07
Сейсенбі,
Мамыр

һижри

Халал мен харамның жеке тұлға мен қоғамға әсері қандай?

Халал мен харамның жеке тұлға мен қоғамға әсері қандай?

Ислам тарихы

Адал асқа қатысты айтылған аят, хадистерден болсын, алғашқы кезеңдегі мұсылмандардың (сәләфу салихин) сөздерінен болсын түсінетініміз, адамның жеген асының халал не харам болуы жеке тұлға мен қоғамның рухани келбетіне әжептәуір әсер етеді деп айтуға болады.

Шах Уалиуллаһ әд-Диһлауи бұл жайлы: «Дененің және мінез-құлықтың өзгеруіне ең күшті әсер ететін нәрсе – тамақ» деу арқылы ас-судың маңызына назар аудартқан. Ислам ойшылы, әйгілі тарихшы Ибн Халдун өзінің «Муқаддима» атты еңбегінде тамақтанудың адамның мінезі мен іс-әрекетіне әсерін тамаша мысалдармен келтіре отырып, жақсы түсіндірген.

«Муминун» сүресіндегі бір аяттан халал һәм таза тағам тұтыну мен ізгі іс жасаудың арасында нәзік байланыс бар екендігі меңзеледі: «Уа, пайғамбарлар қауымы! Адал, таза һәм пайдалы ас-судан жеп-ішіңдер, әркез игі істер істеңдер. Мен еш шүбәсіз, сендердің не істеп, не қойып жүргендеріңді білемін» («Муминун» сүресі, 51-аят). Аятта пайғамбарларға айту арқылы, барша мұсылмандарға қарата халал һәм таза ризықтан жеу және ізгі істерді жасау бұйырылып тұр. Тәпсірші ғалымдар халал ризық жеудің ізгі іс істеуден бұрын айтылуын негізге ала отырып, ізгі іс жасаудың адал ризық жеуге байланысты болатындығын айтқан. Бұдан біз адал аспен қоректенбеген адамның ізгі іс жасауы қиын болатындығын түсінеміз.

Жоғарыда келтірілген аяттардан түсінетініміз: Алланың адам баласына арнап жаратқан тағамдар мен сусындардың халал һәм тазасын тәрк етіп, харам һәм жиіркеніштілерін тұтынғанда адам шайтанның жолына түсіп, тақуалық шеңберінен шыға бастайтыны және нығметтердің қадірін білмей, Аллаға деген иманының өзіне сызат түсетіні, мұндай жағдайда жеке тұлға болсын, қоғам болсын шектен шығып, күнә мен бүлікке жол ашылатыны ақиқат. Себебі, Ұлы Жаратушы көптеген аятта тарту еткен ризықтардан халал һәм тазасын жеуді бұйырғаннан кейін, шайтанның соңына ермеуімізді ескертеді («Бақара» сүресі, 168-аят; Әнғам сүресі, 142-аят), тақуалық шеңберінен шықпауымызды («Мәида» сүресі, 88-аят; Әнфал сүресі, 69-аят), егер тек бір Аллаға құлшылық жасап жүрген болсақ, Оған шүкір етуімізді («Бақара» сүресі, 172-аят; Нахыл сүресі, 114-аят) және жер бетінде бүлік шығарып дандайсымау керектігін («Бақара» сүресі, 60-аят; Таһа сүресі, 81-аят) бұйыруы, сонымен қатар Өзіне иман етіп, құлшылық жасауымызды ескертуі секілді мәселелер адал аспен қоректенудің қаншалықты маңызды екендігін білдірсе керек.

Бұған қоса, ардақты Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) харам аспен қоректенген кісінің дұғасы қабыл болмайтындығын ескерткен. Ұзақ жолдан шаршаған, шашы ұйпа-тұйпа, үсті-басы шаң, топырақ кісі қолын көкке көтеріп: «Уа, Раббым! Уа, Раббым!» деген бір жолаушыны тілге тиек етіп, оның жағдайын былай түсіндіреді: «Бұл жолаушының жегені харам, ішкені харам, кигені харам және (нәтижеде тұтас) хараммен қоректенген. Мұндай адамның дұғасы қалайша қабыл болсын?!»

Тақуа кісілер халал не харам астың адамға тигізер әсерін сан қырынан түсіндірген. Мәселен, Саһл ибн әт-Тустари былай дейді: «Сыддықтардың белгісін өзінің бойынан көргісі келген кісі адалдан басқа нәрсе жемесін және тек сүннетке сай амал етсін»; «Кімде-кім харам ас жейтін болса, оның ағзалары да Құдайдың бұйрығына қарсы әрекет жасайтын болады. Ол қаласа да, қаламаса да осылай болады. Мұны оның өзі білмеуі де, білуі де мүмкін»; «Мүмін адамның бойында мына төрт қасиет болмайынша, ол шынайы иманға қол жеткізе алмайды: парыздарды сүннеттерімен қоса орындау; күмәнді тағамдардан сақтану арқылы тек адал аспен қоректену; тыйым салынған нәрселердің анығынан да, күмәндісінен де тыйылу; өмірінің соңына дейін аталмыш нәрселерді орындауда сабыр ету».

Шах Шужағ әл-Кирмани бұған қатысты былай деген: «Тыйым салынған нәрсеге қараудан көзін сақтаған, нәпсісін тежеген, әрдайым мурақаба (өзін-өзі бақылау, тексеру) сезімі арқылы руханиятын, сүннетті берік ұстану арқылы сыртқы әрекетін бақылауда ұстаған және адал аспен қоректенуді әдетке айналдырған адамның зеректігі жоғалмайды».

Бұған қоса, Абдулла ибн Аббас асқазанына харам ас түскен адамның намазын Алла тағаланың қабыл етпейтіндігін айтса, Ибраһим ибн Адхам биік дәрежелерге жету үшін асқазанға түскен асқа бақылау жасау керектігін айтқан. Ал Фудайл ибн Ияз асқазанына не түскенін білетін адамды Алла сыддықтардың қатарына қосатынын айтса, Яхья ибн Муаз былай дейді: «Итағат (мойынсұнушылық) – Алланың қазыналарының бірі. Ал ол қазынаның кілті – дұға, ал ол кілттің тістері – адал ас».

Имам Ғаззали тақырыбымызға қатысты алғашқы ізгілердің сөздерін жеткізген: «Кейде адамның жүрегі жеген нәрселерінің әсерімен теріс айналады және иленген терінің жиырылып бүрісіп қалғаны секілді бүрісіп қалады да содан әуелгі қалпына келе алмайды»; «Біз тек адал астан жейміз. Сол себепті жүрегіміз туралықты қалап тұрады, жанымыз жайлы күйде болады, сонымен қатар періштелер әлемінен хабардар болып, ақирет әлемін көре білеміз».

Тақырыбымызға қатысты аят, хадистер мен қатар үлкен ғалымдар мен тақуа жандардың харам асқа қатысты айтқан сөздері мен іс-әрекеттерінен ұғынатынымыз, харам һәм күмәнді асты тәрк ету көркем мінез-құлыққа жетудің, тақуалыққа қол жеткізудің және Ұлы Жаратушыға жақын болудың ең басты шарттары болып табылады.

материал «Адал астың артықшылығы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: