15
Сәрсенбі,
Мамыр

һижри

Мүмін-мұсылманның дүниеге көзқарасы қандай болады?

Мүмін-мұсылманның дүниеге көзқарасы қандай болады?

Ислам тарихы

Ислам – екі дүниенің бақытына жетелейтін асыл дін. Адамның ақылы, денсаулығы, еркіндігі, күш-жігері дүниеге жұмсалғандай көрінгенімен, мұсылман баласы үшін ниетіне қарай ақыретіне табыс әкеледі.

Хазіреті Әлиге (Алла разы болсын) өлімнен кейін қайта тірілуді, қиямет күні есеп беруді, жәннат пен жәһаннамды жоққа шығаратын кісі жолығады. Ел арасында «ілім қақпасы» атанған ардақты сахаба хазіреті Әлиді (Алла разы болсын) сөзден жықпақ болып:

– Ей, Әли! Осы сендер өлімнен кейінгі өмірге иман келтіресіңдер. Ал біз болсақ мұндайларға еш сенбейміз. Сен жәһаннамнан құтылып, жәннатқа кіру үшін көп-көп ғибадат жасайсың, қала берді мал-дүние жұмсайсың, осының барлығында әжептеуір қиыншылық көресің. Осыншалықты қиналу дұрыс па? Сен айтқандай өлімнен кейін қайта тірілу болмай қалса, онда қайтпексің?! – дейді.

Хазіреті Әли (Алла разы болсын) имансыз адамның сауалын үнсіздікпен тыңдады да, оған қарап:

– Жақсы, өлімнен кейін қайта тірілу, есепке тартылу, жәннат немесе жәһаннам сен айтқандай жоқ делік. Алайда біздің сенімде бұлардың бәрі бар. Алдымен сенің айтқаныңды дұрыс деп көрелік. Өлімнен кейін ақырет күні жоқ болса, сені мен біздің халіміз бірдей болмақ. Пайда саған да, маған да жоқ. Бұл дүниеде жүріп Алла үшін оқыған намаздарымыз, жасаған құлшылық-ғибадаттарымыз, жасаған жақсылықтарымыз, әдебіміз, берген зекетіміз бен садақаларымыз бізге пайда әкелмесе, ешбір зиянын тигізбейді, – деді. Сөйтті де:

– Бірақ, біздің айтқанымыз дұрыс болып, ақырет бар болса, ол кезде сенің халің не болмақ? – деп өзіне тосыннан сауал тастады. Әлгі кісі хазіреті Әлидің төтеден қойған сұрағына кәдімгідей тосылды. Сәл кідіріп:

– Алланың атымен ант етемін! Екі жағдайда да, сөзсіз, сен үшін пайда бар. Егер сен айтқандай ақырет бар болса, менің халім нендей өкінішті! Өзің жүрген тура жолды маған үйрет, мен де мұсылман болайын, – деп иманға келді.

Орта жол деген – дүние мен ақыретті тең ұстау. Ал таразының бір жағына басымдық беру келеңсіздіктерге әкеп соғады. Сондықтан сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ең жақсыларың – дүниесін ойлап, ақыретін ұмытпаған, ақыретін ойлап, дүниесін ұмытпаған, екеуіне де көңіл бөлген адам», – деп айтқан.

Мүмін-мұсылманның дүниеге көзқарасы қандай болады? Оның жауабын Құраннан табамыз. Қасиетті Құран бізге бір ұшы дүние тіршілігіне, екінші ұшы ақырет амалына байланған өмір бейнесін көрсетіп береді:

«Сондай-ақ олардың ішінде: «Уа, Раббымыз! Бізге осы дүниеде жақсылық бере көр! Ақыретте де жақсылық бере көр және тозақ отынан сақтай көр!» – деп жалбарынатындар бар» («Бақара» сүресі, 201-аят).

Пайғамбарымыз (с.ғ.с): былай дейді: «Сендердің жақсыларың – ақыреті үшін дүниесін, дүниесі үшін ақыретін тастап қоймай, екеуін де қатар алып жүргендер. Асылында, дүние – ақыретке жеткізуші себеп. Адамдарға салмақ салып, масыл болудан сақтаныңдар!»

материал «Уақыт және сен» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: