылып, құлшылық ете алмай қалады... Кейін жағдайына шағымданғанда бір періште келіп: «Сенің елу жыл бойы құлшылық еткенің сол тамырдан қан жүрмей қалған мезетке тең келеді»,-дейді».[23]

Расында да адам баласы Жаратушысы оған берген нығметтің саны мен түрін тізіп бере алмас! Осыдан соң сол нығметтің шүкіршілігін өтеу жайында не деуге болады?! Сондықтан болар Әл-Жүнәйд: «Шүкіршіліктің ақиқаты – Аллаһ Тағалаға шүкіршілік етудегі әлсіздігің»,-деген.[24]

Әш-Шилби айтады: «Шүкіршілік дегеніміз, ол – құдайшылдық, ізгілік істеудегі табандылық, нәпсіге қарсы тұру».[25]

Имам Талқ ибн Хабиб айтады: «Хақ Тағаланың бергені пенделердің шүкіршілік еткенінен басым. Аллаһ Тағала нығметінің саны көп болғаны соншалық, пенделері оның санына жете алмайды. Сондықтан да әлсіздіктеріңе тәубе еткен еткен халде таң атырып, кеш батырыңдар».[26]

«Мұса пайғамбар (ғаләйһис-саләм): «Уа, Раббым! Саған қалай шүкіршілік етсем болады?»,-деп сұрағанда, Хақ Тағала: «Мені есіңе алып, ешқашан есіңнен шығарма. Мені есіңе алғаның, Маған шүкіршілік еткенің, ал ұмытқаның күпірлік еткенің»,-деді».[27]

«Дауд пайғамбар (ғаләйһис-саләм): «Уа, Раббым! Саған шүкіршілік еткенімнің өзі Сенің маған берген нығметің болса, Саған қалайша шүкіршілік етсем болады?»,-дегенде, Аллаһ Тағала: «Уа, Дауд! Міне, енді Маған шүкіршілік еткен болдың»,-деді».[28]

Жоғарыда Хақ Тағаланың нығметі мен шүкіршілік жайында әңгіме етуіміздің мәнісі: өмірде басы бір мәрте болса да сәждеге тимеген, бір күн болса да ораза ұстамаған, тіпті, жәннаттың кілті және пенде жәннатқа кіруінің кепілі болған: «Лә иләһә илләл-лаһ»,-кәлимасын айтпай кеткен қаншама жан бар? Ал енді адам баласының қысқа ғана бір мезетте бір мәрте дем алғаны нығмет болып, артынша Хақ Тағаланың басқа нығметы нәсіп болып жатса, біз мұсылман болып, намаз оқып, ораза ұстағанымыз, тұжырымдап айтқанда иманды болып, Жаратушы Иеміздің разылығына лайық болып жатқанымыз үлкен нығмет емес пе?! Осының шүкіршілігін қалай өтейміз? Әрине, тек Аллаһ Тағаланың талабына сай құлшылық етумен!

Сондықтан да берекелі Рамазан айының әрбір мезетін, әсіресе осы соңғы он күнін пайдасыз іс пен мәнісі жоқ сөзден аулақ болып, Ақыретіміз үшін барынша пайдалы етіп өткізейік, құрметті халайық! Аллаһ Тағала осы тілегімізді қабыл еткей! Әмин!

Абдуссамад Махат

 

 



[1] Рамазан айының соңғы он күндігінде құлшылықта ерекше ыждағаттылықтағы мақсат: Рамазанның соңғы үшінші бөлігіндегі түндерді құлшылықпен өткізу. («Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир»)

[2]хадисті Айша анамыздан (родиял-лаһу ъанһа) Имам Муслим риуаят етті. («Сахиху Муслим»)

[3] мизар – белге орап, төменгi жақты жауып тұратын жапқыш.

[4] «мизарды қатты буу» – құлшылықтағы ыждағаттылық пен әйелімен жақындасудан бас тартудың белгісі. («Сахихүл-Бухари»)

[5] яғни, отбасын түнде құлшылық еткенге ынталандыратын. («Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир»)Хадисті Айша анамыздан (родиял-лаһу ъанһа) Имам Бухари риуаят етті. («Сахихүл-Бухари»)

[6] яғни, намаз оқу, Құран оқу, зікір т.с.с. құлшылық түрлерін орындаумен. Хақ Тағала Қадір түні сауап нәсіп ететіне сенген халде. («Тухфатүл-Ахуази»)

[7]хадисті Әбу Һурайрадан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Муслим риуаят етті. («Сахиху Муслим»)

[8]«Тухфатүл-Ахуази».

[9]хадисті Әбу Саъид Әл-Худриден (родиял-лаһу ъанһу) Имам Муслим риуаят етті. («Сахиху Муслим»)

[10] «Мажәлису шаһри Рамазан».

[11]яғни, тарауих намазын.

[12] яғни, басқа айда істелген парыз амалдың сауабын алады.

[13] яғни, аштықты сезіну арқылы кембағалдарға жанашырлық ету айы.

[14] яғни, күнәсі үшін Хақ Тағаладан кешірім сұрау.

[15]хадисті Салманнан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Ибн Ән-Нәжжәр риуаят етті. («Канзүл-Ъүммәл»)

[16]«Тухфатүл-Ахуази».

[17]«Сунәнут-Тирмизи».

[18]«Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир».

[19]«Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир».

[20]«Нәхл» сүресі, 18 аят.

[21]хадисті Әбу Әйюбтен (родиял-лаһу ъанһу) Имам Байһақи риуаят етті. («Әд-Дурүл-Мансур фит-тафсири бил-ма`асур»)

[22]хабар бергенде. Яғни, күнәлары кешіргенін білдіргенде.

[23]хадисті Уаһб ибн Мунаббиһтен (родиял-лаһу ъанһу) Имам Байһақи риуаят етті. («Әд-Дурүл-Мансур фит-тафсири бил-ма`асур»)

[24]«Әл-Жәмиъу ли әхкәмил-Құран».

[25]«Әл-Жәмиъу ли әхкәмил-Құран».

[26]«Мухтасару тафсири Ибни Кәсир».

[27]«Мухтасару тафсири Ибни Кәсир».

[28]«Әд-Дурүл-Мансур фит-тафсири бил-ма`асур». Дауд пайғамбардың (ъаләйһумус-саләм) шүкіршілік мәселесінде өзінің әлсіздігін мойындағаны, қандай істе болмасын пенде Хақ Тағаланың жарылқауына мұқтаж  болатынын, Жаратушы Иенің құдіреттілігі мен өзінің дәрменсіздігін мойындағаны болып табылады.

Бөлісу: