24
Жұма,
Мамыр

һижри

Сауапты жоқ қылатын іс

Сауапты жоқ қылатын іс

Ислам тарихы

Ислам діні адамдар үшін ненің пайдалы, ненің зиянды екенін толыққанды баян етеді. Қалай екі дүниеде бақытты болуды баяндаумен қатар, қандай амалдар адам баласын өмір жолында зиянға ұшырататынын ұғындырып отырады. Адамдарды зиянға ұшырататын әрбір мұсылман адам сақтануы тиіс амалдардың бірі – риякерлік.

«Риясыз көңіл», «риясыз сезім» дегенді сирек те болса, естімеген қазақ жоқ шығар. Шынайы, таза дүниелерге қаратыла айтылатын осы тіркестің мәнін біреу білсе, біреу білмес. Бұл жердегі «рия» араб тілінен енген кірме сөз. Бұл сөздің тілдік қорымызда өте аз қолданылатыны да осы себептен болуы керек. Алайда, сирек қолданысына қарамастан өте маңызды мәселені білдіретін діни термин.

Рия –  діни жоралғыларды Алла Тағаланың ризалығы үшін емес, адамдарға көрсету үшін жасау. Яғни, құлшылықтарды, діни талаптар мен тыйымдарды Алланы разы қылу мақсатында емес, айналасындағы адамдарға көрсетіп абырой табу, мәртебесін көтеру сияқты қандай да бір бас пайданы көздеп жасауды айтамыз. Бірауыз сөзбен айтқанда, көзбояушылық жасау деп түсінсеңіз де болады. Сондықтан да, бұл терминнің баламасы ретінде ел арасында «қожа көрсін» деп те айтылады.

Рияның жаман амал екені туралы Құран Кәрімде баяндалады. Айталық, «Бақара» сүресінің 264-аятында:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تُبْطِلُوا صَدَقَاتِكُم بِالْمَنِّ وَالْأَذَىٰ كَالَّذِي يُنفِقُ مَالَهُ رِئَاءَ النَّاسِ وَلَا يُؤْمِنُ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ ۖ 

«Әй, мүміндер! Аллаға, ақирет күніне сенбей, адамдарға көрсету үшін мал сарып қылған кісідей, садақаларыңды міндет қылу, ренжітумен жоймаңдар» дейді.  Бұл аятта адамдарға көрсету мақсатында мал сарып қылған кісінің амалы жойылатынын байқаймыз. Яғни, Алла Тағаланың ризалығы үшін жұмсамай, түпкілікті ниеті адамдар алдында жомарт атану, адамдарға жақсы көріну мақсатында жасаған амал «рияға» жатады. Бұл аятта аталмыш амалдың жойылатыны байқаймыз.

Ал, «Ниса» сүресінің 38-аятында:

وَالَّذِينَ يُنفِقُونَ أَمْوَالَهُمْ رِئَاءَ النَّاسِ وَلَا يُؤْمِنُونَ بِاللَّهِ وَلَا بِالْيَوْمِ الْآخِرِ ۗ وَمَن يَكُنِ الشَّيْطَانُ لَهُ قَرِينًا فَسَاءَ قَرِينًا

«Олар сондай Аллаға, ақырет күніне сенбей малдарын адамдарға көрсету үшін жұмсайды. Ал біреудің сыбайласы шайтан болса, ол жаман сыбайластық» деу арқылы бұл амалдың қандай жеккөрінішті екені баяндалады.

Хадис мәтіндерінде де бұл амалдың өте жаман екені тілге тиек етіледі. Әуіс ұлы Шәддәт жеткізген хадистің бірінде Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

‏إِنْ أَخْوَفَ مَا أَتَخَوَّفَ عَلَى أُمَّتِي الْإِشْرَاكُ بِاللهِ أَمَا إِنِّي لَسْتُ أَقُولُ يَعْبُدُونَ شَمْسًا وَلَا قَمَرًا وَلَا وَثَنًا وَلَكِنْ أَعْمَالًا لِغَيْرِ اللهِ وَشَهْوَةً خَفِيَّةً. ‏

«Үмбетімнің Аллаға серік қосып кететінінен қатты қорқам. Бұл сөзіммен мен олардың айға, күнге немесе пұтқа табынып кетулерін меңзеп тұрғаным жоқ. Мені қорқытқаны – олардың Алладан басқаға жасаған амалдары мен жасырын қалаулары еді» деп айтқан (Ибн Мажәһ, Зуһд, 2).

Мына бір хадис те осы мәнді білдіреді:  Күндердің бірінде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!):

–     Сендерді ойлап, қатты қорқатыным – кіші серік қосу еді, – депті. Сонда жанындағылар:

–     Иә, Расулулла! Кіші серік қосу дегеніңіз не? – деп сұраған екен Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мынадай жауап берген екен:

–     Рия деген амалдарды сырт көзге көрсету үшін жасау. Қиямет күні адамдар өз амалдарының игілігін көріп жатқанда, Алла Тағала рия жасаған кісіге «дүние тіршілігінде амалдарыңды адамдарға көрсетуге құштар едіңдер ғой! Көрейік, олардан көмек таба алар ма екенсіңдер» дейді (Хадисті Ахмад жеткізген).

Бұл хадистерде рияның зардабы сөз болып, тіпті, бұл жаманшылықтың кіші серік қосу екені баяндалады. Сонымен қатар, бұл баяндаулардан рияның амалдардың сауабын жоятын зиянкес екенін аңғарамыз.

Олай болса, қандай амал жасалса да, шынайы ниетпен жасалғаны абзал. Бастысы, көзбояушылық пен адамдар алдында жақсы аттану, атақ-абырой күту сияқты өз басының ғана қамы үшін емес, Алла Тағаланың ризалығын табуды мақсат тұтудың маңызы айрықша.  

Мамлюк Мусаев,

«Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінің наиб имамы

Бөлісу: